Жәнібек Әлімханұлының жекпе-жегіне қатысты тағы бір жайт анықталды

WBO Жәнібек Әлімханұлы (16-0, 11 КО) мен Хамза Шираз (21-0, 17 КО) командалары арасындағы келіссөздер мерзімін тағы ұзартты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Естеріңізде болса, бұған дейін ұйым екі тараптың келісу мерзімін 23 қазаннан 4 қарашаға дейін созған, ал бүгін 11 қарашаға дейін тағы ұзартқаны белгілі болды.
Әлімханұлы американдық Top Rank-тың, ал Шираз британиялық Queensbury Promotions-тің қарамағында жаттығады, ал бұл екі компания – бизнес-серіктестер.
Queensbury бұған дейін Шираздың жекпе-жегіне қатысты келіссөздер жүргізбеген тәрізді, себебі олар соңғы апталарда бірқатар боксшының келісімшарттарын ұзартумен айналысты, олардың арасында Хамза да бар. Одан қалды ұйым ТВ-серіктесін өзгертіп, бұдан былай DAZN-мен жұмыс істейтін болды.
WBO регламенті бойынша, егер тараптар келісе алмаса, онда айқас тағдыры промоутерлік саудада шешіледі. Әлімханұлы мен Шираздың жағдайында ең төмен баға 200 мың доллар болмақ.
