Жаңалықтар

Жамбыл облысында жыл басынан бері 242 жасөспірім үйінен кетіп қалған

Жамбыл облысында жыл басынан бері 242 жасөспірім үйінен кетіп қалған
Фото: © Unplash 09.10.2024 06:28 1613

Жамбыл облысының полициясы жасөспірімдердің үйден кетіп қалу себептерін айтты. Жыл басынан бері өңірде жасөспірімдердің үйден кетуінің 242 дерегі тіркелген. Олардың 215-і сол тәулікте, қалғандары  тұрғылықты жері бірнеше тәулік ішінде табылған, деп хабаралды El.kz ақпарат агенттігі.

Статистикалық талдау нәтижелері көрсеткендей, жасөспірімдердің өз бетінше үйден кетуінің негізгі себептері- отбасындағы жанжал жағдайлары, ата-аналардың жұмыс бастылығы, нәтижесінде балалардың бос уақыты мен байланыс ортасына қатысты бақылаудың болмауы. Бұдан өзге мұндай жағдайға кәмелетке толмағандардың бос уақытының дұрыс ұйымдастырылмауы, компьютерлік ойындарға деген әуестік, отбасындағы қолайсыздық және жасөспірімнің өзін-өзі бағалауы, өзін құрметтеуіне, төтенше, кейде қауіпті жолдармен танылуға және бақылаудан шығуға деген ұмтылысы да себеп болады. Ал балалар нақты мекенжайды білмей, автобуспен жүріп немесе үйден ұзап бара жатқанда адасып кету, кездейсоқ кету жағдайы сирек кездеседі екен.

Мәселен, 17 жастағы жасөспірім шкафтағы заттарды ақтарып жүріп, әжесінің жасырған ақшасын тауып алып. Оған ұялы телефон сатып алған. Мұны білген әжесі немересіне ұрысқан, ал ол ренжіп үйден жасырын кетіп қалған. Полиция жасөспірімді таңертең үйден 35 шақырым жерден тапқан. Ал 13 жасар бала ата-анасымен сабақтан төмен баға алғаны үшін ұрысып, ешбір ескертпестен, досының үйіне қонған. Осыған қатысты ата-аналармен және кәмелетке толмаған жасөспірімдермен профилактикалық әңгімелер өткізілген.

Қазіргі таңда үйден кеткен барлық жасөспірімдер табылып, ата-аналарына қайтарылды. Балаларға қатысты не олардың қатысуымен жасалған қандай да бір қылмыс жасау фактілері оларды іздестіру кезеңінде тіркелмеген. Барлық балаларды іздеуге тек полиция қызметкерлері ғана емес, еріктілер мен осыған бей-жай қарамайтын белсенді азаматтар да қатысты,-деп атап полициядан.

Осы ретте ведомство балаларыңызға мұқият және абай болуды ескертеді. Олардың мәселелерін бірлесіп шешіңіздер, балаңыздың әуестіктері мен бос уақытына қызығушылық таныту маңызды. Егер бала үйден өз еркімен кетіп қалса, онда сіз оның барлық таныстары мен достарына кідіртпей қоңырау шалыңыз. Оның қандай киіммен кеткенін және өзімен бірге не алғанын анықтауға тырысыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға