Жаңалықтар

Жаңа қала құрылысы кодексінің жобасы талқыланды

Жаңа қала құрылысы кодексінің жобасы талқыланды
Фото: e-cis.info 10.02.2023 10:43 1808

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі еліміздегі жаңа Қала құрылыс кодексін әзірлеу жөніндегі іс-шараларды жалғастырып келеді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Былтыр қыркүйекте министрліктің бастамасымен құрамы құрылысшылар мен сәулетшілердің кәсіби бірлестіктерінен, сондай-ақ «Атамекен» ҰКП, «Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты» АҚ, «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» және «Тұрғын үй коммуналдық-шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» өкілдерінен тұратын жұмыс тобы құрылған болатын.

Осы орайда жұмыс тобы Қала құрылысы кодексінің жобасын іске асыру жөніндегі Жол картасын әзірлеп, бекіткенін айта кету керек. Қазір оның құрылымдық жоспары жасалып жатыр, сондай-ақ сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы ұлттық әрі халықаралық заңнамаға салыстырмалы-құқықтық талдау мен оның тиімділігіне құқықтық, талдамалық мониторинг жүргізілді.

Бұған қоса сарапшылар аталған кодекс пен ілеспе заңға реттеуші саясаттың консультативтік құжатының жобаларын әзірлеп, оларға ҚР Әділет, сондай-ақ Ақпарат және қоғамдық даму министрліктердің тарапынан оң қорытынды берілді (тұжырымдамаларды талқылаудан өткізу үшін НҚА-дің ашық деректер порталында орналастырылып, талқылау нәтижелері 2023 жылдың 9 қаңтардағы есебінде жинақталды).

Бұдан бөлек осы жылдың 25-26 қаңтар күндері ҚР Құрылыс саласының қауымдастығы және Қазақстанның қала құрылысшылары мен құрылысшылар одақтарының мүшелерімен кездесу өтсе, ақпанның бірінші онкүндігінде ЖОО мен арнаулы орта оқу орны өкілдерімен кездесу ұйымдастырылды. Сол секілді «Индустриялық үй құрылысы» ғылыми-практикалық конференциясы және «Қазақстандық ұлттық кәсіби инженерлер мен кеңесшілер қауымдастығы» ЗТБ қатысуымен дөңгелек үстел өткізіліп, оның барысында құрылыста FIDIC шарттарын қолданудың озық тәжірибесі қарастырылды.

Ал ақпанның екінші жартысында «Атамекен» ҰКП-да дөңгелек үстел ұйымдастырылады деп жоспарланған. Оның қорытындысы бойынша Қала құрылысы кодексі мен ілеспе заң жобасының бірінші жобасы қалыптасуы тиіс.

Тұтастай алғанда, жаңа Қала құрылысы кодексінің жобасын қолданыстағы заңға сәйкес белгіленген тәртіппен барлық мүдделі тараптың келісімімен талқылаудың бүкіл кезеңінен өткізу қажет.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға