Жамбылда алаяқ тұрғындарды 4,5 млн теңгеге сан соқтырған
Жамбылдық полицейлер тұрғындарды 4,5 млн теңгеге сан соқтырған алаяқты құрықтады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Жамбылдық полицейлер желіде қолма-қол ақша шешіп беруге уәде еткен бірнеше алаяқтық дерегіне қатысты күдікті ер адамды ұстады.
ҚР ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Қызылорда облысының 25 жастағы тұрғыны ұсталды.
Ер адамнан құқыққа қайшы заңсыз әрекеттерді жүзеге асырған екі ұялы телефон тәркіленді. Интернет-алаяқтықты тұрақты табыс көзіне айналдыра отырып, «Жаңатас – Сауда» telegram тобы арқылы күдікті азаматтарға пайызсыз бөліп төлеуге 8% ақшалай қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыруға уәде берген, - делінген мәліметте.
Жәбірленушілер алаяққа қашықтан төленген шоттар бойынша QR коды арқылы онлайн төлем жіберген. Осыдан кейін алаяқ реквизиттерді пайдаланып, жеке кәсіпкердің әртүрлі шоттарынан ақша алған.
Ұсталған азамат интернеттегі алаяқтықтың 5 дерегі бойынша күдікке ілінді. Жалпы келтірілген залал көлемі 4,5 млн теңгені құрайды. Осы деректерге қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабының 2-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды, - делінген.