Жаңалықтар

Ж. Түймебаев: Шыңғыс Айтматов қазақ пен қырғызға ортақ игілік

Ж. Түймебаев: Шыңғыс Айтматов қазақ пен қырғызға ортақ игілік
15.05.2019 18:00 6799

Нұр-Сұлтан қаласының Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Қырғызстан-Астана» этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен әлем әдебиетінің классигі  Шыңғыс Айтматовқа арналған «Тау мен дала кездесуі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Ауқымды іс-шараға Қырғызстанның қоғам қайраткері, жазушы, Ш. Айтматовтың әпкесі Розетта Айтматова, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, белгілі қоғам қайраткерлері, жазушылар, ғалымдар, Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері, этномәдени орталықтардың төрағалары, Елшіліктердің, этномәдени бірлестіктер мен ҚХА жастар қанатының өкілдері қатысты.   

Дөңгелек үстелдің ашылу барысында Ж. Түймебаев қатысушыларды құттықтай келе, өз сөзінде Шыңғыс Айтматов қазақ пен қырғызға ортақ жазушы болып табылатынын атап өтті. Сонымен қатар жазушының отбасы мен бала кезіндегі естеліктерге тоқталды.

«Әкесі Төреқұлды кезінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұлов Ташкент қаласына оқуға түсіріп, тікелей тәлім-тәрбие берген. Кейін қазақ ауылымен іргелес қоныстанып, сол жерде ұлы Шыңғыс дүниеге келген.  

Шыңғыс Айтматов ат жалын тартып мініп, Қырғыз ауылшаруашылығы институтын бітірген соң, 1953 жылы еңбек жолын Жамбыл облысында бастаған.

Бұл сәйкестіктер кейінірек жазушының әдеби қоржынын көркем образдармен байытып, шығармашылық жолы мен ізденістері қазақ халқымен тығыз байланыста өрбіді», – деді Хатшылық меңгерушісі.

Сонымен қатар ол жазушының «Жәмила», «Қош бол, Гүлсары», «Ақ кеме», «Ғасырдан да ұзақ күн», «Жанпида» сияқты туындылары қазақ табиғатымен терең астасатынына назар аудартып, оның қазақ халқының бірқатар жазушылармен достық қарым-қатынаста болғанын айтып өтті: «Аты аңызға айналған адамзаттың Айтматовы өмір бойы қазақ жазушысы Мұхтар Әуезовті пір тұтып, замандастары Қалтай Мұхамеджанов, Мұхтар Шаханов, Олжас Сүлейменов, Зейнолла Қабдолов, Шерхан Мұртазамен достық қарым-қатынаста етене жақын араласты», – деді ҚХА Төрағасының орынбасары Ж. Түймебаев.

Хатшылық меңгерушісі сонымен қатар қырғыз жазушысына Қазақ елі «Қазақстанның халық жазушысы» деген атағын бергенін атап өтті.

Осы орайда айта кету керек, Нұр-Сұлтан қаласының көшелерінің біріне Шыңғыс Айтматовтың аты берілген.

«Елбасы – ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Шыңғыс Төреқұлұлымен өте жақын таныс болды, дос болды. Жиі-жиі кездесіп тұратын. Жазушының шағырмашылығын өте жақсы біледі. Оны сыйлайды. Жазушы әрқашан Қазақстанға үлкен ынтамен келіп тұратын. Бірқатар кездесулер өткізді. Шыңғыс Айтматовтың шығармалары қазақ тілінде көптеген тиражбен жарық көріп тұрды.

Мен өзім де Шыңғыс Айтматовты бірнеше мәрте көріп, түрлі кездесулерде болғанымды мақтаныш тұтамын. 2006 жылы Мәскеу қаласында ҚР Ресейдегі Елшісі болған кезімде іссапар барысында біздің Елшілікке міндетті түрде соғып тұратын. Сол кезде әңгімелесіп, қоғам, әдебиет жайында пікірін алмасып отыратынбыз. Жазушы барша халықтың жадында «Адамзаттың Айтматовы» деген үлкен атпен естелік болып қалды. Қазақ қауымы Шыңғыс Төреқұлұлының шығармашылығын жоғары бағалайды», – деді Жансейіт Түймебаев.

ҚХА Төрағысының орынбасары жазушының әпкесі Розетта Айтматоваға қошемет көрсетіп, қазақтың ұлттық салт-дәстүрімен иығына шапан жапты.

Р. Айтматова өз кезегінде ризашылығын білдіріп, жазушының өмірінен естелік айтып өтті: «Әкеміз өмірден ерте озғандықтан, Шыңғыс тоғыз жасынан бастап өмір бойы бізге әке де, аға да болды. Таласта тұрдық, қазақтармен жақын араластық. Шыңғыс Жамбылда техникумда оқыды. Сондықтан да қазақтармен жақсы болып кеттік. Мұхтар Әуезовпен кездескен кезіміз менің есімде ерекше қалды. Ол біздің үйге қонақ болған еді».

Дөңгелек үстелдің барысында «Тау мен дала кездесуі» атты суретшілер көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Сонымен қатар жазушылардың жастармен кездесуі, бірқатар кітаптардың таныстырылымы, «Шыңғыс Айтматов. Дәуір. Тұлға. Гуманизм» атты халықаралық эссе байқауы мен «Манас Ааламы» атты жас манасшылар байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Нұр-Сұлтан қаласының №79 мектеп-лицейінде Ш.Айтматов мұражайы ашылып, жазушының шығармасының желісімен сахналанған «Қызыл орамалды шынарым» спектаклі Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында көрсетілді.

  

МАҚАЛАНЫҢ ФОТОСУРЕТТЕРІН МЫНА ЖЕРДЕН КӨРУГЕ БОЛАДЫ...

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға