Жаңалықтар

Жамбылда алты айда 120-дан астам жол апаты орын алған

Жамбылда алты айда 120-дан астам жол апаты орын алған
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 13.07.2023 05:28 790

Жыл басынан бері Жамбыл облысының республикалық маңызы бар автожолдарында 121 жол-көлік оқиғасы орын алған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Салдарынан 48 адам қаза тапты, 219 адам түрлі дәрежеде жарақат алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жамбыл облысы полиция департаментінің қызметкерлері жедел жәрдем медициналық қызметінің қызметкерлерімен бірлесіп, 1-31 шілде аралығында жол қауіпсіздігінің алдын алу бойынша рейдтік іс-шаралар жүргізуді бастады.

Автомагистраль арқылы өтетін көліктерді тоқтата отырып, полицейлер жүргізушілерге іс-шараның мақсаты туралы айтып, азаматтарға жол қозғалысы ережелерін сақтау қажеттілігі, белгіленген қозғалыс жылдамдығы, көлік руліне отырар алдында демалу қажеттілігі туралы ескертуде. Ал жедел жәрдем бригадасының қызметкерлері тыныс алу көрсеткішін, қысымды өлшейді, медициналық көмек қобдишаларын тексереді. Қажет болған жағдайда дәрігер медициналық көмек те көрсетеді.

Алыс жолға шығуды жоспарлап отырған жүргізушілерге ең алдымен ұзақ жолға шығар алдында жақсылап тынығу қажеттігін ескертеміз. Шамадан тыс шаршау сергектікті төмендетеді, реакциялар нашарлап, баяулайды. Жалпыға бірдей қабылданған қағидаларды ұстанбайтын азаматтар жол қозғалысының барлық қатысушыларына қауіп төндіреді, – деді облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы полиция подполковнигі Манас Әбдікәрімов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға