Жаңалықтар

Жамбыл облысында елу мыңға жуық көп балалы ана бар

Жамбыл облысында елу мыңға жуық көп балалы ана бар
Фото: Жамбыл облысының әкімдігі 07.03.2024 23:45 733

Жамбыл облысында 46 мыңнан астам көп балалы ана тұрады, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі. 

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев «Анаға тағзым» орталығында түрлі салада еңбек етіп, өңірдің дамуына елеулі үлес қосып жүрген нәзік жанды кәсіпкерлермен, қоғам белсенділерімен және көп балалы аналармен кездесті.

Аймақ басшысы әйелдер қауымын мерекемен құттықтап, олардың қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтті.

Әр адам үшін ана ұғымы – ең қасиетті, ең қастерлі сөз. Себебі, Ана - қоғамның тірегі, отбасының шуағы, береке-бірліктің шырақшысы. Қазіргі таңда облысымызда 46 мыңнан астам көпбалалы ана болса, оның ішінде, «Алтын алқа» иегерлері 6 мыңға жуық, «Күміс алқа» иегерлері 11 мыңнан асады. Бұдан бөлек, өңірімізде жүз жасаған және асқан 40-қа жуық қарт әжеміз бар, - деген облыс әкімі мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Өз кезегінде сөз алған ұлағатты ұстаз Сәуле Айдарбекова, судья Гүлнар Асылбекова, жеке кәсіпкер Тоты Сәрсенбаева мен «Алтын алқа» иегері көп балалы ана Оксана Лобанова және тағы басқалар мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау мен қамқорлықтарға деген шынайы ризашылықтарын жеткізді. Олар өз жетістіктерімен бөлісіп, ұсыныс-пікірлерін білідіріп, жергілікті атқарушы органдардың көп балалы отбасыларға көрсетіп жатқан көмегі үшін алғыстарын айтты. Сонымен қатар, оқушы, айтыскер ақын Алина Айдаралы аяулы аналарға арнап, жүрекжарды туындысын тарту етті.

Жиынға қатысушылар ұлттық салт-дәстүрдің өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі, білім мен денсаулық сақтау, кәсіпкерлік саласын дамыту, ұрпақтар арасындағы сабақтастық, неке мен отбасы институтын қорғау және нығайту мәселелеріне тоқталды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға