Жаңа технология, қыздар лигасы: QJ League-тің үшінші маусымы несімен ерекшеленбек

Сәуір айының ортасында Қазақстанда футбол елдегі ең ірі жасөспірімдер чемпионаты – Freedom QJ League-тің үшінші маусымы басталады. Астана төрінде жаңа маусымның жаңалықтары мен ерекшеліктері таныстырылған баспасөз конференциясы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бастапқыда көпшілік күмәнмен қараған бұл жоба жастар үшін мол мүмкіндіктер көзіне айналып үлгергендей. Сондықтан да болар, аламанның ауқымы кеңейіп келеді. Яғни қатысушылар саны артады, жаңа технологиялар енгізіледі, сондай-ақ алғаш рет қыздар арасында да жарыстар ұйымдастырылады.
Жаңа маусымдағы жаңалықтар
2025 жылғы маусымда QJL жеңімпазы атағына 18 өңірден 54 команда бақ таласады. Турнирге барлығы 1620 ойыншы қатысып, 542 матч өтеді деген жоспар бар. Тағы бір баса айтатын жайт, биыл алғаш рет 17 жасқа дейінгі қыздар арасында Қазақстан чемпионаты ұйымдастырылады.
Қазақстанда әйелдер футболы енді ғана танымал болып келеді, дегенмен бұл қыздар арасында таланттар ұлдардан аз дегенді білдірмейді. Сол үшін де біз барлығына тең мүмкіндік жасап, олардың әлеуетін ашуға көмектескіміз келеді, – деп атап өтті лига президенті Рохус Шох.
Бұдан бөлек жаңа маусымда лига қатарын «ҚФФ U-16», «Хан-Тәңірі» және «Жеңіс» секілді үш команда толықтырады.
Былтырдан бастап QJ League-ге қатысатын клубтарда лига командаларымен ғана жұмыс істейтін әкімші, дәрігер, медиа-офицер және маркетолог болуы міндеттелген еді. Ал жаңа маусымда клубтарға тағы екі жаңа маман қосылады. Олар: ойыншылардың психологиялық жағдайын бақылайтын маман мен команданың ұйымдастырушылық жұмыстарын тиімді жүргізуге жауапты координатор.
Сондай-ақ биыл спорттық-сараптамалық бөлім «Болашақ ойыншысы» және «Болашақ жаттықтырушысы» атты екі жаңа жобаны іске қосады. Бұл бастамалардың мақсаты – талантты футболшылар мен бапкерлерге маусым бойы жеке қолдау көрсетіп, олардың әлеуетін толық ашуға көмектесу.
Технологиялар, сараптама және жаттықтырушылардың біліктілігі
Лига цифрлық шешімдерді белсенді енгізіп келетінін де атап өткен жөн. 2024 жылы іске қосылған FF Manager платформасы 11 халықаралық марапатқа ие болды. Сонымен қатар биылғы маусымда «ақылды» камералар мен видеосараптама жүйесі іске қосылып, жаттықтырушылар мен ойыншыларға матчтарды терең талдауға мүмкіндік береді.
Біз қазақстандық футболдың болашағы үшін берік негіз қалыптастырып жатырмыз. Мақсат – спортшыларды жаттықтыру ғана емес, сонымен қатар білікті мамандар тәрбиелеу. Футбол – ең танымал, ең бұқаралық спорт түрі. Қазақстанда дарынды ойыншылар да, білікті мамандар да жеткілікті. Дұрыс әдіс-тәсіл қолданылса, біздің жігіттер де әдемі ойын өрнегін көрсете алады. Еуропа мен әлемнің ең беделді турнирлерінде қазақстандық футболшылардың жеңіске жетуіне ешқандай кедергі жоқ.
Бірақ ол үшін ең алдымен ұзақмерзімді жоспар қажет. Бізге бұл жолды дұрыс, жүйелі түрде өту керек. Себебі қазірдің өзінде белгілі бір деңгейге жеттік және әрі қарай да дамып келеміз. Егер осы қарқынды сақтасақ, қазақстандық футболдың сапалы жаңа деңгейге көтерілетін күні алыс емес, – деп атап өтті Freedom QJ League Қамқоршылар кеңесінің төрағасы Тимур Турлов.
Маусымның басты оқиғасы – QJ League All Star матчы
23 тамызда Алматыда QJ League All Star дәстүрлі матчы өтеді. Бұл кездесуде лиганың үздік ойыншыларынан құралған құрама Мадридтің «Атлетико» жасөспірімдер командасымен кездеседі.
Естеріңізде болса, былтыр QJ League-те өнер көрсеткен 12 клубтың ең үздік футболшылары Сербияның «Црвена Звезда» командасын 2:0 есебімен жеңген. Сол кезде жақында ғана «Челси» клубымен келісімшартқа отырған Дастан Сәтпаев бір голдың авторы атанды.
