Жамбыл облысының халқы жаңа әкімнің кабинетіне басып кірді
Жамбыл облысының әкімдігі алдына жиналған ата-аналар жаңа сайланған әкім Ербол Қарашөкеевті жылы кабинетінен сыртқа шығуын талап етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Ата-аналар жекеменшік мектепте оқитын 10 мыңнан астам оқушының тегін тамақтан қағылғанына наразы. Одан қалды оқу жылы қарсаңында көмек ретінде берілетін 40 мың теңгенің де бір тиынын көрмедік дейді наразылар. Ата-аналар жеке мектепке балаларымызды ақшамыз асып-тасығаннан емес, мемлекеттік мектептің болмауынан бердік дейді.
Ашуланған ата-аналар облыстық әкімдік алдында айқайға басты. Олар өңірдің жаңа басшысымен кездеспек болған. Бірақ Ербол Қарашөкеев келмегесін, жиналғандар әкімнің кабинетіне басып кірді. Әкімдіктегі шенеуніктерден бастап құзырлы органдарға дейін аяғынан тік тұрғызған ата-аналар су жаңа әкімді де жұмсақ креслосынан тұрғызбай қоймады. Аймақ басшысы жиналғандарды залға кіргізіп, арыздарын министрлікке жеткізетінін айтты.
Қазіргі таңда бұл мәселе ашық.Министрлік айналысып жатыр, - деді Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев.
Жамбыл облысы білім басқармасының басшысы Мейірхан Өмірбек жекеменшік мектептерді министрлікке қарауын ұсынып жатқанын айтты.
Сосын жаңа әкім ертең дауы басылмайтын, мәселесі таусылмайтын ауданға өзі барып, мәселені май шаммен қараймын деп басу айтқандай болды.
Министрлікпен, қазір министрмен сөйлесіп, сіздердің проблемаларыңызды жеткіземін. Ол жағынан күмән болмасын. Мен шағынауданды өз аяғыммен жүріп аралаймын. Уайымдамаңыз, - деді әкім.