Жамбылдықтар қызмет бабында қаза болған полицейді ақтық сапарға шығарып салды

Жамбылдықтар Жуалы ауданында республикалық маңызы бар тас жолда қызметтік міндетін атқару кезінде жол апатынан қаза болған полиция аға лейтенанты Нұржан Дунбаевты соңғы сапарға шығарып салды, деп хаарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Жаназаға марқұмның отбасы, ағайын-туыстарымен қатар Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы Бақытжан Малыбаев, қызметте болған әріптестері мен достары қатысты.
ПД бастығы Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің көңіл хатын оқып, қайғыға ортақ екендігі және марқұмның отбасына мемлекет тарапынан әрдайым қолдау жасалатынын жеткізді.
Әріптесіміздің қызмет барысында, кенеттен қаза болуына байланысты суық хабар баршамыздың қабырғамызды қайыстырды. Біз - кәсіби білікті, тәжірибелі маман, біреуге дос, біреуге бауыр болған қызметтесімізді соңғы сапарға шығарып салып отырмыз. Нұржан Батырбекұлы ұзақ жылдар бойы өңірдегі қауіпсіздікті сақтау, қоғамдық тәртіпті қадағалау ісінде өлшеусіз үлес қоса білді. Қызметіне адал әріптесіміздің әлі де халыққа берер пайдасы мол еді. Артында қалған отбасы - балалары мен жұбайына әрқашан қолдау жасап, қамқор боламыз деп сенім білдіремін. Оның жарқын бейнесі мен абыройлы есімі әрдайым жадымызда сақталады. Арты қайырлы, жаны жаннаттық болсын, — деді өңірдің бас полицейі.
Марқұмның жаназасы өз туған жері — Шайқорық елдімекенінде өткізілді.
