Жаңалықтар

Жаңаөзендегі «Оқушылардың шығармашылық үйінде» 4800 оқушы тегін білім алады

Жаңаөзендегі «Оқушылардың шығармашылық үйінде» 4800 оқушы тегін білім алады
Фото: Қоғамдық коммуникация орталығы 26.04.2023 16:39 2178

Жаңаөзенде «Оқушылар шығармашылық үйінің» 4800 тәрбиеленушісі 94 түрлі үйірмеге тегін қатысып, бос уақытын тиімді пайдаланып жүр. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасай отырып El.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.

Оқушылар шығармашылық үйінің директоры Жұмабике Жаманованың айтуынша, балалардың қиялы мен творчестволық қасиетін дамытатын мектептің конференция залы, coworking, робототехника, шахмат, музыкалық студия, мобилография, жас аспаз кабинеттері толық жиһазбен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ шығармашылық үйі wi-fi-мен, өрт сөндіру, радио құрылғыларымен толық қамтылған. Яғни оқушылардың шығармашылықпен айналысуға толық мүмкіндігі бар.

Жаңаөзендегі «Оқушылардың шығармашылық үйінде» 4800 оқушы тегін білім алады

- Мектебіміздің балалары жаңа бағыттарға кеңінен көңіл бөлуде. Оқушылар алғашқы күннен бастап робототехникаға ерекше қызығушылық танытты. Үйірмеге барлығы 200 бала қатысады. Әзірше балаларды 10 роботпен қамтып отырмыз. Алдағы уақытта робот санын арттыруды қарастырып жатырмыз, - деді Жұмабике Жаманова.

Шығармашылық үйінің 9 жасар оқушысы Нұрғиса Ходжағалидің робототехника сабағына қатысқанына бір айдан астам уақыт болған. Ол сабақтың өзіне қатты ұнайтындығын айтады.

Жаңаөзендегі «Оқушылардың шығармашылық үйінде» 4800 оқушы тегін білім алады

- Ең алдымен компьютерге дайын тұрған нұсқаулық бойынша бағдарлама жасақтап, өз роботымызды құрастырып аламыз. Бағдарлама роботқа жүктелгеннен кейін жұмыс істей бастайды. Бұл сабақ сондай қызықты. Алдағы мамыр айында қалалық, облыстық жарыстарға дайындық жүргізудеміз, - дейді Нұрғиса Ходжағали.

Шығармашылық үйіндегі мүсіндеу үйірмесінің жетекшісі Тоқтағұл Бахитовтің айтуынша, бүгінде қолөнер үйірмесіне 500 оқушы қатысады. Ал шығармашылық мектебінің қабырғасы мен сөрелері оқушылардың жасаған 300-ге жуық күрделі қолөнер бұйымымен толып, көздің жауын алады.

- Мен балаларға 2011 жылдан бері дәріс беремін. Бүгінде 300-ге жуық қолөнер бұйымымыз бар. Одан бөлек, Алматы, Қарағанды, Семей секілді қалаларда жұмыстарымызды мұражайға алып қалып жатады. Қыркүйек айында өтетін «Алтын қазына» сайысына 2 оқушымды дайындап жатырмын. Алматы қаласына 10 жұмысымызды апарып, Маңғыстау өңірінің намысын қорғайтын боламыз, - дейді Тоқтағұл Бахитов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға