Жамбыл облысында KAZIND-2023 оқу-жаттығуы аяқталды
Халықаралық Қазақстан-Үндістан оқу-жаттығуларының жабылу салтанатына Үндістанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нагендра Прасад қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі,
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің "Мәтібұлақ" полигонында Қазақстан мен Үндістанның терроризмге қарсы бірлескен Kazind-2023 оқу-жаттығуларының соңғы кезеңі өтті.
Екі елдің әскери қызметшілері заңсыз қарулы құралымның содырлардан тұратын шартты топтарын басып алу мен жою жөнінде бірлескен операциялар жүргізді.
Оқу-жаттығудың соңғы кезеңінің алдында бірқатар нұсқаулық-әдістемелік сабақтар мен тренингтер өтті. Онда Қазақстан-Үндістан біріккен батальонының әскери қызметшілері бірлескен іс-қимылдардың элементтерін кезең-кезеңімен зерделеді.
Kazind-2023 терроризмге қарсы бірлескен оқу-жаттығулары барысында Қазақстан мен Үндістанның әскери қызметшілері тағы бір рет жауынгерлік үйлесімнің жоғары нәтижесін көрсете білді.