Жаңалықтар

Жанкент және оны зерттеушілер!

Ертедегі Жанкенттің алғашқы археологиялық зерттеу жұмысы шығыстанушы П.И.Перхтің есімімен байланысты. Оны Совет тарихшысы А.Ю.Якубовский «ХІХ ғасыр жүз жылдығының талантты шығыстанушы» деп атаған.
19.06.2014 10:50 5378

Ертедегі Жанкенттің алғашқы археологиялық зерттеу жұмысы шығыстанушы П.И.Перхтің есімімен байланысты. Оны Совет тарихшысы А.Ю.Якубовский «ХІХ ғасыр жүз жылдығының талантты шығыстанушы» деп атаған. 

Жанкент және оны зерттеушілер!
1860 жылдан орыс археологиялық қоғамына мүше болған П.И.Перх 1867 ж. Қоғам атынан Жанкент және Сырдария өзені аймағындағы қалалар сілемдерін зерттеуге жіберіледі. Бұл Жанкенттің орыс ғалымдарына танылуының бастауы болатын. 
Жанкенттің зерттелу тарихы жайлы арнаулы мақала жазған Совет дәуірінде - Өзбекстан ғалымы Р.Н.Чабров. оны 1957жылы жаз айында П.И.Перхтің Жанкентті зерттеуіне 90 жыл толуына байланысты жазады. 
Ғалым Чкалов облыстық тарихи архивінен (қазіргі Орынбор архиві) Перх экспедицичсына қатысты іс – қағаздарын тауып, ол қалай болғанын жан – жақты ашып көрсетеді.
«Рор І жанындағы Сырдария өзенінің арғы бетіндегі салынған белгісіз қала қирандыларының ашылуы жайлы» деп аталатын істің беті 1867 ж. Ревральда П.И.Пашиноным Орынбор генерал – губернаторына жазған рапортымен басталады. Ол Түркістан аймағын зерттеуге шетел ісі министрлігінің азиялық департаментінен зерттеуге жіберілген – ді. Рапортында ол Жанкент жайлы жаңалықты алдын – ала анықтауға тілек білдіріп, ескерткіш сілемдері ғылыми тұрғыдан көңіл аударарлық болуы мүмкін деп хабарлайды. 
Осы сияқты ертедегі Жанкенттің хабарын газеттерден оқысымен, архелогиялық комиссияның председателі граф Сергей Строганов 1867 ж. 1 мартта Орынбор генерал – губернаторына хат жолдайды. Онда ашылған ескі жұрттың маңыздылығын, сол өлке жайлы деректерде тиіп – қашты мәлімет барын баяндап, оны зерттеуді сенімді адамға тапсырып, бүліншілікке ұшырауына жол бермеуді сұрайды. Табылған ескілікті заттардың комиссияға тапсырылуын өтінеді.
Осылайша Жанкентті зерттеу ісі Петербург университетінің титулды кеңесшісі Перхке 2000 сомдай ақша беріліп, тапсырылады. Зерттеушінің көмекші қызметкері ретінде ротмистр М.Капитонович Приоров белгіленеді.
Шебер типограф М.К.Приоров зерделі шолу жасаған: «Бүгін 21 июньде Перх екеуміз Жанкент қаласының орнын қарап шықтық. Ол Сырдарияның сол жағалауында І форттан 20 шақырым, ол жағалаудан 6 шақырым жерде жатыр. Тұрған жерін тікенек пен шөпшек басып кеткен төбеден ескі цитадельдің бейнесі көтерілген, одан шығысқа, солтүстікке, батысқа құмды төбелер бой тартқан. Азиялық цитадельдерге тән қорған төрт бұрышты, биік дуалдармен қоршалған. Қорған қабырғалары жалпақ үйменің үстіне орналасқан. Оңтүстік жағындағы қабырғалар біршама жақсы сақталған. Мұнараларының біріне – бірі жақын орналасқаны көрініп тұр және де бір қамалдың мылтық ататын тесігі сол қалпында. Тағы да цитадельдің үш қабырғасы бүгінде төбе- төбе болып бір – біріне жалғасып жатыр. Салыну құрылысына қарағанда, шығыс және батыс жақтарындағы дарбазаларының іздері көрінеді. Төбешік болған үйінділерге қарамастан, ескі құрылыстар, көшелер орнын анықтауға болады. Цитадель маңындағы бақ пен басқа үлкен ағаштардың орнына суарылатын арықтарында шөп пен қамыстар өскен.
Одан әрі ескі құрылыстар орынын үйінді топырақтар басқан. Олардың көбісі қырғыздар тарапынан қалай болса солай қазылып тасталған. Бөлмелердің кірпіш қабырғаларының қалдығы ашылып жатыр. Кейбірі түркістандық көзді әшекей, жылтырақ әдемі сылақтар – қалың сазды алебастермен көмкерілген құрылыс небір иілген кірпіштермен қаланған. Мүмкін қазба жұмыстарында олардың іргетастары да ашылар. Өйткені қырғыздар құрылыс астын қопара алмаған. Жұмыс істейтін қырғыздар жалданды. Перх және мен бүгіннен бастап – ақ дәл цитадель ішіндегі ең биік қорғанда аршу және қираған хромдар, қабырғалар күмбезін, барлық көзге көрінетін өрнектерін бірте – бірте суретке салу көзделіп отыр».
Приоровтың рапортына қарағанда бұл игілікті жұмыс келесі июль айының ортасынан әрі аспайды. Ал зерттеудің қортындысы П.И.перхтің «Түркістан өлкесіне 1867 жылғы археологиялық сапар» атты кітабында айтылады. Ол 1870 ж. Петербургте жарық көрген еді. 
Жанкентте ішінара жүргізілген қазба нәтижесі қандай? Ол ескі қаланың ХІҮ – ХҮ ғасырлардағы тіршілік еткен мәдени қабатын ашады. Онда түрлі түсті өрнекті құрылыс әшекейлері, кірпіштер және 
Алтын Орда кезеңінің күміс, мыс теңгелері табылған. Аршылған құлпытастың бірінде бір адамның 1363 жылы шілдеде қайтыс болғаны жазылыпты.
П.И.Перх қаланы археологиялық орны төрт шаршы жерді алып жатқанын анықтайды. Ол Жанкент – Сырдария өңіріндегі шағын ғана қала, оның тұрғындары зәбір көрмей-ақ қамалдарын тастап кеткен деп жорамал жасайды.
Р.Н.Чобров Перхтің Жанкент жайлы зерттеулерін талдай отырып, автордың Жанкент туралы жазылған Ж.Тепендордың «Орынбордан Бұхараға сапар» атты 1826 жылы француз тілінде жарық көрген еңбегін пайдаланбағанын атап көрсетеді. Онда ең жақсы сақталғаны және ең көрнектісі – Жанкент қирандысы, ол гуздар басшылығының сарайы болуға тиіс деп атап көрсеткен еді. Ол сыр үстірі мен қуаңдарияның арасында күйдірілген кірпіштен салынып, төңірегі тоғайлы және сулы арналармен қоршалған деп дерек келтіреді. Бұның өз уақытында озық пікір екендігіне зерттеуші Перх көңіл аудармаған. Сондықтан ол «Олжа» табу мүмкін емес деп, қазбаны жалғастырмай тастап кетеді.
Осы жылдың күзінде Ташкент жолаушылап бара жатқан суретші В.В.Верешагин Жанкентке кішкентай қазба жүргізеді.
«Адамның, қойдың, жылқының және түйе сүйектері, - деп жазады В.В.Верешагин, - күйдірілген кірпіштер, көмір, саздан (қыштан) жасалған құмыра сынықтары, аса сирек түбі сынған құмыра және нешебір үлгідегі тұтынатын ыдыстар табылды…» 
Ол жеті жыл өткеннен кейін табылған археологиялық олжалардан 14 таблицалы ойма суреттер жасайды.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында әуесқой-археологтар И.Аничков «Қазалы уезінің тұрақтара кейбірінің қызықты археологиялық тұрғыда ерекшеліктері туралы», «Жанкент қирандысына сапар» және Е.Александровтың «Жанкент туралы аңыз» атты мақалалары археологияны сүюшілердің Түркістан үйірмесінің хабарламалары мен отырыстарының 3-ші басылымында жарияланады. Оларда Жанкенттің деректері тиіп-қашты көрініс тауып, пәлендей жаңалықтар ашылмайды. Бірақ бір қызығы - қаптаған жыландар туралы алаңдатарлық әңгіме жоқ. Оның есесіне ертедегі қала қалдықтарымен қашаннан бері тоналып, көрінгеннің қолында кетіп жатқанын айтып, дабыл қағылады.
Ал енді ең соңғы есте қалардай бір күн - 1946 жыл болады. Күздің 11 октябрінде Жанкент маңындағы шағын ауыл аспанында ПО –2 типті самолет ұзақ гүрілдеп айналып ұшады. Ауыл адамдарының бала – шағасына дейін қалмай, үйлерінен жүгіре шығып, көк жүзіне таңырқай қарай қалады. Біраздан кейін самолет ауыл маңындағы жазыққа келіп қонды. Қызық көрген балалар аяқтарына кірген жантақ тікенегін елемей, солай қарай жүгіре жөнеледі. Үлкендер тосырқап, тұрып қалады. әуе кемесінен арқалаған заттары бар бір топ адам шыға бастайды. Жақындай келе бір – ақ байқайды геологтар екен.
Біз Хорезм археология – этнографиялық экспедициясынанбыз – деп, таныстырадыашаңдау, бойшаң жігіт алға шығып. Мен Сергей Павлович Толстовпын, осы экпедицияның бастығы боламын. Қасымдағы кісілер – Орлов, Пейтман жолдастар – ғылыми қызметкерлер. Ұшқыштар - Яковкин мен Губаров және басқаларымен таныс болыңыздар. Ол ақсақалдармен қазақшалап қол алып амандасады. 
Экспедиция мүшелері сол сәтте – ақ шұғыл жұмысқа кірісіп кетеді. Жанкенттің орнын арлы – берлі өлшеп қарап, мәдени қабаттарынан материалдар жинады, самолетпен қаланың аэросуреттерін түсірді. Кешке қарай сол күні зерттеушілер асығыс Күйіккескен қала орнына қарай ұшып кетті. Сонда жата қонып, күн ұясына қонғанға дейін жұмыс істейді. Ал 12 октябрьде Күйіккескен, Күйік қалаларының орнына далалық барлау, зерттеу және аэросуретке түсіру жұмыстарын жүргізеді. Сөйтіп Жетіасар өңіріне сол күні – ақ қайтып кетеді. 
Хорезм экпедициясының зерттеулері көрнекті ғалым С.П.Толстов айтқандай, жиналған деректердің негізінде талдау бірқатар тарихи, мәдени тұрғыда қорытынды жасауға мүмкіндік берген – ді.
Бұл өңірде үш қала біріне – бірі ұқсас орналасқан деуге болады. Жазықтағы сортаң жерлі мүйісте салынған сияқты. Ертеректе оның солтүстігінде Сырдария өзені, батысында Арал теңізі жатса, ал шығысында бұрынғы Қуаңдарияның қалдық суынан пайда болған қамысты батпағына ұласқан. Осылайша енді бір сәт деректерді сөйлетіп, бұрынғы Жанкент қаласын көзге елестетіп көрелік. Қала қамалы қамысты, батпақты жердің ортасында орналасқан. Шығыстан батысқа қарай созылған, шығыс жағы шығыңқы төрт бұрышқа ұқсайды. 375х225 (шығыс бөлігі 300) мертдей көлемді, батыстан шығысқа қарай меридиан бойынша қабырға дуалын бойлай басты көшелер өткен. Одан тік бұрышпен тарайтын және де қаланың алаңының үй қатарларын бөліп өтетін кіші көшелерден тұрған.

Солтүстік - батысындағы бұрышында 100х100 метр аумағындағы жазықпен салыстырғанда 7-8 мертдей биікте жатыр. Қаланың сыртқы дуал қабырғалары мен шығыс жағындағыдан басқасына 8 мертдей биікте топырақ үйілген. 25-40 метрдей мұнаралардың орындары байқалады. Қаланың 40х40х9 см кірпіштен қаланған шығыс дуалы біршама сақталыпты. Шашылып жатқан құмыра сынықтарының ішінен ертедегі Хорезм мемлекетінің шеберлері қолданған өрнектер кездеседі. Сондай – ақ қала қорғанының құрылысы да ортағасырлық Хорезмдік бекіністердің салынуына ұқсас. 
Осылай сипаттай келіп, ғалым С.П.Толстов ертедегі Жанкент қаласы сыртқы жаулардан қорғану мақсатында салынған бекіністерден тұрады деген қорытындыға келді. 
Бұл Қазалы өңіріндегі өлі қалалардың бейнесін анықтап берген бірден – бір ғылыми жаңалық болып тарихқа енді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға