Жаңалықтар

Жаңа депутаттардың жұмыс нәтижесін уақыт көрсетеді – Мақсат Жақау

Жаңа депутаттардың жұмыс нәтижесін уақыт көрсетеді – Мақсат Жақау
Фото: Мақсат Жақау 28.03.2023 17:50 1896

Саясаттанушы Мақсат Жақау Парламенттің VIII шақырылымына сайланған депутаттардың жаңа құрамымен танысып шыққанын айтып, бұл жөнінде өз пікірін білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Әрине, көптен бері үміт күткен депутаттардың аты-жөнін көргенде қуандық. Бір жағынан бұл өте жақсы өзгерістердің бастамасы. Барынша саяси реформалардың көрсеткіші ретінде жаңа адамдар мен есімдер келу керек деген Президенттің уәдесі іс жүзінде жүзеге асып жатқанының бір куәсі болып жатырмыз. Ал екіншіден, депутат деген бұл мамандық емес. Шығыстың бір нақыл сөзі бар. Кәсіби адам туылмайды. Ол жүре келе өз тәжірибесімен және уақытымен болатын дүние, - дейді саясаттанушы.

Сондай-ақ, сарапшы жаңа сайланған депутаттардың арасынан жастардың барын тілге тиек етті. Олардың ішінде кәсіби тұрғыда дағдыланып, өмірде жинап-терген әртүрлі тәжірибе иелері бар. Оның бәрін депутаттық міндетке сиғызып, әрі қарай заңнамалық талқылау жұмыстарында рационалды қолдана біледі деген пікірде.

Депутаттардан бірден уәдені орындауды талап еткеннен көрі, барынша оларға қоғам болып, ұсыныс-пікір білдіретіндей қолдау қажет. Екіншіден сайлауалды бағдарламаларында айтылған дүниесінің бәрін жүзеге асуын қадағалап отыру керек. Нәтиже бірден болмайды. Өйткені, заңнамалық, бюрократиялық жұмыстар бар. Оның бәрі уақытты талап етеді. Дегенмен бізде заң бойынша міндетін дұрыс орындамаған кандидаттардың мандатын қайтарып алу бар. Әрине, мұндай жағдайға жеткізбесін дейміз. Жаңадан келіп жатқан жас құрамның жұмысына табыс тілеймін. Барынша халықтың үнін Парламент мінберінде талқылап, ашып көрсететіндей үміт артамыз. Депутаттардың жұмысын уақыт көрсетеді. Алдын ала оларды болжап, анау жақсы немесе мынау жақсы деп айтуға болмас. Бірақ ертең күні олардың жұмысының нәтижесін халық онсыз да білу керек, - дейді сарапшы Мақсат Жақау.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға