Жанкент және арабша атауы!
Жанкент - арабша әл – қарят, әл – хадиса, парсыша Дих – и нау, қазақшалап аударғанда жаңа мекен дегенді білдіреді. Ибн Хаукаль / Х ғасыр/ оны Сыр бойындағы қалалардың ең жақынына санап, «Оған Хорезмнен 10 күнде, Фарабтан 20 күнде жетуге болатынын» жазғаны жөнінде Қазақ Совет энциклопедиясының 4- ші томында мәлімет берілген.
Жанкент жазба деректерде ІХ- Х ғасырлардан бастап – ақ қала аталғанымен, бірден – бір құнды мәлімет Әл- Идриси мен Махмұд Қашқаридің еңбек.
терінде кездеседі. Олар Азияны кесе – көлденең жүріп өткен жиһанкез – тарихшылар.
Әл – Идриси /1099-1165/ бұл өңірді ғұздар еліне жатқызып: «Ғұздардың қалалары көп. Олар солтүстіктен оңтүстікке қарай біріне – бірі жалғасып жатыр…» деп жазды. Оны М.Қашқари мақұлдап, оғыздар Сырдарияны қарапайым ғана өзен /угуз/ деп атайтынын және өзен бойында қалалары болғандығы жайлы мәлімет береді.
Дегенмен, жылдар бойы европалықтар Орта Азиядағы көшпенділердің сән – салтанатты қалалары болғандығы жайлы деректерді дақпыртқа санап, нанбай келді. Саяхатшылар Плано Карпини мен Рубрук ХІІІ ғ – да мұның растығына куә болғанда, сенер – сенбесін білмей дағдарды. Саяхатшылар өз жазбаларында : «Бұл жерде біз сансыз қираған қалалар, бекіністер мен бүлінген тұрақтар таптық. Осы жерде аты белгісіз бір үлкен өзен бар. Онда белгісіз Янкент атты, басқа да Бархинь және 3- ші Орнас есімді қалалар тұрады» деп көрсеткен болатын.
Европалықтардың күн арқасы қияндағы далалықтарға назар аударуының басты себебі – Моңғол басқыншыларының дүниені дүр сілкіндірген жаулаушылық жорықтары еді.
Саяхатшылардың айтқанындай, «Егінге түсер қаптаған шегірткедей» Моңғол басқыншыларының қалың қолы қазіргі Қазақстан жерімен шабуылдап өтті. Жергілікті халық туған жерін оңайлықпен бергісі келмеді. Ерлікпен қарсы тұрды. 1219 ж. Жошының басқаруымен моңғол әскерлері Жанкентті қиратып тонады. Аянбай қарсыласқаны үшін көшелерін қанға бояп, от – жалынға орады. Соған қарамастан, қала ХІҮ ғасырда аз уақыт болса да жанданып, Жанкент (Янгикент) атанып, сауда және қол өнері орталығына айнала бастайды.
Шындап келгенде, ертедегі Жанкент қаласының сырын білуге құмарту Қазақстанның Россияға қосылу кезеңдерінен басталды.
ХҮІІІ ғасырдың І- ші жартысында қазақ ханы Әбілқайыр Жанкент қирандысын қалпына келтіріп, қайтадан қала жасауды мақсат етіпті. Орыс патшасынан көмектесуді сұрап өтініш жолдайды. Мұнда ішінара қалпына келтіру жұмыстары да басталған көрінеді. Алғашқылардың бірі болып Орынбор драгун полкінің поручигі Дмитрий Гладышев пен геодезист Муравин Жанкенттің ескі жұрты жайлы сипаттама жасайды. Ол кезде ертедегі қаланың кірпіштен қаланған мұнаралары ішінара сақталған еді. Өкінішке орай, Жанкенттің бұрынғы замандардағы даңқын қайта көтеремін деген жақсы ойы Әбілқайырдың 1748 ж. Кенеттен қайтыс болуына байланысты аяқсыз қалады.
Онан кейін де Жанкенттің ертеде керемет қала болғанын айтып, аңыздар жинаған Россия әуесқой өлкетанушылары мен ғалымдары көп болды. Әсіресе, И.В.Аничков, А.Д.Нестеров, Э.Диваев, В.А.Келлсур сияқты Сыр бойы қала мәдениетін насихаттаушылар мен жоқтаушылар өлшеусіз еңбек сіңірді. Орта Азия халықтарының тарихы мен мәдениетінің қамқоршысы В.В.Стасов: «Ертедегі Жанкент маңы қаласы неге біздің Помпей болмасқа?!» - деп бұл ерсерткіштің ертедегі Рим және грек ескерткіштерінен кем түспейтін маңызын айтқан.
Зерттеушілердің көбісі ғажайып көріп таңданудан артыққа бара алмайды. Тек айтары: Жанкенттің ескі орнына қарағанда кішкене қала болған сияқты. Оны кім тұрғызған, қандай халық мекендегені жайлы дерек жоқ.