Жаңалықтар

Жалпыреспубликалық ғылыми-практикалық конференция өтті

Конференцияға қатысушылар сайлаудың жаңа дәстүрлерін қалыптастырудың маңызды аспектілерін көрсететін резолюцияны қабылдады
Жалпыреспубликалық ғылыми-практикалық конференция өтті
Фото: El.kz 11.11.2022 10:49 1227

Елордада ҚР АҚДМ Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты, «AMANAT» партиясының Қоғамдық саясат институты және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті бірлесіп жалпыреспубликалық ғылыми-практикалық конференция өткізді. Отырыстың негізгі тақырыбы «Электоралдық белсенділік азаматтық бірегейлік факторы ретінде» болды, деп хабарлайды El.kz.
Конференцияға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Талғат Қалиев пен отандық және шетелдік сарапшылар қатысты.
Отырыста «AMANAT» партиясының хатшысы Дәулет Кәрібек сайлауға дауыс берушілердің электоралдық белсенділігін арттырудың маңыздылығына тоқтала кетті.

«Азаматтардың саяси мәдениетінің бір бөлігі ретінде халықтың электоралдық белсенділігін арттыру өте маңызды. Яғни сайлауда дауыс беру азаматтардың мемлекеттік саяси өміріне деген қызығушылығын арттырады. Олардың әлеуметтенуі мен қоғамның бірігуін жоғарылатады», – деді ол.

Ал Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов президент сайлауын өткізу елдің болашағы үшін қажет дейді.

«Президент сайлауы тұрақтылық пен өз елінің тағдырына араласу таңдауы. Әділ сайлаусыз демократия болмайды. Бұл ұлы дала заманынан келе жатқан дәстүр», – деді ректор.

Іс-шараның соңында сайлау үрдістері мен азаматтық бірегейлік мәселелері талқыланды. Конференцияға қатысушылар сайлаудың жаңа дәстүрлерін қалыптастырудың маңызды аспектілерін көрсететін резолюцияны қабылдады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға