Жамбылда тамшылатып суару құралдарын өндіретін зауыт іске қосылды
Жамбыл облысында «Каз Каспий Гидро Сельхоз Технология» ЖШС тамшылатып суару жүйесін шығаратын өндірісті іске қосты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Жаңа жобаның құны 2,8 млрд теңгені құрайды. Мұнда жылына 20 мың гектарға дейінгі алқапты тамшылатып суаруға қажетті жабдықтар өндірілмек. 30 жаңа жұмыс орны құрылып, өндіріс толық қуатына шыққаннан кейін жұмыс орындарының саны екі есеге артады деп күтіліп отыр.
Қазіргі уақытта кәсіпорын келесі вегетациялық маусымға толығымен дайын. Фермерлерге 6 000 гектар суару жабдықтары беріледі. Сондай-ақ ұңғымаларды бұрғылауға арналған құрал-жабдықтар да жеткізілді.
Ербол Қарашөкеев Мемлекет басшысының жан-жақты қолдауының арқасында елімізде инвесторлардың жұмыс жағдайын жақсарту бойынша жүйелі қадамдар жасалып жатқанын баса айтты.
Облыс әкімі өндіріс ошағына қажетті қолдау көрсетілетінін, сондай-ақ шаруалар үшін дұрыс баға мен сапа арақатынасының маңыздылығын атап өтті. Суды үнемдейтін суару технологияларын енгізу су шығынын азайтып, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттырады.
Бұдан бөлек, жергілікті тұрғындарды жұмысқа тарту мәселесіне де назар аударды. Облыста суармалы жердің көлемі 181,8 мың гектарды құрайды. Оның 127,3 мың гектары немесе 70,9 пайызы жерүсті әдісімен суарылады. Ал 28,5 мың гектар алқапқа жаңбырлатып суару, 11,5 мың гектар жерге тамшылатып суару жүйесі пайдаланылады.
2024 жылы 15,2 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологиялары орналастырылған. Биыл 10 мың гектарға енгізіліп, облыс аумағындағы жалпы көрсеткіш 64,5 мың гектарға дейін жетеді деп күтілуде.