Жанкент және Бегім ана!
Жергілікті тұрғындар Жанкент туралы білетінін таңдана айтып береді. Олар бұл өңірге 1929 жылдары келген. Бұрын адамдар маңайламағанды. Үкіметіміз серіктіктер мен колхоздар ұйымдастыра бастаған шақ. Меңіреу жатқан төбелерді адамдар ұйқысынан оятуға кіріседі. Бұрынғы егіншілік кәсіпті қайта жандандырып, тіршілік көзі су келетін арықтар қаза бастайды. Ежелгі қала маңын колхозшылар арши бастағанда неше түрлі әшекей бұйымдарға, көнелікті тиын және басқа да заттарға ұшырасады. Бірақ оған ешкім назар салмайды.
1937 жылы ауыл тұрғындары бір ғажап көріністің куәсі болады. Шілденің ыстық бір күні еді. Күн аптабы қайтар түс ауған шақтын, сонадайдан құйындай үйірілген шаң көрінеді. Бастапқыда бір отар қойлар келе жатқандай болады. Бірақ бірте – бірте жақындаған сайын олар орасан көп ордалы жылан боп шығады. Жыландар бірден суға құлап, шөлдерін қандырған соң келген ізімен қайтып кетеді.
Жергілікті тұрғындар Жанкент қаласының сілемдері жатқан жерді «Мыңтөбе» деп атайды. Онда болғанда бей – берекет шашылған құмыра сынықтары мен кірпіш қалдықтарын көресің. Олар әр төбеде де баршылық. Мұның бәрі мұнда суландыру жүйесінің болғанының куәсіндей, тозған арықтар іздері де сайрап жатыр. Төбелер деп атап жүргеніміз бір кездердегі құрлыс орындары еді.
Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қиыншылық бұл өлкеге де ортақ. Халық майдан үшін, Жеңіс үшін бәрін аямады. Сол жылдары ұйқыда жатқан Жанкентті де мазалап, соғыс қорына төбелерден қазып көптеген мыс, қалайы жезден жасалған ыдыс – бұйымдарын Отан қорғау қорына өткізеді. Төбе астында қалған бөлмелерге ортасынан түскендер де болыпты.
Одан кейінгі 1953 жылы табылған күміс теңге академик Кеңесбаевқа табыс етіледі. Олжа бетінен Абдулхан деген жазу оқылған. Онан кейінгі тағдыры беймәлім.
Осы өңірдің жер бедерін байыптап қарағанда адамға ол жайлар анықтала түсер еді. Аңызда айтылғандай, мұнда Жанкент қаласы жалғыз болмаған. Онан онша қашық емес жерде ХҮІІ ғасырда Жаңғазы хан салдырған қала бекінісі бар. Тағы да Жанкенттен 10 км қашықтықта Бабажан, одан әрі 6-8 км- дей жерде Құлбарақ бекіністерінің және Кейіккескен қала, оңтүстігінде Күйік қала қирандыларының ескі жұрттары жатыр. Алысырақта, солтүстік – батыста ұзынтам мұнарасынан 10 км қашықтықта, Арал теңізі жағасында аңыздағы Бегім ана мұнарасы бой көтерген. Ал Жанкенттің шығысына қарай 60 км- дей жерде Сараман – қоса мұнарасы тұр.
Жанкент ауылдан жүз метрдей жерде. Бір кездегі гүлдеген қаладан ішінара қалқиған сыртқы қорған қабырғалары ғана қалған. Оның мәдени қабатынан бүтін зат табу қиын. Басты жолы солтүстік қақпаға бастайды. Қақпаның орынына биіктегі 30-45 м- дей үйіліп жатқан төбелер бар. Мұнда төрт мұнара құрлысының ізін анықтауға болады.
Қала қорғанының әрқайсысы солтүстікке, шығысқа, оңтүстікке және батысқа қарай бағытталып салынып, оның әрбір 25 метрі сайын қарауыл мұнаралары болған. Ал бұрыштарындағы мұнаралар басқаларына қарағанда көлемдірек.