Жаңалықтар

Жаңа алаңдар Өскемен футболын «жансақтау бөлімінен» алып шыға ала ма?

Жаңа алаңдар Өскемен футболын «жансақтау бөлімінен» алып шыға ала ма?
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 27.09.2024 18:00 494

Кейінгі жылдары жағдайы күрт нашарлап, «жансақтау бөлімінен» бірақ шыққан Өскемен футболының мүшкіл хәлі қалың жанкүйердің қабырғасына қатты батып жүрген еді. Несін жасырайық, Шығыста бұл спорт түрі жергілікті биліктің қолдауынан қағылып, жарымжан күйге түскенін еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары жазудай-ақ жазған, мәселені дүркін-дүркін көтерген. Өкініштісі оны еститін құлақ болмады. Сірескен сеңнің көбесі биыл ғана сөгілді.

Иә, өлімші күйдегі Өскемен футболын қайта түлетіп, тамырына қан жүгірту үшін Президенттің пәрмені жетіспей тұрған екен.

Биыл жазда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келгенде Өскемендегі О.Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежінде балғын спортшылармен кездескен. Сол кездесуде кішкентай футболшы, 4-cынып оқушысы Альтаир Бақытұлы Президенттен жабық шағын футбол стадионын салып беруді өтінген. Міне, сол сәттен бастап тоң жібігендей болды.

Жанкүйерлердің жазығы не?

Ол кезде қазіргі Абай облысы Шығыс Қазақстан облысының құрамында болатын. Ал қазақ футболының отаны саналған Семейде «Спартак», Өскеменде «Восток» командалары өнер көрсетті. Тарихтан білеміз, Семейде 1913 жылы қазақ футболының қарлығаштары – «Ярыш», «Олимп», «Ласточка», «Орлята» қатарлы командалар құрылған. «Ярыштың» сапында қазақ әдебиетінің классигі, жазушы Мұхтар Әуезов ойнаған.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «Елімай» деген атауды еншілеген «Спартактың» мұрагері үш рет ел чемпионы атанады. Өскеменнің «Востогы» Қазақстан кубогының финалында үш мәрте өнер көрсетіп, бір рет жеңіс тұғырынан көрінген. Алайда кейін қос қаланың командалары құлдырау кезеңін бастан кешірді. 2004 жылы семейлік клуб жоғары дивизиондағы сапарын аяқтаса, «Восток» премьер лига мен бірінші лиганың арасында көшіп-қонып жүретін аутсайдерге айналды.

2013 жылы елімізде қазақ футболының ғасыр тойы аталып өтті. Осы айтулы мерейтойға орай Семейдің «Спартагы» жанкүйерлеріне үлкен сый жасап, премьер лигаға оралады. Бір облыстан екі бірдей команданың жоғары лигада ойнауы өңір бюджетіне айтарлықтай салмақ салғандықтан жергілікті билік «Востокты» құрбандыққа шалып, оның орнын «Спартак» басты. Бірақ арада жыл өткенде бұл команда да премьер лигадан түсіп қалады. Сөйтіп сол кездегі облыс басшылығы құлдырап кеткен қос ұжымды қосып, бір мықты жаңа команда жасақтауға тырысты. Атауын «Алтай» деп қойды және оның базасы Семейге көшірілді. Бұл қадам да нәтиже бермеді. Керісінше жарты ғасырлық тарихы бар қос клубтың жанкүйерлерінің наразылығын туғызды. Ал Шығыстың намысын қорғайды деп сенім артқан «Алтай» алысқа бармады. Ғұмыр тым қысқа болды. Басынан дау арылмады. Соттасты.

2016 жылы бірінші лигада ойнайтын «Алтайға» ұпай жоғалтып алмау үшін бұрынғы «Востоктың» мұрагері емес екенін дәлелдеу керек болды. Өйткені «Востоктың» ойыншылар алдындағы қарызы шаш-етектен еді. Ал берешегі бар клубтың жазаға тартылып, ұпайы кемітілетіні түсінікті. Ақыры мәселенің ақ-қарасын Лозаннадағы (Швейцария) Спорттық арбитраж соты анықтап, «Алтайдың» пайдасына шешім шығарады. Семейлік ұжым өз кезегінде өтпелі матчта «Таразды» жеңіп, премьер лига жолдамасын қоржынға салған. Жанкүйерлер қуанышы ұзаққа созылмады. Премьер лига талаптарына сай келмеуіне байланысты, яғни футбол орталығы мен екінші лигадағы жастар командасының болмауы себепті «Алтайдың» чемпионатқа қатысуына рұқсат етілмеді. Сондай-ақ регламентте Қазақстан чемпионатының ең жоғары лигасында кемінде үш жыл тарихы бар командалар ғана ойнауға тиіс делінген. Ал «Алтайдың» құрылғанына бар-жоғары екі жыл ғана толған. Сөйтіп шығысқазақстандық жанкүйерлер үлкен футбол меркесін тамашалау қызығынан қағылды. Футбол секциясына барып жүрген балалардың ата-аналары облыс басшылығына хат жазып, қолдау сұрады. Ешқандай нәтиже болмады. Есесіне, Шығыс Қазақстанда «Алтай» атты волейбол клубы құрылып, оған үйіп-төгіп қаржы құйды. Сырттан легионерлер алдыртты...

«Алтын доп» иегерлері ауылда жүр

Бір қызығы, 2022 жылы Абай облысы жеке шаңырақ көтергенде қазақ футболының кіндікжұртында футбол дүркіреп дамыды. «Елім-ай» атауын қайтарған абайлық команда алғашқы жылы бірінші лигада топ жарса, енді міне биыл премьер лигада көш бастап келеді. Мамандардың болжамынша, маусым соңында бұл команда үздік үштіктен көрінуге тиіс.

Ал Өскеменде ше? Ауыз толтырып айтарлық жетістікке жете қойған жоқ бұл қаланың футболшылары. 2024 жылдың наурыз айында құрылған «Алтай Өскемен» командасы қазір бірінші лигада ойнап жүр. Турнир кестесінің жуан ортасында. Жақсы да емес, жаман да емес ортаңқол ойын өрнегін көрсетуде.

Сонау кеңес заманынан жанкүйермін. Өзіміздің «Восток» қандай еді кезінде?! Қазақстан чемпионатында топ жарып, үздік үштіктен көрінбесе де көш соңында қалмайтын. Кубоктық ойындардың шебері еді ғой. Қателеспесем 1994 жылы кубокты жеңіп алды. Бірнеше рет финалда ойнады, білемін. Қазір сол жетістіктің жұрнағы да жоқ. Талантты жастар көп бізде, соларды шыңдаса, тәрбиелесе. Өскеменде бұрыннан қалыптасқан футбол мектебі болған, сол қайда қазір? Бәрін құртты. Билік басындағыларға футбол қажет емес шығар, ал біз секілді қарапайым адамға ол үлкен қуаныш, жаныңды шабыттандырып, рухтандырар күш, – деді өскемендік Дулат Жанарбекұлы өзінің ғана емес көп жанкүйердің жанына батқан жағдайды айтып.

Дулаттың пікірінше, кәсіби футболды дамыту үшін алдымен бұқаралық футболға көңіл бөлу керек. Сондай-ақ мықты база қалыптастыру маңызды. Ал ондай базаны футбол орталықтарында тәрбиеленіп жатқан балалар береді.

Табысқа жетеміз десек ең бірінші жүйені реттеу керек. Айталық, футбол академиялары мен орталықтарын дамытып, жан-жақтан келетін балалар тұратын интернаттар ашылса. Сырттан легионерлер тартқанша өзіміздің өрендерді тәрбиелесек сонда ұтамыз. Қабілетті балалар өте көп. Әсіресе, ауылды жердегі балалардың әлеуеті, футболға деген қызығушылығы, ерік-жігері, физикалық дайындығы керемет. Тек оларға жағдай жасалса, мықты база орнатып, білікті бапкерлер жұмыс істесе. Жалпы, біздегі бапкерлердің де шеберлігін шыңдап, біліктілігін арттыру қажет. Ол үшін шетелден жоғары деңгейдегі кәсіби маман алдыртып, біздікілерді оқытса, үйретсе. Нәтиже өзі-ақ келеді. Дәл осындай жүйе хоккейде болған. Бәріміз білеміз, Өскемен хоккейінің тәрбиеленушілері Қазақстанды қойып әлемнің әр түкпірінде өнер көрсетіп жүр. Футболда да осындай жүйе қалыптастыру керек, – деді Өскемендегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің футболдан аға жаттықтырушысы Жандос Юсубалиев.

Жандос бапкер айтқандай, ауылда талантты балалар шынымен көп. Оған мына бір деректі мысалға келтіруге болады.

Биыл футболдан ауыл балаларының командалары арасында Қазақстан чемпионаты өтті. Осы біріншілікке Шығыс Қазақстан облысының атынан Зайсан ауданының аяқдопшылары қатысып, қос бірдей жүлдені қоржынға салды. Атап айтсақ, Зайсанның 2013 жылы туған балалары күміс жүлдегер атанса, 2011 жылы туғандары қола жүлдеге қол жеткізді. Әне, жетістік. Болашақ «Алтын доп» иелері ауылда жүр. Тек сол бұлақтың көзін аша білу керек.

«Алаң» жобасынан үміт көп

Бұқаралық футболды дамытпай, кәсіби футболда жетістікке жетемін деп ойлау нонсенс. Бәлкім қыруар қаражы салып, сырттан легионерлер тартып уақытша нәтиже көрсетуге болатын шығар, бірақ бұл тұрақты емес. Кез келген ұзақ мерзімді жоспарды іске асыру үшін жұмыс жүйелі жүргізілуі керек. Күні кеше Өскемендегі «Восток» стадионының қосалқы алаңы ашылғанда арнайы келіп салтанатты жиынға қатысқан Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов осылай деді.

Облыс орталығындағы ең ірі спорт нысандарының бірінен саналатын көпфункционалды «Восток» стадионы 1963 жылы ашылған. Жанында жаттығатын қосалқы алаңы бар. Біраз жылдан бері осы қосалқы алаңның жасанды көгалы тозып, кетеуі кете бастаған. «Алаң» жобасының арқасында тозған нысан қайта жаңғыртылды.

«Ол қандай жоба?» деп отырған шығарсыз. Атайық. «Алаң» – Қазақстан футбол федерациясының төл жобасы. Былтырдан бері іске асырылып келеді. Ондағы мақсат – еліміздегі тозып тұрған футбол инфрақұрылымын жаңғырту, дамыту. Жобаның арқасында биыл республиканың ірі қалаларында, атап айтсақ Павлодар, Абай, Қарағанды, Жамбыл, Атырау, Ақмола Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында жиыны 50 алаң жаңғырту көзделген. Бүгінде бірқатар облыста жоба жүзеге асырылып қойды. Сол елудің ішінде «Востоктың» қосалқы алаңы да бар. 

Жасанды төсеніші жаңартылған алаңның ашылуына Қазақстан футбол федереациясының президенті Әділет Барменқұлов, футболдан ұлттық құраманың бас бапкері Станислав Черчесов және басқа да құрметті қонақтар қатысты. Арасында жергілікті шенеуніктер де төбе көрсетті.

Біздің мақсат – жергілікті жердегі балалардың арасынан Месси, Роналду сияқты әлемдік деңгейдегі футболшылар шығару. Бұқаралық футболды дамыту арқылы кәсіби футболдың деңгейді көтеруіміз қажет. Қазір елімізде 1 млн 250 мыңнан астам бала осы спорт түрімен айналысады. Барлық футбол орталықтары лық толып тұр. Футбол академияларын ашып, олар дамығанша біраз уақыт керек. Сол үшін біз осындай жолды таңдадық, еліміздің өңірлеріндегі ескірген алаңдарды қайта жаңғырту арқылы бұқаралық футболды дамытамыз. Биыл «Алаң» жобасы еліміздің ірі қалаларында жүзеге асырылса, келер жылы моноқалаларды қамтимыз. Осы жылдың өзінде үш моноқалада алаңдар жаңартылды. Осы қарқынмен жалғастыра отырып шалғайдағы ауылдарға да жетуді мақсат етіп отырмыз, – деді Әділет Барменқұлов.

Қазақстан футбол федерациясының мәліметінше, «Алаң» арқылы бір жылда 70 алаңды жаңғырту жоспарланған. Осы жетпістің жиырмасы стадионы жоқ жаңа алаң болса, қалғаны бұрыннан бар ескі нысандар. Алайда кейбір жергілікті жердегі жауапты орындардың тиісті құжаттарды дер кезінде реттей алмай қалуынан және бюрократиялық кедергілердің болуынан жоспарда біраз өзгерістер туындаған. Дегенмен ескірген 50 алаң жаңғыртылса оның өзі үлкен жетістік.

Ең бастысы ірі қалалардан басталған жоба қиырдағы ауылдарға да жетеді деп отыр федерация өкілдері. «Алаңның» артықшылығы да осында. Айталық, алдағы жылдары Шығыс Қазақстан облысының шекарада жатқан Зайсан, Тарбағатай аудандарында да ескірген футбол алаңдары заманға сай үлгіде жаңартылатын болады. Сонау түкпірдегі ауыл балалары да Италияда өндірілген жасанды көгалда доп теуіп жатса қандай керемет!

Бұл жоба былтыр қолға алынып, биыл жалғасын тапты. Бір жылда елу алаңды жөндеп, ел игілігіне беру бұрын-соңды қазақ футболының тарихында болмаған. Ал енді мынаны қараңыз, Италияда жасалған мына сапалы жасанды көгалды қалай алдық? Ол жағын ойлаған біреу бар ма? Журналистер осыны неге сұрамайсыздар? Мәселен, «Востоктың» мына қосалқы алаңың жаңалау үшін 130 миллионнан астам теңге кетті. Оны кім берді? Мемлекеттен бөлінген шығар деуіңіз мүмкін, шындығында олай емес. Жобаға қаражатты демеушілер беріп отыр, – деді Қазақстан футбол федерациясының баспасөз хатшысы Ермұхамед Мәулен.

Баспасөз хатшысының айтуынша, «Алаң» жобасының негізгі демеушісі ретінде 1ХBET компаниясы көрсетілгенмен, аты-жөнін атамауды жөн санаған тағы бірнеше кәсіпкер бар екен. Олардың да мұрат-мақсаты біреу ғана, ол – ауыл балаларының сапалы алаңда доп теуіп, қандай да бір жетістікке жетсе болғаны.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға