Жаңалықтар

«Жаңашыл мұғалім-2016» байқауының жеңімпаздары анықталды

Білімділер сайысы
19.04.2016 05:32 9743

Bilim Media Group компаниясы «Жаңашыл мұғалім-2016» байқауын өткізді.   Ұстаздардың білімі мен біліктілігін сарапқа салған дода 2015 жылдың 2 қазаны мен 2016 жылдың 15 ақпаны аралығында өтті. Жақында ғана қорытындысы шығарылып, топ жарған мұғалімдердің есімі белгілі болды.

Bilimland.kz сайтының мәліметінше, екі кезеңнен тұратын байқаудың бірінші кезеңіне еліміздің түкпір-түкпірінен 200-ден астам мұғалімнің жұмысы келіп түскен. Оның 131-і ғана байқаудың екінші кезеңіне өткен.

«Жаңашыл мұғалім-2016» байқауының жеңімпаздары анықталды

Тәуелсіз сарапшылар кәсіби шеберлігімен танылған, оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерімен білім берудің озық үлгісін көрсеткен және www.bilimland.kz ресурстарын сабақ барысында бірегей амалмен пайдалана білген мұғалімдерді жеңімпаз ретінде анықтады.

1-орынды Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласы, Теңге ауылының  №11 мектебінің оқытушысы Сүйрібаев Бақытбай қанжығалады. Ол физика және информатика пәндерінен сабақ береді.

Сарапшылар бірауыздан сабақ барысында оқушылардың танымдық белсенділігі мен дербес жұмыс істей білуі жоғары деңгейде болған, оқытудың өзіндік үлгісін танытқан (қолданылған әдістер мен тәсілдердің ерекшелігі) Сүйрібаев Бақытбайдың жұмысын 1-орынға лайық деп шешті. Сондай-ақ сарапшылар оның байқау жұмысының креативтілігі мен шығармашылық сонылығына жоғары баға берді.

2-орынды Жамбыл облысы, Тараз қаласынан Аширова Дамира Хамитқызы еншіледі. Дамира химия пәнінің мұғалімі. Ұстаз «Алкандардың жануы. Жанудың энтальпиясы» тақырыбында видео сабағын ұсынған. 

Дамира Хамитқызы педагогикалық техникасының ерекшелігімен көзге түскен, оқытудың дәстүрлі және инновациялық әдіс-тәсілдерін шебер ұштастыра білген, оқушылармен педагогикалық тұрғыда қарым-қатынас жасаудың айрықша үлгісін көрсеткені үшін екінші орынға лайық деп табылды.  

Ал, 3-орын Алматы облысы, Талғар ауданы, Бесағаш ауылының №45 мектеп-гимназиясының ұстазы Мұқашева Жазираға бұйырды.

Сарапшылар бастауыш сынып мұғалімі Мұқашева Жазираның бастауыш сынып оқушыларына сабақ беру барысында жұмыс түрлерінің әртүрлі формасын мақсатты түрде қолданып, оқыту әдістерінің жоғары нәтижелілігін көрсеткені және оқушылардың дербес жұмыс істей білуін ерекше әдіспен ұйымдастыра білгені үшін жоғары бағалады.


Әзірлеген Тұмар АСЫЛ

 

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға