Жаңалықтар

«Жан Шуақ» сыйлығының иегерлеріне 1 млн теңгеден табысталды

«Жан Шуақ» сыйлығының иегерлеріне 1 млн теңгеден табысталды
Фото: «AMANAT» партиясы 01.12.2023 11:02 802

Елордада «AMANAT» партиясының қолдауымен Қазақстан мүгедектер конфедерациясы ұйымдастырған XVI «Жан Шуақ» қоғамдық сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бейбітшілік және келісім сарайында мыңнан астам мейман мен қатысушылар жиналды. Іс-шара басталар алдында бейнелеу және қолданбалы өнер көрмесі өтіп, онда ерекше қажеттілігі бар суретшілер әзірлеген өнер туындылары ұсынылды.

Сөз басында Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов Президент ерекше қажеттілігі бар адамдарды қолдау мәселесіне айрықша назар аударатынын атап өтті.

Біз қазір инклюзивті мемлекет, инклюзивті экономика, инклюзивті қоғам туралы жиі айтамыз. Кең мағынасында «инклюзив» ұғымы әділдік пен бірлік, тәртіп пен заң үстемдігі және тең мүмкіндіктер дегенді білдіреді. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қолға алған реформалардың негізгі басымдықтары, – деді Ерлан Қошанов.

Сондай-ақ, Мәжіліс Төрағасы Президент тапсырмасы бойынша елімізде халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтары жөніндегі Омбудсмен институты жұмыс істеп жатқанын ерекше атап өтті. «Инклюзивті Парламент» депутаттық тобы қызметке кірісті. Оның құрамында 19 депутат бар. Өңірлік мәслихаттарда ерекше қажеттілігі бар 71 депутат өз міндетін атқаруда. Олар әлеуметтік кедергілерді жою және ерекше қажеттілігі бар адамдарға қолжетімді орта құру мәселесімен тұрақты түрде айналысып келеді.

Қазақстан мүгедектер конфедерациясының президенті Жанат Омарбекованың айтуынша, биыл «Жан Шуақ» сыйлығына еліміздің барлық өңірінен 200-ден астам өтінім келіп түсті. Жалпы, осы уақыт аралығында барлығы 80-ге жуық адам марапатқа бөленді.

Өзіндік ерекшелігіне қарамастан, әр адам тең мүмкіндік пен құқыққа ие болуы керек. Бұл сыйлық аталған қағиданы өмір шындығына айналдырған, қиындыққа мойымай, табандылық танытқан және бәрімізге шалқар шабыт сыйлаған жандарды даралайды. Біз ерекше қажеттілігі бар адамдардың дамуына, өз қабілет-қарымын танытуына және жаңа мүмкіндіктерге жол ашуына көмектесеміз, – деді ол.

«Спорт саласындағы үздік жетістіктері үшін» сыйлығын қоларбадағы биімен Азия және әлем чемпионы атанған шымкенттік Ермек Қалымбетов иеленді.

«Кәсіпкерлік қызметті дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясы бойынша мүгедектер арбасын тегін жөндейтін «Invakolyaski.kz» шеберханасын ашқан алматылық Дәурен Алканов марапатталды.

Астаналық Валентина Толмачева «Мүгедектігі бар адамдарға қатысты қоғамдық сананың оң өзгеруіне қосқан үлесі үшін» марапатына ие болды. Ол ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған түрлі іс-шаралар мен конкурстар ұйымдастырады.

«Мүгедектігі бар адамдардың ғылым мен білім беру қызметін дамытуға қосқан үлесі және оқуға талпынысы үшін» номинациясы бойынша Түркістан облысының азаматы Мейірхан Топанбай сыйлыққа лайық деп танылды. Ол – 10 тілді меңгеріп, 68 мың кітап оқыған адам.

Теміртаулық Арман Қарынсау «Мәдениет саласындағы үздік жетістіктері үшін» номинациясы бойынша сыйлық иеленді. Ол бүгінде «Қанаттылар» инклюзивті театрының әртісі.

Елорда тұрғыны Ильнар Айтняков «Күш-жігері және жеңіске талпынысы үшін» номинациясының иегері атанды. Ол компьютер жөндеу шеберханасын ашып, қайырымдылықпен айналысып келеді.

«Өнер саласындағы аса үздік жетістіктері үшін» марапатына Тараздан келген Анар Бексұлтанова лайық деп танылды. Ол тігін шеберханасын ашып, мүгедек әйелдерді оқытып, жұмысқа орналастырып жатыр.

Ал «Инклюзивті Парламент» депутаттық тобының арнайы номинациясында астаналық Серік Жүзбай жеңіске жетті. Жаны жомарт азамат қайырымдылықпен айналысып, қараусыз қалған 100-ден астам баланы туған-туыстарымен табыстырып жүр. Зағип немесе көзі нашар көретін отандастарымызды қазақ, орыс, араб тілдеріне Брайль жүйесі бойынша оқыту жұмысын ұйымдастырды.

Жеңімпаздардың әрқайсысы 1 млн теңге көлеміндегі ақшалай сыйлыққа ие болды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға