Жаңалықтар

Жақсылық Үшкемпіровтің айтқандары

Қазақ күресiнiң коррифейi, жеке спортшы ретiнде грек-рим күресiненқазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпiров осыдан 3 жыл бұрынғы сұхбатынан үзінді келтірсек.
09.12.2014 09:42 3946

Қазақ күресінің корифейі, жеке спортшы ретінде грек-рим күресінен қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің осыдан 3 жыл бұрынғы сұхбатынан үздінді келтірсек. Жақында ғана Бүкіләлемдік күрес федерациясы Жақсылық Үшкемпіровке «Әлемнің үздік балуаны» деген марапатты табыс етті.

Жақсылық Үшкемпіровтің айтқандары

Шынында, қарап отырсақ, менiң биiгiмдi бағындырған қазақта бiрде-бiр спортшы жоқ екен. Мен 29 жасымда Мәскеу Олимпиадасының чемпионы атандым, 30 жасымда Әлем чемпионы, 31 жасымда Әлем Кубогының бас жүлдесiн алдым. КСРО сапында 10 жыл қатарынан чемпионатқа қатысып, соның үшеуiнде алтын жүлдеге, төртеуiнде күмiс жүлдеге, қалған үшеуiнде қола жүлдеге қол жеткiздiм. Нақтырақ айтсам, жүлдеден құр қалып, үздiк үштiктiң қатарынан ауытқыған емеспiн. Ал, қазiргi спортшы­ларымыздың жетiстiгiне қарап отырсақ, мұндай тұрақтылық байқала бермейдi. Биыл Олимпиада чемпионы атанса, келер жылы Әлем чемпионатында жеңiлiс табады. Өйткенi, олардың барлығы тым жас кезiнде атаққа масайып қалады. Мәселен, мен 29 жасымда, яғни екi баланың әкесi атанып, ақыл тоқтатқан шағымда Олимпиада чемпионы атандым. Егер, одан ертерек болғанымда, мен де атақты көтере алмай қалуым мүмкiн едi. Спорт деген – жастық шақ! Егер шығармашылықтың адамы болсаңыз, уақыт талғамай туындыларыңызды өмiрге әкелуге болмайды. Ал, спортпен қоштасу – жастық шақпен қоштасу. Менi 33 жасымда бүкiл КСРО халқы тiк тұрып шығарып салды. Красноярск қаласындағы қоштасу сәтiмде әр елден жәдiгерлер сыйлап, ерекше қошеметке бөленген едiм. Сол биiгiмнен әлi тайған емеспiн.

Мен 1976 жылы Монреальға баруға дайын едiм. Бiрақ, тағдырдың жазғаны болар, КСРО-ның екi дүркiн чемпионы болсам да менiң орныма басқалар кеттi. Содан кейiн мұндай қыспаққа шыдамай, спорттан жарты жыл қол үзуiме тура келдi. Сол уақытта Аманша Ақбаев дейтiн спорт министрi болған ағамыз менi бұл ойымнан бас тартуымды өтiнiп, Қонаевтың алдына дейiн ертiп барды. Сонда Қонаев: «Сенiң артыңда миллиондаған қазақ тұр. Сен солардың үмiтiн ақтауың қажет. Мен де саған сенемiн. Сондықтан, бөгелмей жарысыңды жалғастыра бер, жарысты өзiм де барып тамашалаймын», – дедi. Қонаевтың сөзi жарысқа деген қызығушылығымды оятып, жiгерiмдi одан сайын жани түстi. Осыдан кейiн 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасына дейiн қарсылас шақ келтiрмей, жасым келгенше жасымаймын деген ұранға көштiм. Олимпиада ойындарындағы ең бiрiншi кездесуiм үш дүркiн Әлем чемпионы, екi мәрте Еуропа чемпионы атанған румын балуаны Александромен болды. Мен үшiн өте ауыр кездесу болды десем, артық айтпаған болар едiм. Кездесу аяқталған соң 3 сағат орнымнан тұруға дәрменiм жетпедi. Сол кезде қазiргi Сенат депутаты Қуаныш Сұлтанов ағамыз келiп, «Қазiр сенiмен кездесуге арнайы Бәйкен Әшiмов келе жатыр, дайындал!», – дедi. Ол кезде Бәйкен Әшiмов Қазақ КСР Министрлер Кеңесiнiң, Жоғарғы Кеңес Президиумы­ның төрағасы бола­тын. Салмақты әрi әр сөзiн байыппен бас­тай­тын Бәйкен ағам: «Жағдайың қалай, жеңiмпаз атануға дайынсың ба?», – дедi күлiмсiреп. Сонда мен: «Менiң жасым 29-да. Мұндай мүм­кiндiк ендi қайта­ланып келмейдi. Бозкiлемге тек жеңу үшiн ғана шығамын. Егер жеңiлсем, өлi­гiмдi де осы жер­ден табасыздар», – дедiм намысқа булығып. Сонда Бәйкен Әшi­мов: «Олай асыра сөйлеме, сен жарыс­тың қай сатысында сүрiнсең де, халық қошеметiне лайық­сың. Бiздiң тарапы­мыз­дан саған қандай көмек қажет?», – дедi. Мен ұзақ ойланбастан: «Мен ауылда өскен қазақпын. Сол үшiн бiр кесе қымыз болса», – дегенiм әлi есiмде.

Олимпиада чемпионы атанған кезде менiң үшiншi ұлым дүниеге келдi. Сонда Мәскеу Олимпиадасы гимнiң авторы Александра Пахмутова мен Николай Добронравов «Сенiң балаңның атын бiз қоямыз, Олимпиаданың құрметiне орай «Победа» деп қой» деп қолқа салды. Сонда мен оларға: «Ендi сiздердiң көңiлдерiңiздi қалдырмайын. Бiрақ, қазақша «Жеңiс» болсын» деген едiм, қуана келiстi.

Қазiр заман өзгердi. Бiздiң кезiмiзбен салыстырғанда, қазiргi спортшылардың саны анағұрлым көп. Содан кейiн бәсеке де жоғары. Алайда, шын талант үшiн еш кедергi болмауы қажет. Мәселен, кезiнде бiздер күреске ұлттық күрестiң негiзiмен келдiк. Шәмiл Серiков, Әбiлсейiт Айханов секiлдi атақты балуандар ең алғаш қазақша күреспен көзiн ашқан азаматтар. Ал, қазiргi спортшылар қазақша күрестiң толықтай құнарын ала алмай келедi.

Уақытым болып жатса, барлық жарысты жiбермей тамашалауға барып тұрамын. Құрамадағы жiгiттерге бар бiлгенiмше ақылымды да айтамын. Мәселен, Нұрбақыт Теңiзбаев, Дархан Баяхметов деген мықты жiгiттерiмiз бар. Алдыңғы жылы Данияда өткен жарыста Дархан барлығын жығып келе жатқанда кенет қолынан жарақат алып, жарыстан шығып қалды. Нағыз жолы болмай келе жатқан жiгiт деп осы Баяхметовты айтса да болады. 2008 жылы Бейжiңде өткен Олимпиадада да төрешiлердiң әдiлетсiз­дiгiнен таяқ жедi. Бiрақ, күресте бiрiншi жауың сенiң қарсыласың емес, төрешi болуы тиiс. Сен бiр мезетте екi адаммен бiрдей күресуiң қажет. Бiздiң жiгiттер осы айла-тәсiлдердi бiле бермейдi.

Мен атақты спортшымын. Бiрақ, менен атақты бапкер шықпайды. Мен оны жақсы бiлем. Сондықтан, әр адам өзiнiң қолынан келетiн дүниемен айналысқаны жөн. Әйтсе де, керек кезде жiгiттермен кездесiп, тәжiрибеммен бөлiсiп тұрамын. Ал, әр спортшыны алға сүйреуге менiң жүйкем сыр бермейдi. 1999 жылы жүрек талмасынан құлаған соң, бас бапкерлiкке деген ұсыныстардан түбегейлi бас тарттым.

Бәрiмiз ауылда қазақша күреспен тәрбиелендiк. Классикалық күреске келем деген ой үш ұйықтасам да түсiме кiрген жоқ. Семейден оқуды аяқтап келгенде, менi Әбiлсейiт Айханов жаттықтыратын еркiн күреске берген едi. Сонда айтулы деген 5 спортшысын бiрдей жеңгенiммен, менiң қабiлетiм бұған жетпейдi деп, классикалық күреске амалсыз ауыстым.

Әлемде жеңiл салмақтағы адамдар көп. Оның үстiне, жеңiл салмақтағы балуан өте жылдам болуы тиiс. Менде сол жылдамдық болғанмен, әдiстерiм жұрт сүйсiнiп көретiн күреске жатпайды. Шiркiн, Шәмiл Серiков қалай күресушi едi! Қарсыласын қалай келсе, солай лақтыратын. Менiң де дәл солай күрескiм келдi, бiрақ оған қабiлетiм жеткен жоқ. Есесiне, мен қарсыласыма ешқандай ұпай бермей, 9 минут бойы сiлiкпесiн шығарып, бiрде-бiр спортшы аяғына дейiн күресуге төзiмi жетпейтiн.

Құрамадағы жiгiттердiң көбi Жақсылық дегендi айтуға тiлдерi келмей, қысқартып «Жак» деп атаушы едi. Ал, «Шыдамды Жак» деген ат менiң судың астында 4 минут бойы тұра беретiндiгiме байланысты қойылды. Сондай-ақ, мен күрескен кезде бапкер сөзiне көп құлақ аса бермейтiнмiн. Өзiм қалай жеңе алам деп шешсем, солай күресетiн едiм. Бiрақ, бұл бапкер сөзiне құлақ аспауға болмайды дегенiм емес, өзiме ғана тән қасиеттер.

Кейде ұлттық құраманың жiгiттерiн 10 салмақ дәрежесi бойынша шет елдерге жiберетiн. Сонда «Кiммен бiрге бiр бөлмеде жатқың келедi?» деген сауалға 9 балуан бiрдей «Жақсылықпен!» деп жауап беретiн. Себебi, мен шайды баппен iшкендi ұнататынмын. Оның үстiне, мiнезiм де адамды тез баурап алушы едi.

Басқа спортты қайдам, бiрақ күресетiн бала ауылдан шығады. Соған жағдай жасалып жатыр ма, мәселе осында. Қазiр мектепте денешынықтыру пәнiнен беретiн мұғалiмнiң кiм екенiн сұрасаң, түбi қазақ тiлi мен әдебиетiн немесе тарих факультетiн бiтiрген болып шығады. Егер, мектепте дұрыс спортқа баулымаса, жасың өткенде атақты спортшы бола алмайсың.


Жазып алған – Жандос Байділда

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға