Жаңалықтар

Жамбылда Түркияның пилотсыз ұшатын Anka аппараттары сынақтан өтіп жатыр

Жамбылда Түркияның пилотсыз ұшатын Anka аппараттары сынақтан өтіп жатыр
Фото: Sarbaz.kz 25.07.2023 20:00 909

Жамбыл облысында жаңа қорғаныс құралы сынақтан өтіп жатыр, деп хабарлайды Еl.kz ақпарат агенттігі.

Sarbaz.kz агенттігінің ақпаратынша, жаңа қорғаныс аппараттары Ұшқышсыз ұшу аппараттарын жауынгерлік даярлау және жауынгерлік қолдану оқу орталығының базасында сынақтан өтіп жатыр.

Іс-шараға 14157 әскери бөлімінің ұшу және инженерлік-техникалық құрамы, сол сияқты Turkish Aerospace Industries өндіруші компаниясының өкілдері қатысып жатыр.

Тест сынақтары басталғанға дейін бірқатар дайындық шаралары орындалды. Түркияда аралық инспекция, техникалық қабылдау, сондай-ақ инженерлік-техникалық құрам мамандарын, ұшқыштарды, пайдалы жүктеме операторларын даярлау жүргізілді. Кешенді түрде жеткізіліп, орналастырылғаннан кейін мамандар оның жұмысын тексеруге кірісті.

«Тесттік ұшулар – қабылдау кезеңінің бір бөлігі. Негізгі міндет – кешеннің, жабдықтың және қосалқы жүйелердің жарамдылығын тексеру. Тәжірибелі әскери кешенді пайдалану 2023 жылдың тамыз айына жоспарланып, 2024 жылдың наурыз айының ортасына дейін жалғасады», - деп түсіндірді ҰҰА жауынгерлік даярлау және қолдану Оқу орталығының бастығы полковник Шоқан Мұсабеков.

Сынақтан сәтті өткен жағдайда Anka пилотсыз ұшу аппараты кешені Қазақстан армиясына қабылданады.

Ерекше айта кетерлігі, Anka ұшқышсыз ұшу аппараты Таяу Шығыстағы, Таулы Қарабақтағы ұрыс қимылдарында қолданылып, тиімділігін көрсетті.

Ұшу аппараттарының жүк көтергіштігі 300 кг-ға дейін, ал мұздан тазарту жүйесінің болуы суық ауа райында да ұшуға мүмкіндік береді.

Соңғы жылдары дрондар болашақтың қаруы деп аталған болса, қазіргі уақытта қарулы қақтығыстарда белсенді қолданылып жатқанынан хабардармыз.

Anka апараттарының негізгі артықшылықтары:

  • барлау, нысананы дәлдеу;
  • артиллериялық атысты түзету;
  • жерден нысандарға соққы беретін авиацияны бағыттау;
  • әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдарын анықтау және еңсеру;
  • дұшпанның аса маңызды нысандарын жою.

Міне бұл жаңа қару түрінің мүмкіндіктерінің бір бөлігі ғана. Ал ең бастысы –  жауынгерлік тапсырмаларды орындау кезінде жеке құрамның зардап шегуінің алдын алады.

Осы фактілердің негізінде Қорғаныс министрлігінде Ұшқышсыз авиациялық жүйелерді дамыту және қолдану департаменті құрылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға