Жаңалықтар

Жамбыл облысында боранда қалған 68 адам құтқарылды

Жамбыл облысында боранда қалған 68 адам құтқарылды
Фото: ТЖМ баспасөз қызметі 11.02.2023 15:57 930

Жамбыл облысында қар құрсауынан 68 адам құтқарылды. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

10-11 ақпанда қатты боран мен жолдың нашар көрінуіне байланысты Жамбыл өңірінде республикалық және облыстық маңызы бар бірнеше автожол учаскесі жабылған болатын. Халыққа sms-ескертулер мен әлеуметтік желілер арқылы ауа райының нашарлауы туралы дауылды ескерту жарияланды.

«Алайда, жол қызметкерлері мен құтқарушылардың ескертуіне қарамастан, адамдар әлі де алыс жолға шығып, өздеріне және басқа адамдардың өміріне қауіп төндіруде. Мәселен, 11 ақпанда сағат 01.00-ден 06.30-ға дейінгі кезеңде Күйік - Қарабастау-Қаратау және Қаратау - Жаңатас автожолдарының екі учаскесінде ТЖД күшімен қар құрсауында қалған 12 жеңіл автокөліктен 68 адам, оның ішінде 9 бала құтқарылды. Олар жақын маңдағы елді мекендерге жеткізілді. Құтқарушылардың жедел іс-қимылының арқасында құтқарылғандардың ешқайсысына медициналық көмек қажет болмады», - делінген министрлік хабарламасында.

Қазақстан құтқарушылары қолайсыз ауа райы кезінде алыс сапарға шықпауға кеңес береді. Қауіпсіздік ережелері туралы мәліметті «DARMEN» мобильдік қосымшасынан білуге болады. Қандай да бір оқыс жағдайда «101» және «112» нөмірлеріне хабарласуға болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға