Жаңалықтар

Жамбыл облысында оқушы қызды топтасып зорлағандар жазасын алмай жүр

Жамбыл облысында оқушы қызды топтасып зорлағандар жазасын алмай жүр
Фото: Elements.envato.com 12.07.2024 15:20 1810

Жамбыл облысында 17-25 жас аралығындағы төрт жігіт 8-сынып оқушысын зорлады деген күдікке ілінді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, сот сараптамасы жүргізілген. Алайда, оның жауабының ұзақ уақыт шықпауына байланысты жәбірленушінің анасы Айгүл Қонқашева айыпталушылар жазадан құтылып кете ме деп алаңдайды. Өйткені, күдіктілердің ешбірі де әліге дейін қамалмаған. 

Айгүл Қонқашеваның 31 арнаның «Информбюро» ақпараттық бағдарламасының тілшілеріне айтып бергеніндей, бұл оқиғаның болғанына жарты ай өткен. Оның оқушы қызын кешкілік таныс жігіт далаға шығуға көндіріп, көлікпен әкеткен. Кеш қарайғасын ата-анасы іздегенімен еш байланыса алмайды. Тек таңға жақын ауладағы орындықта сүлесоқ күйде отырған жерінен тауып алады. Дереу ауруханаға жеткізіп, медициналық сараптама жасатады. Қыздың бойынан синтетикалық есірткі зат табылған. 

Қызым есін білмейді. Буын-буыны істемейтін мас адамдай. Медициналық сараптама оның бойынан синтетикалық есірткіні анықтады. Бұл жерде есірткі беріп, топтасып зорлау болғаны анық, – деді Айгүл Қонқашева. 

Оның айтуынша, қызын көлікпен алып кеткенде, көлік ішінде тағы үш адам болған. Жас шамасы 17, 18, 20, 25-тегі жігіттер. Бұл оқиға бойынша арна тілшілеріне Қордай ауданының прокуратурасы түсініктеме берді. 

Ал бар өкпесін айтқан жәбірленушінің туыстары прокуратурадан тергеушілердің дөрекілігі, бала құқығын қорғау бойынша комиссияның келмеуі, істің созбаққа салыну себебін сұрады. 

Сол күні аудандық полиция бөлімі Қылмыстық кодекстің 122 -бабы, 1-бөлімі бойынша іс қозғады. Қазір іс бойынша сот сараптамалары тағайындалған. Жәбірленуші айтып отырған барлық сұрақтар, уәждер ескерусіз қалмайды. Оларды мен прокурор ретінде назарға алатын боламын, – деп сендірді Қордай ауданының прокуроры Бірлік Ізбасаров. 

Дегенмен, сот сараптамасының нәтижесі ұзақ уақыт бойы шықпауы мен күдіктілердің қамауға алынбауы оқушының туыстарын алаңдатып отыр. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға