Жамбылда ветеринарларға 50 қызметтік автокөлік кілті табысталды

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев ветеринарларға 50 қызметтік автокөліктің кілтін табыстады. Байзақ ауданы Қосақ ауылында өткен шараға Мәжіліс депутаттары, Су ресурстары және ирригация, Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері және республиканың басқа өңірлерінен келген ветеринарлар қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Биыл бірыңғай жаңа типтік үлгідегі 40 ветеринариялық пункттің құрылысын жүргізу жоспарланған, оның 20-сы демеушілер есебінен салынуда.
Жалпы тозығы жеткен пункт ғимараттарының мәселесі 2025-2026 жылдары аралығында толық шешімін таппақ.
Медицина адамды, ветеринария адамзатты емдейді» деген нақыл сөз ешқашан өзектілігін жойған емес. Мемлекет басшысы малдың жұқпалы ауруларына қатысты ахуалды, оның ішінде екпе егу мәселесін ерекше бақылауда ұстауды тапсырған болатын. Себебі мал шаруашылығын дамыту мүмкіндіктері мен оның экспорттық әлеуеті ветеринария саласына тікелей байланысты. Жаңа қызметтік автокөліктер – сапалы қызмет көрсетудің негізі мен кепілі, – деген аймақ басшысы эпизоотиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан сала мамандарына алғыс білдірді.
Салтанатты шара барысында ПарламентМәжілісінің депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаев пен Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин құттықтау сөз сөйледі. Бірқатар азамат өңірдің өркендеуіне елеулі үлес қосқаны үшін «Құрмет» ордені, Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» және «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгілерімен, сондай-ақ Құрмет грамотасымен марапатталды.
Айта кетсек, биыл облыста ветеринария саласын дамытуға 4,6 млрд теңге (2024 жылы – 4,2 млрд. теңге) бөлінді. Салада 1 055 маман еңбек етеді, соңғы екі жылда жұмысшылардың жалақысы 30 пайызға өсті. Кейінгі 3 жылда 17 биотермиялық шұңқыр салынып, үшеуі жөндеуден өтті. Ветеринарлар 160 дана термосөмкемен қамтамасыз етілген. Енді маусымдық қызметтік киім сатып алу көзделіп отыр.
