Жаңа латын әліпбиі қандай болуы мүмкін?
Бүгін Мәжілісте «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» парламенттік тыңдау өткені белгілі. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның жұмыс тобы әзірлеген ұсыныстар талқыға түсіп, көпшілікке таныстырылды.
Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық. 2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз. Ол кезең де таяп қалды, сондықтан біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек. Біз осынау ауқымды жұмысты бастауға қажетті дайындық жұмыстарына қазірден кірісеміз. Үкімет қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауы керек. Мектеп қабырғасында балаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жатыр. Сондықтан, жас буын үшін ешқандай қиындық, кедергілер болмақ емес. 2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керек. 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісуіміз қажет» деген еді.
Бүгінгі парламенттік тыңдауда Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин біздің ұлттық сана-сезім, рухани даму, өркендеу жолымыз қазақ тілінің жаңа әліпбиін жасаудан басталатынын айтты. Сондай-ақ Төраға Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, қазақ тілі – біздің рухани негізіміз екенін айта келіп, осы жолда тілдің халықаралық мәртебесін көтеру, әлемдік өркениетке жетудің басты кепілі екендігіне тоқталды. Сонымен қатар жаңа әліпби бүкіл әлем қазақтарын біріктіретін өте маңызды фактор екендігін тілге тиек етті.
Палата спикері жаңа әліпбиді енгізуде қателікке жол беруге болмайтынын ескертіп, қазақ тілін жаңғыртудың басты көрсеткіші латын жазуына көшу екендігіне тоқталды.
Парламенттік тыңдауға әліпби жобасын әзірлеуге атсалысқан А.Байтұрсынов атындағы тіл білімі институты мен Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының басшылары, жоғары оқу орындарының өкілдері, ғылым және мәдениет қайраткерлері, сондай-ақ ғалымдар мен сарапшылар, шетелден келген ғалымдар, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Ерден Қажыбек, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры:
Барлығымыз ақылдаса келе, ортақ бірыңғай латын әліпбиін дайындауға кірістік. Жыл аяғына дейін бір шешімге келіп, бекітеміз. Келесі жылдан бастап тиянақты түрде біртіндеп іске асыруға кірісіміз. 2025 жылға дейін маңызды үрдісті аяқтауға тиіспіз. Латын әліпбиіне қатысты тілші мамандар арасындағы келіспеушілік аз. Алайда, әліпби елді елең еткізетін мәселе болғандықтан кез келген сауатты адамның өзіндік ұсынысы бар. Мұндағы басты ұстаным – ішкі мәселе, қазақ халқының таңдауы. Тілдің өзіне икемделген әліпбиі болады. Кейбір адамдар әліпби ауыстыру – әріп ауыстыру деп ойлауы мүмкін. Бұл қате пікір, тек 1-2 пайызы ғана ауысады. Маңыздысы тілдік заңдылықтарды өзінің табиғатына сай жасуымыз керек.
Ерден Қажыбектің сөзінше, латын әліпбиіне көшу жөніндегі жұмыс тобына түскен ұсыныстар өте көп. Солардың барлығын сараптайтын жұмыс тобы құрылған. Олардың қатарында тілші мамандар, ағылшын, кирилл, компьютер тілінің мамандары бар. Тілімізде 26-28 дыбыс бар. Сол әрбір дыбысқа сәйкес әріп таңдалады. Сол әріп таңдау мәселесінде ең маңыздысы рухани жаңғыруға негізгі тірек болатын тіліміз болуы тиіс. Асылында жаһандану, қазіргі даму, инновация процестеріне ілесу үшін және мемлекеттік тілімізді жан-жақты мемлекеттік әрі қоғамдық салаларда дамыту үшін бұл ауадай қажет іс. Сондай-ақ Ерден Қажыбек жаңа әліпбиде тілдегі дыбыстар санынан әріптер саны аздау болатынын ескертті. Мәселен, қазір қазақ алфавитінде 28 дыбыс болса, әріп саны 42. Шын мәнінде 28 болуы тиіс. Сол себепті, бізде де ықшамдалған, тіліміздің өзіндік ерекшелігіне сүйенген әліпбиіміз болады.
Ерден Қажыбек алдағы 2 жылда ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстар жүргізілетінін айта келе, жеке-жеке тоқталды. Мәселен,
жаңа қазақ жазуының – фонетика-фонологиялық негіздерін жаңадан түзу,
латын графикасы негізіндегі әліпби бойынша қазіргі қазақ жазуының орфографиялық ережелерінің нобайын әзірлеу;
жаңа әліпби негізінде терминдік, ономастикалық, ескі жазба кітаби лексикалық бірліктердің заңдылықтарын іріктеп, бекіту;
жаңа ұлттық әліпбиді үйретуге арналған оқулықтарды, меңгертуге арналған әдістемелік оқу құралдарды дайындау;
тәжірибелік-үйлестіру және біліктілікті арттыру дәрістер жүйесін қалыптастыру;
мектепке дейінгі, орта және жоғары білім беру мекемелері, әдістемелік-үйлестіру, ғылыми, білім беру ұйымдарының оқушы-мұғалімдерін даярлау;
жазу реформасының ұлттық және мемлекеттік тіл ретіндегі қазақ тілінің өміршеңдігі мен болашағына игі әсер ететін механизмдерді анықтап, енгізу;
мемлекеттік тіл саясатының тиімділігін арттыру мәселелерін ұйымдастыру;
автоматты түрде кирилл жазуынан латын графикасына өзгеретін әрі латын жазуын жедел түрде үйретуге бағытталған мобилдік қосымшалардың ІТ бағдарламалар кешенін дайындау;
ғылымның әр саласына арналған бір тілді, екі тілді, көп тілді сөздіктерді жасауды және т.б. іс-шараларды зерттеу, сараптау, бекіту, іске асыру.
Ал, Ш.Шаяхметов атындағы республикалық орталықтың директоры Ербол Тілешов латынша таңбаланатын қазақтың төл дыбыстарын көпшілікке таныстырды.
Ербол Тілешовтің сөзінше мемлекеттік тілдің бірыңғай стандартты әліпбиінің нұсқасын таңдауда ең әуелі ғылыми принциптер негізге алынған. Нәтижесінде қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне, жалпы әліпби түзудің теориясы мен практикасына құрылған нұсқа таңалған. Латын әліпбиіне көшу бойынша комиссия мүшелері ақылдаса келе 25 дыбыстан тұратын әліпби нұсқасын жасаған. Мәселен қазақтың ң, қ, ғ, ө, ә дыбыстық таңбалары латын әліпбиінде ә – ае, ө – ое, ғ – gh, ч – ch, ж – zh, ш – sh, ү – ue түрінде қолданылмақ. Сондай-ақ орыс тілінен енген ц, ф, х, в әріптері де латын әліпбиінде қолданылатынын айтты.
Орталық директоры Ербол Тілешовтің сөзінше жаңа әліпби нұсқасы негізінде Ш.Шаяхметов атындағы республикалық орталық қызметкерлері мен сырттан шақырылған тұрғындар арасында бірнеше рет апробация жүргізген. Нәтижесінде қатысушылардың көпшілігі осы нұсқаға қолдау білдірген екен.
Құжатты да ауыстыру керек пе?
Бүгінгі талқылауда көпшіліктің көкейінде жүрген сауалдың жауабы айтылды. Отандастарымызды мазалайтын келелі мәселенің бірі – латын әлпбиіне көшкенде құжатты да ауыстыр керек пе деген сұрақ. Бұл сауалдың жауабын Премьер-министрдің орынбасары Ерболат Досаев жеткізді. Оның сөзінше, құжаттар бірте-бірте ауыстырылмақ. Қолда бар құжаттар мерзімі аяқталғанша жарамды болады. Бұл бағытта жасалатын процесс латын әліпбиіне көшу жоспары бекітілгеннен кейін басталып, халықаралық талаптарға сәйкес өтетін болады.
Қосамжар орфографикадан құтылу
«Егемен Қазақстан» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі әліпби алмастыру арқылы біз қосамжар орфографикадан құтылатынымызды айтты. Оның сөзінше қазір мемлекетіміздің атауы үш түрлі қазақша, орысша, ағылышынша жазылып жүр. Латын әліпбиі арқылы оны «Qazaqstan» деп тілдік ерекшелікті сақтай отырып, бір сөзбен ғана жазуға мүмкіндік аламыз. Бұған қоса тың әліпби арқылы шет тілдерден енген сөздерді ұлттық ерекшеліктерге икемдеу мүмкіндігі беріледі.
Дархан Қыдырәлі латын әліпбиіне өтсек, өзге этнос өкілдеріне қазақ тілін үйрену жеңіл болатынын айтты. Сондай-ақ орфографиялық және орфоэпиялық тұтастық түрлі этностардың тіл сындыруына, соның арқасында мемлекеттік тілдің төңірегіне топтасуына зор мүмкіншілік жасайтынын тілге тиек етті.