Жаңалықтар

Жаңару күні: Түркістанда тимбилдинг өтті

Жаңару күні: Түркістанда тимбилдинг өтті
Фото: Түркістан облыстық әкімдігі 19.03.2025 14:22 126

«Наурызнаманың» онкүндігі аясында Жаңару күні Түркістанда «Наурыз тазалықтан басталады» атты тимбилдинг өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Облыстық әкімдік мәліметінше, «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен «Таза Қазақстан» аясында өтетін іс-шараның мақсаты мақсаты – жастарды экологиялық мәдениетке тәрбиелеу, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға шақыру және табиғатты қорғауға үлес қосу. Жастар ресурстық орталығының директоры Ернар Бектаевтың айтуынша, жастар арасында экомәдениетті қалыптастыру қарқын алған.

Түркістан облысында «Таза Қазақстан» тек бір реттік науқандық емес, экологиялық сананы орнықтыру мақсатындағы тұрақты дағдыға айналған іс-шара ретінде өткізілуде. Жыл басынан бері акция аясында 150-ден астам шара өтіп, 7 мыңға жуық жас қамтылды. 140-тан астам сенбілік, 9 тазалық эко-челленджі, 7 «Эко марафон» өткізілді. Белсенді азаматтар, жастар, мәслихат депутаттары, аудан әкімдері, зиялы қауым өкілдері және аналар алқаларыда іс-шараға өз үлестерін қосты, – деді Ернар Бектаев.

Тимбилдингке 14-35 жас аралығындағы ерікті жастар қатысты. Әр команда құрамында 10 ерікті жас бар. Қаратау қорығынан Хантағы елді мекеніне дейінгі жол бойындағы қоқыстарды жинаған жастар пластикалық пакеттер мен ыдыстарды жинап, қайта өңдеуге жолдады. Бұлақ көздерін ашып, судың еркін ағуын қамтамасыз етті.

Сондай-ақ Жаңару күнінің құрметіне Түркістан қаласында 1000 ағаш егілді.

«Түркістан жарық-тазалық» ЖШС-нің директоры Конурбаев Нурахметтің сөзінше апта сайын көне шаһарда сенбілік шаралары жасалуда. Бүгінгі таңда аудан, қала аумағында 415 мыңнан аса түп ағаш отырғызылып, су жүйелерімен қамтамасыз етіліп, қоршау жұмыстары жүргізілуде.

Атап өтейік, Түркістан облысында көктемгі ағаш егу және тазалық шаралары жүргізіліп жатыр. Аталған шараға барлық аудан, қалалардан жалпы алғанда, 235 мыңнан аса тұрғын белсенділік танытып, өз қалалары мен ауылдарын тазартуға үлес қосты. Қала мен ауыл көшелерін тазалауға 1263 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 5 207 тонна қоқыс шығарылды.

Өңірде «Таза Қазақстан» аясында екінші жыл қатарынан «Үлгілі ауыл» облыстық байқауы бастау алды. Сондай-ақ «Отбасы – бақыт мекені» атты отбасылық ағаш отырғызу челленджін өткізу жоспарлануда. Жоба мақсаты – отбасыдағы әкенің рөлін, отбасылық құндылықты көтеру. Бұдан бөлек, «Экологиялық қолөнер» көрмесін өткізу жоспарлануда.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға