Жағымсыз қылықтан қалай құтылуға болады?
Біздің ерсі әрекеттеріміз өзімізге білінбей, бірте-бірте әдетке айналып жатады. Сол жағымсыз әрекеттер бізге құдды бір жүйке жүйемізді ретке келтіріп жатқандай сезіледі. Дегенмен, сырт көзден мүлдем басқаша пікір естіп жатамыз. Ал осы әдеттердің біздің санамызда қалай пайда болғаны және олардан қалай құтылуға болатыны туралы психология ғылымдарының докторы, психолог Балабек Сақтағановтан сұрап көрдік.
El.kz: Балабек мырза, сұрақты ең бірінші осы жаман әдет деген түсініктен бастасақ. Жалпы жағымсыз қылық деген не? Оларға нені жатқызамыз?
Балабек Сақтағанов: Жалпы жағымсыз қылық деген адамның әлеуметтік ортаға, өзін-өзі дамытуына кедергі келтіретін мінез-құлықтың жиынтығы десек болады. Оған өзінің мүмкіндігін асыра пайдалану, басқаларған дөрекілік көрсету, жалқаулық, бірдеңе бола қалса өтірік айту, өзгелермен қарым-қатынасты дұрыс құрмау сияқты әрекеттерді жатқызамыз. Бұл әрекеттер адамның жан дүниесіне, психоэмоционалдық жағдайларына теріс әсер етеді. Өйткені, адам кей уақытта осындай әрекеттеріне іштей өкініп, өзін-өзі қажап жіберуі мүмкін. Өзіне іштей есеп бергенде көңілінің толмауына алып келеді.
El.kz: Қазақта жаман әдет қалыптастырма, жаман болады, жаман боласың деп жатады. Сонда осы жаман әдеттің жамандығы қандай? Адамға қалай әсер етеді?
Балабек Сақтағанов: Жаман әдеттер адамның өз ортасында тұлға ретінде дамуына, беделінің артуына кедергі келтіреді. Мәселен, айналаңызға өтірік айта бастасаңыз бірте-бірте беделіңіз түсе бастайды. Ал бұл жағдай адамның өз-өзіне деген сенімділігін, бағасын төмендетеді. Адам бойында әртүрлі психологиялық стрестерді тудыруы мүмкін. Сондай-ақ, ортамен әлеуметтік қарым-қатынасты бұзады. Ал бұл әдеттер ұзақ уақытқа созыла беретін болса, адам өз бойындағы осындай жағымсыз қылықтармен күреспейтін болса, онда оның денсаулығына да кері әсер етуі әбден мүмкін.
El.kz: Кейде бойымыздағы жаман әдеттерді байқамай қалып жататын сәттер де болады. Аралас-құралас болғандықтан ол әдет жақындарға да ерсі көрінбеуі мүмкін. Өзіңе де жақындарыңа да біліне бермейтін бойыңдағы сондай жаман әдеттерді қалай анықтауға болады?
Балабек Сақтағанов: Бойдағы жаман әдеттерді анықтаудың ең қарапайым жолы өзіңе және айналаңдағы жақындарыңа сұрақ қою. Мысалы, менің бұл жасаған әрекетімнің басқаларға пайдасы тиді ме, басқалардың тарапынан жағымды қарым-қатынас тудырды ма, әлде олар маған ренжіді ме, дөрекілік көрсетті ме, мені тоқтатты ма деген сияқты сұрақтарды адам өз-өзіне қою арқылы бойыңызда жаман әдеттердің бар-жоғын айқындауға болады. Сондықтан да ,адам әр уақытта қай жерде жүрсе де, қай жерде отырса да өзін-өзі қатаң бақылауға алып, нені айту, нені айтпау керектігін, кімге қалай сөйлеу керектігін басты назарға алуы керек.
El.kz: Қазақта «жаман әдет жұқпалы» деген сөз бар. Бұл туралы ойыңыз қандай? Жалпы адам бойына жаман әдет қалай қалыптасады?
Балабек Сақтағанов: Қазақта «маған досыңды көрсетсең, сенің кім екеніңді айтып беремін» деген сөз бар ғой. Әрине, айналаңыздағы адамдарға сіздің әрекетіңіз, немесе өзгелердің жаман қылығы сізге жұғуы мүмкін. Сіз адамға қандай қарым-қатынас жасайсыз, ол өзіңізге қайта қайтып келеді. Сол сияқты сіздің жасаған әрекетіңізді айналаңыздағылар қайталау арқылы олар да жұқтыруы мүмкін.
El.kz: Жаман әдет қалай дағдыға айналады?
Балабек Сақтағанов: Кейде адамдарға қажеттіліктен туындайтын әрекеттер болады. Өзін ақтап алу, құтқарып қалу мақсатында өтірік айтып, өтірік күлуі мүмкін. Болмаса өзін қорғау үшін дөрекілік көрсету деген сияқты. Бұл әрекеттер сол сәтте тиімділігін беретін болса, өз ойыңыз бойынша оны қайталауға тырысасыз. Ал оны бірнеше мәрте қайталағаннан кейін ол сізге қалыпты жағдай сияқты болып көрініп, дағдыға айналады. Санаңызға әбден орныға бастайды да, әрі қарай қалыпты әрекетке айналуы мүмкін. Бастапқыда сіз бұл әрекетіңіз үшін ұялып немесе намыстанатын болсаңыз, бірте-бірте оны қайталаған сайын дағдыланып аласыз да, ол автоматты түрге, яғни шеберлікке алмасады. Ал ондай деңгейге жеткенде біздің күш салуымызды, ойлануымызды талап етпей-ақ ол әрекеттер өзінен-өзі жұмыс істей береді.
El.kz: Баланың бойына жаман әдеттің қалыптасуына ата-ананың тікелей қатысы бар ма?
Балабек Сақтағанов: Балалардың жауапкершілігі мен қамқорлығы ең бірінші ата-аналарда болғандықтан әрине қатысы бар. Егер әке-шешесінің бойында сондай жаман қылықтар болса, балалары да бірте-бірте көргендерін қайталай бастайды. Олар басында не істеп жүргендерін түсінбей-ақ қайталай береді. Ал кейін олар түсініп үлгергенше бұл әдет өздеріне қалыпты нәрсеге айналады да өз өміріне кері ықпалын тигізуі мүмкін. Сондықтан да ата-аналар тарапынан балаға берілетін тәрбие дұрыс болуы керек.
El.kz: Сіздің ойыңызша адам бойындағы ең жаман 5 қасиет қандай?
Балабек Сақтағанов: Менің ойымша адам бойындағы ең жағымсыз қасиеттер өтірік айту, басқаларға қатыгездік көрсету, өзін басқалардан жоғары ұстау, яки өзгелерді төмендету, өз мойнына жауапкершілік ала алмау және жалқаулық. Осы бес қасиетті адам бойындағы ең жаманы деп айтар едім.
El.kz: Бүгінгі жастардың бойынан қандай жағымсыз қылықтарды байқайсыз?
Балабек Сақтағанов: Мен қазіргі жастардың өзіне жауапкершілік алудан қашқақтайтынын байқадым. Бұл өте жаман. Оның үстіне жастар өз уақытын тиімді пайдалануды білмейді. Тектен-текке әлеуметтік желіде отырып алып уақыт өлтіретіндер көп. Сонымен қатар, жастар өз ерекшелігі мен бойындағы талантын дұрыс бағаламай, іштерінде тұншықтыра береді. Ал кейбірінің бойын шыдамсыздық пен жалқаулық билеген. Соның салдарынан жастардың еңбекке деген құлшынысы төмендеген.
El.kz: Халықта «ауру қалса да әдет қалмайды» деген аталы сөз бар. Жалпы бойдағы жағымсыз қылықтармен қалай күресуге болады? Олардан қалай арыла аламыз? Әлде, жаңағы аталы сөз шарасыздықтан шыққан ба?
Балабек Сақтағанов: Жоқ, бұл жерде бар мәселе сіздің ортаңызға және ішкі ерік-жігеріңізге келіп тіреледі. Бұл әдеттерді өзгертуге болады, бірақ қиынға соғады. Егер сол қиындыққа қарамай, бойыңыздағы жаман әдеттермен күресетін болсаңыз, онда күрестің өзі дағдыға айналады да түбі жеңіп шығасыз. Сондай-ақ, арнайы мамандардың психологиялық көмегіне жүгінсеңіз де болады. Жағымсыз қылықтан арылу үшін алдыңызға қойған мақсаттарыңызды айқындап алуыңыз керек. Өз бойыңыздағы жақсы әдетті дамыта берсеңіз, ол уақыт өте келе жағымсыз қылықтардың орнын басады. Бірақ бұл сізден ерік-жігер мен уақытты және өз-өзіңізбен күресті талап етеді.
El.kz: Елге берер кеңесіңіз қандай?
Балабек Сақтағанов: Бала кезінен деп айтпаймын, бірақ әр адам ес тоқтатып, саналы түрде өз әрекетіне жауап бере алатын жасқа жеткенде бойындағы жағымсыз қылықтарды анықтауға тырысып, олармен күресуі тиіс. Әркім өзін-өзі бақылауда ұстап, жағымды қылықтардың қорын көбейту үшін жұмыс жасауы керек. Қоғамдық және жеке өмірде белгіленген тәртіпті сақтай отырып, жағымсыз қылықтары бар азаматтардан барынша аулақ болуға тырысып, өз психологиясына сай келетін адамдармен қарым-қатынас орнатып, солардың қасында көбірек болуға ұмтылуы керек.
El.kz: Уақыт бөліп сұхбаттасқаныңызға рахмет!