Жаңалықтар

Ж.Түймебаев: «Әлемде этникалық топтардың дамуына жағдай жасаған елдер аз»

Ж.Түймебаев: «Әлемде этникалық топтардың дамуына жағдай жасаған елдер аз»
29.08.2019 15:06 3190

Ассамблея шын мәнінде қоғам бірлігінің бірегей алаңына айналғанын Жетісу саябағында достықтың туын көтеріп шығып, қазақтың «Атамекенін» қосылып шырқаған түрлі ұлт пен этнос өкілдері тағы бір мәрте айғақтағандай болды. Конституция күніне орайластырылып ұйымдастырылған елордалық этномәдени бірлестіктердің мерекелік концертін тамашалауға көрермен халық көп жиналды. Аталмыш шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ж.Қ.Түймебаев, Ассамблея мүшелері мен қоғам қайраткерлері, этномәдени бірлестіктер мен жастар қанаты қатысты.

Кеште сахна төрінде талғампаз Еуропа мәдениеті паш етілді. Биылғы Конституция күнін тойлаудың ерекшелігі де осында. Ата заңымыздың атаулы күнін атап өтуге елордалық барлық этномәдени бірлестіктер атсалысты. Олар бір ай бойы қала халқына ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлап, Нұр-Сұлтан қаласының ең көрнекті демалыс орындарының бірі – Жетісу саябағында күн сайын өздерінің мәдениет күндерін ұйымдастырып келді. «Этнос күні» фестивалінің қорытынды шарасына бұл кеште «Қайта өрлеу» неміс қоғамы, «Алеф» еврей мәдени орталығы, «Поляцы» поляк мәдени орталығы, «Злата» болгар мәдени орталығы қоғамдық бірлестіктері қатысып, елордалықтарды өздерінің төл мәдениеті мен руханиятының жауһарларымен сусындатты.

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев шараға қатысушыларды ел тұрақтылығының кепілі - Ата Заңымыздың төл мерекесімен құттықтады. Жансейіт Қансейітұлы сөз басын орыс, неміс, поляк, болгар және иврит тілдерінде сәлемдесумен бастауын қошеметпен қабылдаған этнос өкілдері мұны бірліктің, достықтың, ынтымақтың белгісі, шараға қатысушыларға көрсетілген құрмет деп бағалады.

«Ата заңымыздың арқасында қазақстандықтар мәдени және рухани құндылықтарды қайта өркендетудің жаңа мүмкіндіктеріне ие болды. Конституциямыздың жалпыұлттық құндылықтарды құрметтеу нормаларын жүзеге асыру арқасында көпэтносты Қазақстанда барлық азаматтардың келісімі мен бірлігінің іргетасы қаланды», - деді Жансейіт Қансейітұлы құттықтау сөзінде.

Ассамблеяның шын мәнінде елдегі бейбітшілік пен келісімнің сақтаушысына айналғанын айтқан Ж.Түймебаев: «Біздің міндетіміз –жалпыұлттық құндылықтарды сақтап, олардың негізінде тұрақты, құқықтық, әлеуметтік мемлекет құруға үлес қосу», - деп атап көрсетті.

Ж.Түймебаев: «Әлемде этникалық топтардың дамуына жағдай жасаған елдер аз»

Ассамблея Төрағасының орынбасары бүгінде ел аумағында 1025 этномәдени бірлестіктің, 40 Достық үйінің тұрақты жұмыс жасайтынын айтты.

«Әлемде этникалық топтардың дамуына мұндай жағдай жасаған елдердің қатары аз екенін ерекше атап өтуіміз керек.

Елбасының саяси ерік-жігері елімізде азаматтық теңқұқылықтың шынайы механизмдерін қалыптастырды.

Бірлік пен келісімнің арқасында біз бейбіт өмір сүріп, еңбек етіп, отбасын құрып, балаларымызды тәрбиелеп, болашағымызды жоспарлай аламыз»,- деді құбылмалы әлемдегі мәңгі құндылық ұлтаралық келісімнің бағасына баса мән берген Ж.Түймебаев.

Әлемнің озық үлгілі мәдениеттерінің бірі - Еуропа мәдениетінің алақандай бір бөлігі бұл кеште Жетісу саябағына көшіп келгендей болды.

Дүниежүзі халықтарының интелегенциясына ұлы оқымысты ғалымдарды, ақын-жазушыларды, музыканттарды сыйлаған неміс халқы сахнаға бірінші болып шықты. Қазіргі кезде елімізде 220 мыңнан астам неміс ұлтының өкілі тұрады. 1992 жылы Қазақстан немістерінің алғашқы съезінде құрылған «Қайта өрлеу» республикалық қоғамдық ұйымының тарихы Тәуелсіздікпен тамырлас.

Бірлестік жанындағы «Диамант» жастар клубының өнерпаздары өнер фестивалінің шымылдығын ұлттық бимен ашты. Одан кейін Шпете Блюмен ансамблі «Изабелла», Д. Мейрабова «Бедингунглос», А. Абдульманова «Саг мир во ди блуме» әндерімен көрермен қошеметіне бөленді. Р.Шишковскийдің көркемдік жетекшілігімен «Диамант» клубы жастарды ортаға алып шығып, немістің ұлттық биі «Шпектеринге» флеш-моб ұйымдастырды.

Ж.Түймебаев: «Әлемде этникалық топтардың дамуына жағдай жасаған елдер аз»

Келесі болып төрге шыққан «Алеф» еврей мәдени-ағарту және қоғамдық-саяси қоғам» қоғамдық бірлестігі «Бат-мицва» салт-дәстүрін сахналады. Иудаизм шариғаттарына сәйкес, бұған дейін баласының дін шариғаты мен ұлт дәстүрін сақтауына ата-анасы жауапты болып келсе, кәмелеттік жасқа толғаннан кейін еврей жеткіншегі жауапкершілікті өзіне алады. Ер бала 13 жас 1 күнде, қыз бала 12 жас 1 күнде барлық этикалық, ғұрыптық және өзге де жауапкершілікте болады және еврей қауымдастығының тұрмыстық салттарына қатысу құқығына ие болады.

Тәрбиелік маңызы жоғары бұл қойылымнан кейін Р. Кац-Махмудова «Кшеат ИТО», М.Турунтаев пен М.Кац «Хайфа» әндерін шырқады, сондай-ақ, С.Семеновтың гитарада сүйемелдеуімен еврейлердің мерекелік өлеңдерінен попурри айтылды.

Бүгінгі күні Қазақстанның бірлік шаңырағында 50 мыңнан астам поляк ұлтының өкілдері тұрады. Өнер сахнасында «Поляцы» қоғамдық бірлестігінің өнерпаздары Д. Бержицкая мен І.Шәріпов поляк вальсының әуезімен шыр көбелек айналды. «Стокротка» ансамблі «Шла Девэчка», М. Горелова «Парасольки», «Краснолютки» ансамблі «Естэшми польком и полякем» әндерін шырқады.

Ж.Түймебаев: «Әлемде этникалық топтардың дамуына жағдай жасаған елдер аз»

Соңғы болып «Злата» болгар мәдени орталығының өнерпаздары өз концерттік бағдарламаларын ұсынды. Болгар өнерпаздары сахналаған «Қызды әке-шеше үйінен шығарып салу» салтынан қазақтың қыз ұзату салтына ұқсастық байқалды. Ұзатылған қыздың жолына ақ жол төсеп, гүл дестелерін қойған әке-шеше оған бата беріп, күйеу жігіттің қолына тапсырады. «Цветанка» ансамблі концерттік бағдараламаны әуезді әнмен кестеледі, «Радомирка», «Кога шумят букитэ», әндерін нақышына келтіре орындап, би де биледі.

Шара соңында «Еуропа мәдениетінің күндері», «Шығыс қырлары», «Славян базары», «Кавказ мәдениетінің күндері» фестивальдерінің барлық қатысушылары, яғни, 21 этномәдени бірлестіктің өкілдері ортаға шығып, әрбір фестивальде уығы қадалып, керегесі керілген, есігі қондырылып, шаңырағы көтерілген бірліктің символы - қазақтың алты қанат киіз үйінің жиналып, елдік пен бірліктің гимніне айналған «Атамекен» әнін шырқады. Татулықты ту еткен Қазақ елордасының аспанында бейбітсүйгіш елдің жігерге толы әні шарықтады.

Бөлісу:

Рауан Искалиев

Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға