Жаңа оқу жылында білім беру ұйымдарында жеке қауіпсіздік сабақтары пайда болады
Еліміздің барлық балабақшаларында, мектептері мен колледждерінде 1 қыркүйектен бастап балаларға қорғану негіздері оқытыла бастайды. Осыған орай ҚР Оқу-ағарту министрлігі «Жеке бас қауіпсіздігі» тақырыбында 130 сабақ әзірледі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, мақсаты – балалардың бойында жеке қауіпсіздігі пен басқаларды қорғауға қатысты саналы және жауапты қарым-қатынас қалыптастыру, сондай-ақ төтенше жағдайларда әрекет етуге дайындау.
Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының айтуынша, балалардың жас ерекшеліктері мен даму деңгейін ескере отырып, сабақта балаларды ынталандыратын жайлы жағдай жасалады.
Бұл сабақтарда балаларға олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті білім мен дағдылар ғана емес, сондай-ақ әлеуметтік жауапкершілік пен құзыреттілік туралы түсіндіріледі. Балалардың жасы мен даму деңгейін ескере отырып, әр сабақтың пайдалы әрі қызықты өтуіне назар аударылуы тиіс. Себебі, біз балаларды қолдайтын және оларды жақсы істерге ынталандыратын орта құруға ұмтыламыз, - деп атап өтті Насымжан Оспанова.
Сабақ апта сайын сынып сағаты аясында 10 минут шамасында өткізіледі, бір тақырып жылына үш рет қайталанады. Сабақ барысында практикалық кеңестер, ойындар, оқытудың интерактивті әдістері, демонстрациялар, бейнероликтер және материалды барлық жастағы балалар үшін қолжетімді және түсінікті етуге көмектесетін практикалық оқытудың басқа да нысандарын қолдану ұсынылады.