Жаңалықтар

Ж.Қорғасбек публицистикасындағы тілдік-стилдік ерекшелік

Адамның күллі қасиеті стильде тұрады
Ж.Қорғасбек публицистикасындағы тілдік-стилдік ерекшелік
23.09.2017 18:09 6754

Стиль деген ұғым ғылым мен өнер атаулының бәріне қатысты және олардың әр саласындағы сипаты әр бөлек. Соның ішінде жазу стилі туралы  А.Байтұрсынов өзінің  “Әдебиет танытқыш” еңбегінде: “Әр ақын, әр жазушы сөздің басын өзінше құрастырып, өз оңтайымен тізеді, әрқайсысының лұғатында өзіндік айырымы, өзіндік белгісі болады. Ол белгі әркімнің өз ыңғайымен сөз тізіп, әдеттенуінен, салттануынан болады.

Ол салттар жалпы сөз тізу салттарынан, шарттарынан аса алмайды. Сөз шығарушылар, әуелі сөз ұнасымына керек жалпы шарттарды орнына келтіріп, өзінің өзгеше әдісі болса, соның үстіне ғана қосады. Сондықтан сөз шығарушылар бәрінен бұрын лебіз дауысынан шыққан сөздің асыл болуының жалпы шарттарын білуі қажет” дейді. Қажым Жұмалиев: «Сөз жазатын адам әрі жазушы, әрі сыншы болу керек. Сөздің шырайды, ажарлы болуында шеберлігі керек, мағыналы, маңызды болуына білім керек» деген. Платон, «Мінез қандай болса, стиль де сондай» десе, Стендаль:«Адамның күллі қасиеті стильде тұрады» деген.

«Ақындар өзара ұқсастығымен емес, ерекшелігімен қызық», дейді А.Блок. Қазақ қаламгерлерінің де әрқайсысының өзіне тән жазу стилі бар, М.Әуезовтің шығармаларында табиғатты суреттеу басым, О.Бөкейдің шығармалары романтикаға толы, А.Сүлейменовтың жазғандарын танымы кең, ой-өрісі биік жандар ғана түсінуі мүмкін. Публицистер арасында Шерхан Мұртазаның алмас қылыштай өткір тілі,  Камал Смайыловтың деректерді, мәліметтерді сөйлете алуы, Жанболат Аупбаевтың белгісіз кейіпкерлерді танытуы, Бауыржан Омарұлының эссе жазудағы шеберлігі, Мұхтар Шерімнің күлдіріп отырып, ойға қалдыруы –  өз стилін адаспай тауып, жемісті еңбек еткенінің көрінісі. Ж.Қорғасбекті те өз стилін тапқан публицистердің қатарына қосуға болады, оның туындыларын зерттеп, оқып жүріп, оның стилін жазбай танитын болдым. 

«Ұлт болғаннан кейін,  ұлттың дамуы, қоғамдық көзқарас, дүниетаным, менің ойымша, тыныш жатпауға тиіс. Ол қалай тыныш жатты, бітті, ол «өлі көлге» айналады. Беті жыбырлайды, бірақ асты – өлі су. Өлі көлде, өлі суда тазалық жоқ. Қоғамдық пікір де сол секілді. Ал қоғамдық пікірдің қайнап жататын жері – зиялы қауымның ортасы. Ол үнемі тазарып тұруы керек деп ойлаймын. Өзінің іш-құсасын ақтаруы керек», деген екен Ж.Қорғасбек бір сұхбатында. Оның соңғы кездері жазып жүрген материалдарында «Қазақ өзін-өзі менсінбейтін кесір  мінезді қайдан жұқтырды, бірін бірі езгілегенде жаны кіретін тасбауырлықты қайдан тапты?», «С.Сейфуллинді ұлт ақыны деп айта аламыз ба? Оның өлеңдерін мектеп бағдарламасында оқыту керек пе?» сияқты пікірталасқа бастайтын қитұрқы сұрақтар бар.

Жүсіпбек Қорғасбек – өте ізденгіш журналист, мақала оқылымды болу үшін тақырыбынан бастап, жазылу формасына, үтір-нүктесіне дейін мән беретін адам. Журналистік жұмыстың алғашқы жылдарында ол жер-жерді аралап, ауыл өмірі туралы көп мақала жазды. Маңғыстаудағы түйешілер туралы «Тасқораның маңайында тас үй бар» мақаласында маң даладағы мұнай алатын құрылғыларды, зәулім үйлерді, өркениеті дамыған аймақты көрсете отырып, сол маңда ғылым мен техника жаңалықтарына жарымай, тас үйде отырған ауыл түйешілер туралы жазды. Малшылардың ауыр тұрмысы жайлы редакцияға көптеген хаттар түсті, Ж.Қорғасбек сол хаттарды жинап, тиісті орындарға хабарласып олардың мәселесін шешуге тырысты. Алынған жауаптарды барлық хат жазған малшыдан бір шопанның типтік образын жасап алып хат жазады. Ол хат «Малшының мың мұқтажы немесе шопанға хат» болып «Қазақ әдебиетінде» жарық көрді. Малшының мың мұқтажы бітпейді, бірақ барлық хатқа жауап беруге тырысқан. Малшылардың бәріне ортақ мәселелерді – сырт киім, жайылым, жем-шөп, құдық, қару жайын  тиісті орындарға айтуын айтудамыз, бірақ ол «Мақта қыз бен мысық»  ертегісіндей ұзын-сонар әңгімеге ұласты. Малшыларға көмекші ит тауып беруді айтқанда, совхоз директоры әр күшікті елу сомнан сатып алғаннан пайда жоқ, қойды қуалап, іш тастатады деп жауап берді. Осылайша, сыныққа сылтау әрдайым табылады», деп ашығын айтты.

Публицист өз жұмысын жұрт алдында жария етеді, оның лабораториясы ғалым сияқты жабық бөлмеде емес, жұртпен қоян-қолтық араласу арқылы ашық жүргізіледі, жазу стилі де жұрттың көз алдында қалыптасып, жұрттың көз-алдында шығармалышығы дамып-жетіле бастайды. 2000 жылдардың басында Ж.Қорғасбек қысқа саяси әңгімелер де жазып жүрді. Мәселен, «Жолда» деген әңгімесінде қасындағы серігін үндемейді деп менсінбей келе жатады. Бір кезде «Қасымда тап осындай үндемейтін он адам болса қайтер едім? Жүз адам болса, аузыма қаратқандай екенмін ғой. Мың адам болса қайтетін едім? Мың емес, миллион болса ше? Өз ойымнан өзім шошып, әлгі серігіме

- Келші-ей, қатар жүрейік, - дедім. 

- Ау, иә, деді ол тымпың қағып.

Иығымнан ауыр жүк түскендей, бойым жеңілдеп сала берді».  

Билік басындағы адамдарға «Халық айтқаныңа көніп, бас изей берсе, жасаған жұмысыңа пікір білдірмей, сырласатын, сөйлесетін, үн қататын ешкім қалмағаны өте қорқынышты», деген ойды меңзеп тұр. «Ескерткіш» әңгімесі де түсінген адамға біраз мәселені көрсетіп тұр.

«Алаңға ең үлкен ескерткіш орнатайық десті. Екі қолы бір тонна, екі аяғы екі тонна, басы 50 келі. - Апыр-ай, десті жұрт. – Қандай керемет! Ескерткіштің басы домалап кетіп, мүсіншілердің бірі қапыда мерт болды. – Неге абайламады екен, - десті жұрт. «Ескерткіш кінәлі» деп ешкім айтқан жоқ. Кранмен көтере бергенде, ескерткіштің қолы морт сынып, аула сыпырушы соның астында қалды. «Аулақ жүрмеді ме екен»,десті жұрт. Ескерткішті ешкім кінәламады. Тұғырына дұрыс орнықпай, ескерткіш қисая құлағанда, қолтығында папкі қысқан ескерткішке жауапты адам тіл тартпай кетті.  – Тап сол жерге тұра қалғанын қарашы,- десті жұрт. Ескерткішті ешкім кінәламады. Жабылып жүріп тұғырына қондырды, ескерткіштің түбіне гүл әкеліп қойды. Ескерткішке барлығы тағзым етті. Бірақ, осы жерде адам өлді-ау» деп ешкім ойлаған жоқ».

«Құмсағаттың саяси-қуыршақ театры» айдарымен күлдіріп отырып ойландыратын әңгімелерді жариялайды. Мәселен, «Шенеуніктермен қашан тіл табысамыз?», «Президентке адал берілген адам» әңгімелері зейнетақысын ала алмай жүрген зейнеткерлер, билік басындағы адамдар жайлы жазылған. «Макроэкономика деген не?»  әңгімесінде «Банкпен банкті соғыстырып, ақшаны судай сапырсаң – макроэкономика, ал тауық асырап жұмыртқа мен жұмыртқаны соғыстырсаң - микроэкономика»,  «Қып-қызыл болған анау немене?» әңгімесінде базардағы жай-күйді, отандық өнімдердің аздығын, сырттан келетін өнімдердің қымбаттығын базар аралап келген досының аузымен баяндап береді. «Алатаудан ән кетті, саяжайдан сән кетті» диалогтар арқылы, жері бола тұра бір ағаш екпей, бір тұқым сеппей, бір мал өсірмей жатып, сырттан көкөніс, жеміс-жидек әкелмесін деп атой салып жүргендерді сынады.

«Мезгіл әуендері» әңгімесінде қыз бен жігіттің арасындағы жалған сезімді табиғаттың мезгілімен қатар қойып суреттейді. Көктемде  албырт сезім оянып, жазда күн құрғатпай кездесіп жүретін ғашықтардың сезімі  қараша айында күзгі күндей салқындап, қыс келгенде үзіліп тынады. «Біз уақытты шатастырып алған жоқпыз ба?» [] мақаласында да сайлау болатын күнді шатастырып жүрген көршісі туралы жазып отырып, сайлау күнін шатастырып алу ештеңе емес, ұлтына қызмет ететін саяси қайраткерді адаспай табайық», деген ой айтады. «Сол жылы сайлауға түскелі отырған Ә.Қажыгелин, М.Әуезов, П.Своик, Ғ.Әбілсейітовтер ұлттық мүдделерімізді менсіне қоймағандықтан халықты соңдарынан ерте алған жоқ. Рух деген көзге көрінбейді ғой. Көзге көрінбейтін нәрсемен айналысу нарық заманында оларға бос әурешілік тәрізді», деп халықтың рухы, тәуелсіздік, ұлттық құндылықтар төңірегінде сөз қозғайды. «Қажығұмар мен Қажыгелдиннің айырмасы неде?» мақаласында да: «Бізді кімнің тағдыры көбірек алаңдатады? Қажығұмар тар қапаста ботқа жеп отыр. Ал Қажыгелдин атақты «Барвиха» санаторийінде емделіп жатыр. Қажығұмар Қазақстанға жете алмай отыр. Қажыгелдиннің қайтқысы жоқ. Қажыгелиннің жиған дүниесі өз тұқымына мұра. Қажығұмардың жазған дүниесі бүкіл ұрпаққа мұра», деп сол кездегі атышулы саясаткер мен атамекеніне келе алмай отырған жазушыны салыстырады.

Публицист тақырып қоюға да өте шебер. Аллитерация (дауыссыз дыбыстардың қайталануы арқылы әдеби тілді ажарлап, сөздің реңін келтіре түсетін көркемдік тәсіл), ассонанс(дауысты дыбыстардың үндесе қайталануы) тәсілдерін қолдана отырып, «Бәйтерегім биік өссе деп едім», «Емшіге ерген екі күн», «Жебеушісі – жариялылық, демеушісі – демократия», «Ақын алты ай азапталған абақты», «Өркениет өріне жетеміз бе?» т.б секілді ұтымды тақырыптар қоя білген. Кейбір тақырыптарды ұйқасқа құрып, өлең секілді етіп беріп отырған: «Тағдыры қолыңда, обалы мойныңда», «Атажұртың аман ба? Кіндік жұртың күйлі ме?», «кәсіпсіз қайда барасың, жұмыссыз жолда қаласың», «Байлық жинап бір жұттық, бес қазаққа шыр бітті», «Тұлға тұтар кімің бар, елдің айтар мұңы бар» т.б

Мақалаларында тілі аса көркем емес, қанатты сөздерді аса көп қолдана бермейді, бірақ орайы келгенде, өткір сөздермен осып-осып алады. «Біздің кейінгі ішінара өзгеріске ұшыраған болмысыз жалпыорыстық қаражұмысшылық, мұжықтық болмысқа ұқсайды. Қара жұмысты жапырып істегенмен, кәсібилік, іскерлік, ұқыптылық, тәртіптілік жағына келгенде жер шұқып қаламыз. Неміс тракторда отырса да «кнәз» - таза, жинақы, ұқыпты, бірақ біз оған еліктемейміз. Өйткені, «өз бойымнан асып қайда секіремін» дегендей, орыс ағайындардың тіршілігін қалыпты деп қабылдап, трактордың рөлінде май-май боп жарбиып отырамыз».

Публицистің мұрасын саралай отырып, Ж.Қорғасбек әдебиетке жақын, жақындығы жазған дүниелерінен де көрініп тұрады. Қажым Жұмалиев: «Сөз жазатын адам әрі жазушы, әрі сыншы болу керек. Сөздің шырайды, ажарлы болуында шеберлігі керек, мағыналы, маңызды болуына білім керек» деген. Ж.Қорғасбекте бұның екеуі де бар. Басқа публицистерден ерекшелігі де сол, пікірталас тудыратын, сенсация тудыратын, оқырманды өз ойымен бетпе-кет келтіретін материалдар жазады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға