Жаңалықтар

Жанар БАЙСЕМІЗОВА: Бала асырап алғым келеді...

Тез өсіп, әдемі қыз болғым келетін. Ал, қазір сол алыста қалған балалық аяулы...
28.05.2014 09:46 10142

Көктем - жаңару шағы. Жылдың осы мезгілінің ерекше сұлулығы мен жылылығы таусылмайтын әңгіме. Ал, сол табиғаттың сұлу шағына Жаратқан ерекше ықыласпен жаратқан Әйел деген қауымның сұлулығы қосылса қандай ғажап?! Қазақтың ұлттық арнасы "Қазақстан" корпорацияда еңбек ететін қыз-келіншектер арасында "Қазақстан Аруы" атты сұлулық байқауын ұйымдастырғанын хабарлаған. Елдің бас арнасының бет-бейнесі боп жүрген аруларды елге етене таныстыру мақсатында осы сайысқа қатысып жатқан барлық үміткерлерден сұхбат алып шығуға бекіндік. Алғашқы әңгіме Ұлттық арнадағы "Шетелдегі қазақ балалары" хабарының жүргізушісі

Жанар БАЙСЕМІЗОВА ханыммен болмақ. Сұхбатты дайындаған журналист Мәдина МАХАМБЕТҚЫЗЫ.

Жанар БАЙСЕМІЗОВА: Бала асырап алғым келеді...

- Жанар, әйел баласының ортақ "осалдығы" бар ғой. Бәріміз жылтыраққа әуеспіз. Сізден де байқап отырмын, әшекей бұйымдарға бей жай қарамайтын секілдісіз?      

- Әшекей бұйымдарға қызықпайтын қыз баласы болмайтын шығар. Әрине қызығамын, ұнатамын. Бұрындары құлағыма сырға тақсам, артық дүние тәрізді кедергі жасап тұрғандай болатын. Қазір олай емес. Дегенмен, сыртқа шыққанда тағып шығатыным болмаса, үйде міндетті түрде шешіп тастаймын. Алтын сырға, саққинаны да тастамай тағып жүре алмаймын.

- Қандай нақыштағы әшекейлерді тағасыз?

- Қазақтың ұлттық ою-өрнегі бедерленген күміс бұйымдарға – сырға, шолпы, жүзік, білезік т.б.қызығып жүрмін. Әзірге бұндай дүниелер менде жоқ.  

Жанар БАЙСЕМІЗОВА: Бала асырап алғым келеді...

 - Шет елде көп боласыз, қашан көрсек те шекараның ар жағында жүресіз. Білеміз, шетелдегі қазақ балалар жайлы хабар жасап жүрсіз. Көрерменнің көзайымына айналған мықты жоба, алғысымыз шексіз өзіңе. Енді, Жанар, өзіңіз болашақта бала асырап алар ма едіңіз?

 - Міндетті түрде. Болашақта емес, осы шақта ақ бір сәбиді асырап алғым келеді. Бұл менің оқушы кезден келе жатқан ұстанымым.  Алла бұйырса.

Жанар БАЙСЕМІЗОВА: Бала асырап алғым келеді...

- Қандай музыканы сүйіп тыңдайсыз? Ұлттық музыка аспаптарында ойнай аласыз ба?

- Біріншіден, әрине ұлттық музыканы жақсы көрем және қазіргі заманға сай эстрадалық әндерді тыңдаймын. Классикалық жанр. Джаз.  Өкінішке орай, ән салатыным болмаса, ұлттық музыка аспаптарында ойнай алмаймын...  Осыны үйренгім келіп жүр.

- Егер сіз Маргарет Тэтчер, не Кандолиза Райс секілді саяси тұлға болғанда ең алдымен нені өзгертер едіңіз?

- Мен өзімді дәл қазір олардың орнына қоя алмаймын. Егер, мен өз орнымда сондай деңгейге жетсем, қоғамдағы көп стереотиптерді өзгертуге ұмтылатын едім. 

Жанар БАЙСЕМІЗОВА: Бала асырап алғым келеді...

- Жеке тұлға ретінде айтыңызшы, журналист Жанар Байсемізоваға көңіліңіз тола ма?

- Журналист Жанарға көңілім толмайтын кездер көп болады! Журналист Жанарды ұрсып аламын, сөгемін, сынаймын, кінәлаймын, жігерлендіремін, қайраттандырамын, алға қарай ұмтылдырамын, тәрбиелеймін. Журналист Жанарды еркелетіп, жасаған ісін, атқарып жатқан еңбегін бағалап, мақтап, мерейін өсіріп те қоямын. Әсіресе соңғы уақытта,  журналист Жанарға ризалышығымды білдіріп, сен мықтысың, табандысың, еңбекқорсың, өз кәсібіңе адалсың, жұмысты шын беріліп істейсің, әріптестерің арасында абыройлысың, журналистикада қасқыр болу керек деген журналистер арасындағы межеге жеттің, бірақ  эйфорияға салынып жүре бермей, ары қарай не істейтініңді ойла деп, ойландырып қойдым. Қазір журналист Жанар терең ойда жүр!) Бәрібір журналист Жанар пенде Жанардан озып кетті, журналистикадағы арманына жетті деп санаймын. Ал, пенде Жанар өмірдегі негізгі міндетті атқарған жоқ әлі...

Жанар БАЙСЕМІЗОВА: Бала асырап алғым келеді...

- Егер балалық шағыңызға бір күнге баруға мүмкіндік берілсе, балалық шағыңыздың кез келген күніне бас тартпай бара алар ма едіңіз?

-Ия, баратын едім. 

Жанар БАЙСЕМІЗОВА: Бала асырап алғым келеді...

- Шет елдерде іссапарлармен жүресіз,  елден шалғай жүресіз. Қандай әсерде боласыз, Қазақстан мен шет елдерді қатар қойып салмақтап көрдіңіз бе?

- Әрине, салыстырамын. Қазақстанымды дамыған мемлекеттердің қатарынан көргім келеді. Бір күні менің Отаныма да туристер топырлап келіп, таңқалып жүреді деп  ойлаймын. Халыққа қызмет көрсету саласынан бастап, барлық жүйеде жетістікке жетеміз деп сенемін.  

- "Қазақстан аруы" байқауына қатысып жатырсыз. "Ару" ұғымы туралы ойыңызды білсек...

- Әдемі сұрақ, Ару деп қазақ сұлулықпен қоса тазалық, имандылық, инабаттылық, арлылықты айтқан деп ойлаймын. Ару атану әр қызға арман деп ойлаймын. Ал, сайысқа келсек мен тек қуаныштымын. Себебі, «Қазақстан аруына» кез-келген қазақ қызы лайықты деп ойлаймын. Бұл сұлулық байқауы емес. Атқарған ісің сараланатын шара. Мен сайысқа қатысқан барлық аруларға сәттілік тілеймін. 

- Жанар, сұхбатыңызға рахмет! Сайыста сәттілік тілеймін!

Сұхбаттасқан: Мәдина Махамбетқызы

Ескерту: Материалдағы суреттер Жанар Байсемізованың фейсбуктағы парақшасынан алынды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға