Жаңалықтар

Жамбыл облысында екі ірі жел электр станциясы салынады

Жамбыл облысында екі ірі жел электр станциясы салынады
Фото: Жамбыл облысының әкімдігі 22.04.2025 22:15 142

Жамбыл облысында жалпы қуаты 2 ГВт болатын екі ірі жел электр станциясы салынады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің мәлімдеді. Бүгінде энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру үшін 6 бағытта жұмыс атқарылуда. Жамбыл облысында жалпы қуаты 571,3 МВт құрайтын 22 жаңартылатын энергия көзі жұмыс істеуде. Оның ішінде 6 су электр станциясы, 10 жел электр станциясы және 6 күн электр станциясы бар.

Өткен жылы Сарысу ауданында қуаты 100 МВт құрайтын «Шоқпар ЖЭС» жел электр станциясы іске қосылды. Сондай-ақ Жамбыл ауданында орналасқан «AEC ASA» күн электр станциясын қосымша 20 МВт-қа кеңейту жұмыстары жүргізілді.

Алдағы жылдары облыста жалпы қуаты 2 ГВт құрайтын 2 ірі жобаны іске асыру көзделуде. Атап айтқанда, Masdar (БАӘ) компаниясы Сарысу және Талас аудандарында қуаты 1 ГВт жел электр станциясын салады. Жоба құны 742,0 млрд. теңгені құрайды. Жел электр станциясы мен жобалау-іздестіру жұмыстарына 44 мың гектар жер учаскесі берілген. Компания құрылыс жұмыстарын 2026 жылы бастап, 2029 жылы іске қосуды көздеп отыр.

Ал «Total Eren» ЖШС Мойынқұм ауданында қуаты 1 ГВт жел электр станциясының құрылысын жүргізеді. Жобаға 1 трлн. теңге инвестиция тарту жоспарланған. Қазіргі таңда серіктестікке 52 мың гектар жер учаскесі бөлінген. Жаңартылатын энергия көзі 2028 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде.  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға