Жаңалықтар

Жаңа жылда кімдерге айыппұл салынады

Жаңа жылда кімдерге айыппұл салынады
Фото: instagram.com/akimat__astana 25.12.2023 18:40 3512

Жаңа жыл мерекесі кезінде қандай әрекеттер үшін айыппұл салатынын біле жүргеніңіз жөн, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жаңа жыл мерекесі 30 желтоқсаннан 2 қаңтарға дейін атап өтіледі. Мереке қарсаңында қандай заңбұзушылыққа жол бермеу керек екеніне тоқталайық.

Тыныштықты сақтау

Мереке қарсаңында немесе мереке күндері көппәтерлі тұрғын үйлерде тыныштық сақтау маңызды. жұмыс күндері сағат 22:00-ден 09:00-ге дейін, ал демалыс күндері 23:00-ден таңғы 10-ға дейін шу шығармау қажет.

Бұл ереже бұзылған жағдайда ӘҚБтК-нің 437-бабына сәйкес, 5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салынады – (2023 жылы бұл – 17 250 теңге), ал келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап айыппұл мөлшері 18 460 теңгеге артады. Егер жағдай қайталанса, айыппұл мөлшері екі есеге өседі (34 500 теңгеге және 36 920 теңгеге). Ал мекемесі тұрғын үйде орналасқан кәсіпкерлерге белгіленген шу деңгейінен асып кеткені үшін 20-дан 100 АЕК-ке дейін, яғни, 69 мың теңгеден 369 мың теңге аралығы айыппұл салынады.

Отшашудың ережесі

Отшашуды құрылыс нысандарынан кем дегенде 50 метр шалғай жерде ату керек. Ағаштың түбінде немесе  электр желілердің астында және тез тұтанатын заттардың маңайында қолдануға тыйым салынған. Бұдан бөлек, көлік тұрағында фейерверк атуға болмайды. Адамдар осындай заң бұзушылықты көрсе, бәрін видео мен фотоға түсіріп алуға болады. Сосын полицияға хабар беру керек.

Отшашу кезінде көрермен пиротехниканы ату алаңынан кемінде 35-50 метр қашықта тұрып, жел өтінде болмауы керек.

Бұл талаптар бұзылған жағдайда ӘҚБтК-нің 436-бабы бойынша 20-дан 30 АЕК-ке дейін (2023 жылы бұл – 103 500 теңгеге дейін, 2024 жылы – 110 760 теңгеге жетеді) айыппұл салынуы ықтимал.

Шырша кесу

15 желтоқсаннан бастап ІІМ “Шырша” акциясын бастады. Акция барысында табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері орман алқаптары бойынша рейдтер жүргізеді. Жабайы шыршаны кескендер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің (ӘҚБтК) 381-1 бабына сәйкес жауапқа тартылады. Айыппұл көлемі 50 АЕК- тен, яғни 172 500 теңгеден басталады. Егер құқыққа қайшы әрекеттермен елеулі залал келтірілсе, онда бұл жағдайда 160 АЕК-тен 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған

Орман қорына кірмейтін және кесуге тыйым салынған ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау; орман дақылдарын, орман питомниктері мен плантацияларындағы егілген не отырғызылған көшеттерді, сондай-ақ ормандарды молықтыру және орман өсіруге арналған алаңдарда өзі өсіп шыққан шыбықтарды, өскіндерді не қолдан отырғызылған екпелерді жою немесе зақымдау.

Дегенмен, қазақстандықтар жеке учаскелеріндегі ағаштар мен бұталарды сындырғаны үшін ешқандай жаза қарастырылмаған. Лауазымды тұлғалар мен шағын кәсіпкерлер үшін аталған айыппұл мөлшері – 150 АЕК (желтоқсанда 517 500 теңге). Ірі кәсіп өкілдеріне тәртіп бұзу құралдарын (автокөлік, құрал-саймандар, кесілген ағаштар) тәркілей отырып, 500 АЕК-ке дейін (1,7 миллион теңгеден астам) айыппұл салынады.

Егер келтірілген залал 50 АЕК (172 500 теңге) сомасынан асып кетсе, жеке тұлғалар мен заңды тұлғалар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Сондай-ақ егер шырша орман қорының бір бөлігі екені анықталып, келтірілген залал шығыны 50 АЕК-ке дейін болса, қазақстандықтар екі есе көп, яғни 100 АЕК (345 000 теңге) деңгейінде айыппұл төлейді.

Ал ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы ағаш кесілсе немесе бір жыл ішінде аталған бұзушылық қайталанса, адам 150 АЕК (517 000 теңге) мөлшерінде айыппұл төлеуге тиіс. Заңды тұлғалар үшін бұл көрсеткіш – 1500 АЕК-ке (5,175 млн теңге) дейін жетуі мүмкін.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға