Жаңалықтар

«Жағдай мәз емес». Депутат шекараны жауапсыздық пен жемқорлық жайлағанын айтты

«Жағдай мәз емес». Депутат шекараны жауапсыздық пен жемқорлық жайлағанын айтты
Фото: ҚР ҰҚ 18.10.2023 13:05 1525

Мәжіліс депутаты Болат Керімбек еліміздің шекерасындағы жағдай мәз емес екенін айтты, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі. 

Биыл 16-31 шілде аралығында Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің бірнеше депутаты Жетісу және Жамбыл облыстарындағы шекара заставалары мен бекеттеріне шекара қауіпсіздігінің мәселелерін өз көзімізбен көру үшін барып қайттық.Сол жолы шекара инфрақұрылымының ескіруі, шекараны қорғаудың техникалық және байланыс құралдармен төмен деңгейде қамтылуы сияқты жүйелі проблемалардың бар екендігіне куә болдық, бәрін ішінен көрдік. Шынымызды айтсақ, жағдай мәз емес, - деді ол. 

Депутаттың айтуынша,  шекарадағы заставалардың біразы апаттық жағдайда тұр. Шекарашылар сонау 50-60 жылдары салынған ескі үйлердіе тұрып жатыр.  
Бүгінгі таңда шекараны жаңғырту бойынша іске асырылып жатқан шаралар, бұл мәселелерді толық шеше алмай отыр.

Шекараны бекемдеу мақсатында 2006-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама қабылданған. Бағдарлама аясында 68 объектінің құрылысы жоспарланған, қаражаты бөлінген. Алайда, оның 15-і аяқталмай қалған. 2017 жылы осы аяқталмай қалған 15 объектіге аудиторлық тексеру жүргізілді. Олардың 3-і апаттық жағдайда, ал 9-ының жағдайы талапқа сай келмейді. Мұндай жауапсыздықты Солтүстік Қазақстан облысындағы заставаларын салуда да байқадық. Оған жуырда осы өңірге барған іссапарымызда көз жеткіздік.Құрылыс компаниялары нысанды толық аяқтамай жатып, «құрылыс материалдары қымбаттады» деп, келесі жылға тағы да ақша сұрайды. Осылай уақытты созып келеді, - деді мәжілісмен.

Болат Керімбек  шекара саласында жауапсыздық пен жемқорлыққа жол берілгенін байқауға болатынын айтты. 

Жалпы шекара саланың проблемаларын шешу үшін Президент Әкімшілігі Басшысының тапсырмасымен 2024-2028 жылдарға арналған шекара қауіпсіздігінің кешенді жоспары әзірленген. Оған 582 млрд. теңге қажет. Оған қоса, мемлекеттік шекара инфрақұрылымын дамыту мәселелері бойынша жол картасы әзірленген. Оны іске асыруға 118 млрд. теңге қажет.
Алайда, Мәжілісте қаралып жатқан бюджетте Шекара саласының мәселесін толығымен шешуге сұралып отырған қаражат қарастырылмаған. Сонда біздің Үкімет қазіргі геосаяси жағдайды көре тұра, салғырттық танытқаны ма?! Оның әрекетсіздігі бізді таңқалдырып отыр. Бұны қалай түсінуге болады?, - деді мәжіліс депутаты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға