Жаңалықтар

Ж.Түймебаев: «Мемлекет шексіз донор бола алмайды»

Ж.Түймебаев: «Мемлекет шексіз донор бола алмайды»
27.09.2019 14:33 2027

Жастар қарапайым жұмысшы болғысы келмейді. Ащы да болса, ақиқаты басым осы мәселе бүгін Алматыда өткен "Қоғамдық келісім кеңесінің қазақстандықтардың өмір сапасын жақсартудағы рөлі" республикалық форумының өзекті тақырыптарының бірі болды.

Форумға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ж.Түймебаев, Алматы қаласының әкімі Б.Сағынтаев, ҚР Парламенті депутаттары, Ассамблея Кеңесінің, Қоғамдық келісім кеңестерінің, ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшелері, мемлекеттік органдар мен этно-мәдени бірлестіктер өкілдері қатысқан болатын.

Форумның күн тәртібіне сәйкес сөз алған Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев жастардың қарапайым жұмысшы мамандықтарына қызығушылығы төмен екенін сынға алып, бүгінгі еңбек нарығына бейімделген еңбек мәдениетін қалыптастыру керек деді.

Ж.Түймебаев: «Мемлекет шексіз донор бола алмайды»

«Осы мақсатта қоғамдық келісім кеңестеріне ауқымды міндеттер жүктелді. Біріншіден, бүгінде жастардың қолға күрек алып, еңбек етуден қалып бара жатқаны жасырын емес. Сондықтан, қомғамда еңбек мәдениеті жойылып барады. Қарапайым жұмысшы мамандықтарын игеруге жастардың құлқы жоқ», - деген Жансейіт Түймебаев, бұл жағдайды шешу жолдарын қарастырғанда, Қазақстанда тұратын көптеген этностардың нарықтық қатынасқа бейімділігін ескеру керек деді. Осыған байланысты ол «Қоғамдық келісім» РММ-не қоғамдық келісім кеңестерінің негізінде этностардың кәсіптің қарапайым түрлерін жүргізу жөніндегі тәжірибесімен бөлісетін, және оған барлық халықты машықтандыратын жоба әзірдеуді тапсырды.

«Елбасы «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасында Қазақстанға экономикалық табыс пен қоғам игілігі арасында оңтайлы теңгерім табу маңызды деді. Сондай-ақ, ол тұтынушылық қоғам тұжырымдамасы жалпылама әлеуметтік масылдық пиғылды, тек тұтынушылық жағдайды қалыптастырады деген болатын. Алайда, біз әлі сабақ алмаған сыңайлымыз. Халықтың белгілі бір бөлігі «аз жұмыс жасап – көп ақша табу», «ауадан ақша жасау» секілді принциптермен өмір сүреді»,- деген Жансейіт Түймебаев бұл Қазақстанда ғана емес, күллі әлемде жалпылама әлеуметтік масылдық дертін тудырғанын және ғаламдық дағдарыстың алғашқы себебі де осында екенін атап көрсетті.

Ж.Түймебаев: «Мемлекет шексіз донор бола алмайды»

Жансейіт Қансейітұлы қоғамның бұл кертартпалығына балама жауап ретінде Жалпылама Еңбек Қоғамы идеясын тарату, насихаттау керек деді.

«Әлеуметтік жаңғырудың негізі шынайы өндіруші еңбекке құрылуы тиіс. Біз азаматтарға мемлекет шексіз донор бола алмайтынын, есесіне, халықтың игі тұрмысы үшін жағдай туғызатын серіктес бола алатынын түсіндіруіміз керек. Мемлекет стратегиясы әлеуметтік қорғаудан әлеуметтік прогресс бағытында құрылуы тиіс», - деген Жансейіт Қансейітұлы әлеуметтік жаңғырудың мақсаты мен маңызы қоғамды жаңа индустриалды-инновациялық экономика басымдыққа ие болатын өмірге дайындау деді.

Сондай-ақ, қоғамның әлеуметтік салаларындағы өзгерістердің барлығы қазақстандық экономика мүмкіндіктеріне негізделуі тиіс деген ой білдірген Жансейіт Қансейітұлы, мемлекет қазақстандықтардың өз өмірлерін өз беттерінше жақсартуына жағдай туғызатынын айтты.

«Әлбетте, мемлекет шын мәнінде көмекке мұқтаж адамдарды далада қалдырмайды. Алайда, өзінің қауқары келетін нәрселерді азамат өзі шамасына сүйеніп жасауы тиіс», - деді Жансейіт Түймебаев.

 

Бөлісу:

Нұргүл Қалиева 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша none;text-underline:none">ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.



Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға