Жаңалықтар

Жәмила Бақбергенова Олимпиада үшін салмақ ауыстырды – бас бапкер

Жәмила Бақбергенова Олимпиада үшін салмақ ауыстырды – бас бапкер
Фото: ҚР ҰОК 07.03.2024 17:50 741

Әйелдер күресінен Қазақстан командасының бас бапкері Қайрат Сағадиев Қазақстан командасының үздігі Жәмила Бақбергенованың салмақ ауыстыруына қатысты өз пікірін білдірді. Бапкердің айтуынша, Бақбергенова Олимпиадаға қатысу үшін бар күшін салуда. Бұл туралы Olympic.kz сайтына сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Айта кетелік, әлем чемпионатының үш дүркін жүлдегері Жәмила Бақбергенова 72 келі салмақтан 76 келіге ауысып, соңғы Қазақстан чемпионатында жеңіске жеткен болатын. 

Жәмила Бақбергенова ұлттық құрама көшбасшыларының бірі. Ол үш әлем чемпионатында жүлде алып, Азияда бірнеше рет топ жарған. Мұндай нәтижені кез келген спортшы көрсете бермейді.

Ал әрбір спортшының арманы Олимпиада болған соң, оның салмақ ауыстру себебін жақсы түсінемін. Бақбергенова Токио Олимпиадасына іріктеу кезеңінде 68 келіге салмақ түсіріп көрген. Алматыдағы лицензиялық турнирде жеңіліс тауып, әлемдік іріктеу сынында әзірбайжандық балуаннан жолдамаға бір қадам қалғанда жеңілді.

Енді 76 келіге ауысты. Бұл салмақтың да өз мықтылары бар елде. Эльмира Сыздықова мен Гүлмарал Еркебаевалар Жәмиланың басты қарсыласы атанған. Өздеріңіз көргендей, Қазақстан біріншілігінде айналмалы жүйе болса күресіп, бір рет Сыздықова жеңді. Финалда Бақбергенова ұтылып жатып, жеңісті жұлып алды. Мұның бәрі - мінез.

Одан бөлек, Жәмиланың Азия ойындарында 76 келіде күресіп, финалға жеткені де оған жігер бергені сөзсіз. Ақтық сында қырғызстандық мықты балуан Айпері Медетқызымен белдесті. Айпері алғашында бой бермегенімен, соңына қарай Жәмиланың ығына жығыла бастады. Яғни бұл салмақтың үздіктерімен де иық тірестіруге болатынын балуанымыз жақсы түсініп отыр.

Сондықтан, Жәмила Бақбергенова бұл қадамын құптаймын. Ол Олимпиада үшін үлкен тәуекелге барып отыр. Ал үлкен спорт тәуекелді, жігерді қажет етеді. Қазір ол құраманың бірінші нөмірлі балуаны ретінде Бішкекте өтетін Азия аймақтық лицензиялық турнирде бақ сынайды, - дейді бас бапкер.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға