Жаңалықтар

Жәркен Бөдешұлы: «Енді маған сыйлықтың қажеті де жоқ...»

Жәркен Бөдешұлы – қазақ поэзиясының құбылысы. Кесек талант иесi.
12.06.2014 09:27 11430

Жәркен Бөдешұлы – қазақ поэзиясының құбылысы. Кесек талант иесi. Қазақ әдебиетiнiң рухты, пафосты жыр үлгiсi де, бүгiнгi қазақ жырындағы сыршылдық пен сыншылдық та, адамға тән сағыныш пен жастыққа тән мөлдiр сезiм де, от-жүректi отаншылдық пен жан-жүректi ұлтжандылық та – бәрi-бәрi Жәркен ақынның жырларында. Ақынды мерейтойымен құттықтап, телефон арқылы сұхбаттасқан едік... Жауһар жүрек иесінің жансарайына Сіз де төрлетіңіз!

Жәркен Бөдешұлы: «Енді маған сыйлықтың қажеті де жоқ...»

– Армысыз, Жәркен аға!

– Ар бол, бармын балам!

– Міне, бүгін жетпіс жасқа келдіңіз, туған күніңіз, мерейлі мерейтойыңыз құтты болсын!

– Рахмет, айналайын! Аздап сырқаттанып, емхана мен үйдің арасында жүрмін. 

– Жуырда шығармашылық кешіңіз өткелі жатыр екен...

– Иа, Алла қаласа, 19 мамыр күні Қазақстан Жазушылар Одағында «Арғы тауға асумын, Бергі тауға белеспін» деген тақырыпта шығармашылық кешім өтеді. Қазір соның дайындық жұмыстарымен жүріп жатыр. 

– Бәрекелді, кештің атауы қызық екен... Неге бұлай атадыңыз?

– Менің бүкіл өмірім – өлең. Өлеңнен басқа байлыққа да, атаққа да көңіл аударған емеспін. Құдайды өкпелетіп алмау үшін маған берген ең үлкен сыйы – өлеңді аялап, халықтың алдында жеткізсем, адал болсам, бүкіл қанымды-жанымды берсем деп ойлаймын. Басқа менің әдебиетте алған атағым да жоқ. Кештің атауына келсем, «Арғы тауға асумын» деп отырғаным – менің бала күнім туған жерім – Жәйір тауының табиғатында өтті. «Бергі тауға белеспін» деп отырғаным – Алтайдан Атыруға дейінгі ұлы дала, Алатаудан Көкшетауға дейінгі қасиетті өлке – ардақты атажұрт. Шығармашылық кешіме ақын-жазушылар, танымал әншілер, зиялы қауым өкілдері қатысады. Жәркен ағаңның хал-жайы – осы.  

– Сіздің есіміңіз ерекше. Сізден басқа Жәркен деген есім кездестірмеген екенмін. Қандай мағана береді?! 

– Әсілінде, менің азан шақырып қойған атым – Жармұхаммед. Менің анам дінді қатты жақсы көретін, намаз оқитын жан болатын. «Балам, келешекте қандай болатыныңды қайдан білесің, заман болса мынау өзгеріп, қиындап бара жатыр. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің қасиетті есімін қайта-қайта айта бермейік, сен Жәркен боп жүрші» деп еркелетіп, содан Жәркен атанып кеттім. Ең алғашқы топтама өлеңімді де Жәркен деген атпен шығардым. Ең алғашқы кітабымда Жәркен деген атпен басылып кетті. Ал, қазір де Жәркен Бөдешұлымын...

– Жәркен аға, кезінде сіз Қажытай Ілияс,  Қабдеш Жұмаділовтен кейін шекарадан атамекенге қарай жаяу-жалпылай өткен қаламгердің бірісіз. Жалпы сіздің атамекенге оралуыңыз жөнінде айтсақ...

– Ол кезде заман солай болды. Мен атамекенге оралмай сол жақта қалып қойғанымда мені әлдеқашан атып тастайтын еді. Ол заманда ұлтым деп ұлық қылғандардың қаны суша ақты. Мұндайда жан сауғалау есті қылық. Төрдегі жұрт төбеңнен төнсе жалғыз жанашырың алпыс екі тамырында өз қаны күркіреп аққан қандастарым болмақ деп тау асып, тас басып шыбын өте алмайтын, құс өте алмайтын шекарадан жаяу өткен адаммын. Аллаға, сансыз шүкіршілік айтам, табаным туған жердің топырағына тигені үшін де мен бақытты пендемін.

– Өлеңіңіз керемет, бірақ, атыңызды әдебиетшілерден басқа жұрт біле бермейді, неге?

– Мен кім көрінгеннің алдына жүгіріп бара бермейтін адаммын. Осы күнге дейін бір әкімнің, бір бастықтың алдына барған емеспін. Не үшін? Өзімнің мінезім солай. Маған барлық мәртебем де, байлығым да – поэзия. Өлеңнен жоғары ешкім бар деп ойламаймын. Сол үшін ешкімнің алдында басымды игім келмейді. Әдебиетті сүйемін! Әдебиеті жоқ ел ешқашан кемелденген елдер қатарына жатпайды. 

– «Жалғыз» деген поэмаңызды оқып отырып, сол поэмадағы Жалғыз өзіңіз емес пе деген ойға қаламыз... Және:

Жалған-ай...

«Жалғызсырау қандай жаман,

Тарпаңның тамырында қан қайнаған.

Адасқан үйірінен құла бие,

Қосылды құландарға қақ жайлаған...» дейсіз... Өзіңізді көп ішінде де жалғыз сезінесіз бе?

– Иа, ол Жалғыз – менмін... Бұл поэманы тұтастай жатқа білетін жас оқырмандарым бар. «Жалғыздық тек Құдайға ғана жарасады» деп айтылады. Жалғыздық барлық адамның басында бар нәрсе. Бұл тек бір ғана адамның басындағы жалғыздық емес, бүкіл әлемдік жалғыздық деп ойлаймын. Шәкәрім де жалғыз болды... Жалғыздықты тек қана оқу керек. Оны мазмұндап, оның жақсылығын айтудың қажеті жоқ деп ойлаймын.

– «Бұл күнде секілдімін бір тірі елес,

Енді менің өлуім мүмкін емес...» дейсіз бір өлеңіңізде. Аллаға шүкір, 70 жасқа келдіңіз, өмірге айтар алғысыңыз бен өкпеңіз бар ма?

– Өзімді өмірге өкпелі адаммын деп айта алмаймын. Адам ешқашан тағдырды таңдап алмайды. Тағдыр – Жаратқанның ісі. Менің өзімді-өзім мақтайтын бір ерлігім бар. Ол – менің атажұртымды тау асып, тас асып қаршадай кезімде адаспай тапқаным. Мен өзімді сол қасиетім үшін жақсы көремін...

– Иә, дұрыс айтасыз, сол тағдыр соқпағы сізді бір кезде Көкшетауда қой бақтырды емес пе?!

– Иә, осы сұрағыңа орай, менің есіме бір оқиға түсіп отыр... Менің өлеңімнің шығу тарихын айтып берейін. Қой бағып жүріп, қозы қайырып кел деген соң сонда бара жатқанымда жолда үлкен көл бар. Сол көлді жағалап келе жаттым. Қозылар да жағалап келе жатты. Күн деген құйып нөсер жауып тұрды. Сол сәтте менің аяғым тайып кетіп, көлдің астына қарай зымырай жөнелдім. Астына қарай кетіп барам. Өте терең көл болатын. Сол уақытта көлдің жағалауында бір топ шеңгел өсіп тұр екен. Шап беріп ұстап алдым. Сыртымнан көріп келе жатқан адамдар мойныма арқан салып құтқарып алды. Сонда туған өлеңім: «Өлең деген не десем, бір топ шеңгел екен ғой» деген.

Иа, атамекенге оралғаннан кейін бірден рахат өмірге баттым деп айта алмаймын. Адамның топырағынан басқа жаққа ауысқаннан кейін мұң да, зар да болады екен. Әке-шешем анау жақта қалды, жалғыздықты да көрдім.Таңсық орта, беймәлім мекен. Кімнің де болсын белгісіз жерге табанын тірегенде қос аяғы шідерленіп, тұсауланып қалатыны сөзсіз. Кеңес одағында келдім. Солардың басшысына арнап өтініш жазыңыз деді. Мен баспана сұрап келдім, маған баспана беріңіз деп айт деді. Мен өлеңмен жазып бердім. Кейін бір офицер кеп тұр «мына өлеңді қара сөзге айналдырып,  орысша жазып беріңізші» деп. Менің ең бірінші басқа тілге аударылған өлеңім сол болды. 

Ол кезде менің ата-анам менен мүлде бейхабар еді. Олар менің қай жақта жүргенімді де білмеді. Қытайда қатты саясат болды. Сонда біреулер шекарада атылып кетті дегенді естігенде менің әке-шешем, ауыл-аймақ мені қайтыс болып кетті деп ас берген. Мен 20 жылдан кейін шекара ашылғаннан кейін ғана туған жұртыма бардым. 

– Сіздің туған жерге арналған өлеңіңізді біраз жастар жатқа оқимыз. Рұқсат болса оқып берейін бе?!

– Әрине, тыңдап отырмын...

Туған жердiң қар, мұзы,

Аязыңмен жуындыр.

Туған жердiң бал қызы,

Бұрымыңмен буындыр.

Туған жердiң бұлағы,

Толқыныңмен ат менi.

Туған жердiң жыланы,

Шырылдатып шақ менi.

Туған жердiң шеңгелi,

Тырна аямай бетiмдi.

Туған жердiң ерменi,

Аузыма құй өтiмдi.

Туған жердiң доңызы,

Қан жоса қып жарып кет.

Туған жердiң қоңызы,

Домалатып алып кет.

Туған жердiң қасқыры,

Кемiр, ақын сүйегiн.

Туған жердiң тас, құмы,

Сенi осылай сүйемiн!

– Бұл сіздің туған жерге деген сағынышыңыздан туған болар...

– Дүниедегі ең үлкен, ең ғаламат сағыныш туған жерге деген сағыныш екен. Мейлі қарапайым адам болсын, мейлі ақын адам болсын ең ыстық сағынышы ол – туған жер. Тірі жанға одан асқан сағыныш жоқ. Менің өлеңдерімнің көбісінің сағыныш болатыны – мен өз туған топырағымды шексіз сүйемін!

– Өлеңдеріңіз драмалық сюжеттерге тұнып тұр. Сіз драматургияға келсеңіз қазақтың Шиллері болатыныңызға күмәнсіз сенемін. Пьесалар жазуға талпынып көрмедіңіз бе?

– Көп рахмет! Мен Бауыржан Момышұлына арнап тұңғыш рет «Бауыржан» атты  пьеса жаздым. Тараз қаласында Бауыржан Момышұлы атындағы республикалық театр фестивалінде «Бауыржан» жүлделі орын алды. Екінші бір драма ол Шерхан Мұртазаның «Ай мен Ғайша» романның желісі бойынша «Шер ата» деген пьеса жазылды. Әлі еш жерде жарияланған жоқ. Алла қаласа, алдағы уақытта театрларға ұсынамын деген ойдамын. Алла күш-қуат берсе алдағы уақытта өлең де, пьеса да жазыла береді...

– Жаза беріңіз, қаламыңыздан қасиет кетпесін! Өлеңді қалай жазасыз?

– Мен өлеңді таң атқанша сарылып отырып жазбаймын. Мен арнайы осы өлең жазайыншы деп те отырмаймын. Қай уақытта уақыты келеді, сол уақытта жазамын. Ол таң атқанда болуы мүмкін, мүмкін түнде болуы мүмкін. Мен өлең жазғанда алдымен ойыма түсіремін, 20 шумаққа дейін ойымда сақтап жүрем. Сосын кейін ақырындап қағаз бетіне түсіремін.  

– Осы уақытқа дейін 10-нан астам кітап жаздыңыз. Қазақтың ақын, жазушылары арасында әдеби сыйлыққа әуес боп бара жатқандар көп. Тіпті сол сыйлық үшін неше түрлі әрекетке барады. Сіздің сыйлыққа деген көзқарасыңыз қандай?

– Еңбегіңнің бағаланғаны жақсы. Ел мойындаған, жұрт мойындаған, көркемдігі жоғары, мазмұны терең  шығармаға беріліп жатса әдеби сыйлық керек. Егер ол жас болса ынталандырады. Егде болса оның өзінің еңбегі бағаланғанына қуанады. Кез келген шығармашылық адамның еңбегі бағалануы керек. Кім көрінгенге берілген сыйлықтың құны да болмайды. Мен мемлекеттік сыйлыққа екі рет ұсынылдым. 1-2 дауыс жетпей қалып жатады. Не себеп екенін сонда отырған адамдар білетін шығар. Әйтеуір мұнда бұра тартушылық бар деп есептеймін. Оны менсіз де жұрттың бәрі біледі. Енді маған сол сыйлықтың қажеті де жоқ. Енді қалған ғұмырымда сыйлыққа жалтақтаумен өткізетін жайым жоқ. Берсе берсін бермесе қойсын! Егер өздері кеп алмасаң болмайды деп жатпаса, мен енді ешкімнің артынан жүгірмеймін. Осы күнге дейін жүгірген жоқпын. Жүгіруге де уақытым жоқ.

– Бізде Омарғазы Айтанұлы, Сұраған Рахметұлы сынды қазақтың мақтанышына айналған талантты ақындарымыз бар. Бірақ, әдебиетте жүрген кейбір жастарымыз бұл есімдерден бейхабар. Бұл сонда біздегі насихаттың әлсіз тұсы ма әлде? Сіз қалай ойлайсыз?

– Омарғазы мен Сұрағанды  жастар арасында дәріптеу мәселесін қолға алуымыз керек. Оларды сол кездегі қалам ұстап жүргендердің көбі таниды, біледі. Олар қазақ әдебиетімен қоса шетел әдебиетін де, Қытай әдебиетінде оқыған жан-жақты адамдар. Жазған дүниелерінің көркемдік деңгейі мықты, мазмұны терең шығармалар. Оны білмеу жастарға күнә. Ұстазын білмеген адам қалай шәкірт болады?! 

– Қазіргі қазақ поэзиясы қандай формада дамып келеді?

– Қазақ әдебиетіндегі жанрда әлемдік деңгейдегісі – поэзия. Біздің мықты ақындарымызды сол күйінде аударып жеткізе алса әлемдік әдебиеттің де шоқтығын көтерер еді. Мәселен, қай тілде болсын, Абайды әлі күнге дейін жеткізе алмай жүрміз. Орыстар да жеткізе алмады. Себебі, Абайдың ойы терең, Абайдың заманы басқа. Тек жанама ғана аударылып жүр. Абай Абай күйінде жеткен жоқ. Ал, Махамбеттен бастап қазақ  жырауларын сол күйінде аударатын болса бүкіл дүниежүзілік поэзия қол жетпейтін биікке айналып кететін еді. Біз осыны білуіміз керек. Ал, қазір заман басқа адам басқа. Поэзияда бүгін де сілкініс болуы керек, ізденіс болуы керек. 

– Қазіргі жастар поэзиясына көңіліңіз тола ма?

– Кез келген ақынға ізденіс керек. Ізденбесең заманнан әлдеқайда кеш қаласың. Бүкіл дүниежүзі тарихын, әлем әдебиетін білуі керек. Сонда ғана осы заманға лайық көркем шығарма шығады. Қазақ жастар поэзиясына көңілім толады. Шетінен керемет классик деп айтпаймын. Бірақ, биікке көтерілген қазақ поэзиясын одан әрі дәріптеу – біздің мақсатымыз.

– Сіздің өлеңдеріңізді сынап жазғандар болды ма?

– Осы кезге дейін мені ешкім сынаған жоқ. Ал, керісінше өзің мақтағандай мақтағандар болды. Әбіш Кекілбаев, Темірхан Медетбеков, Қабдеш Жұмаділов секілді көзі тірі классиктер мен туралы мақала жазды. Менің еңбегім аз да болса өз бағасын алып жатыр. Қызғанбайтындар , ішінде қызыл иті жоқтар, нағыз талантты адамдар менің еңбегімді бағалап жатыр. Мынау мынадай еді деп маған қатал пікір айтқан әлі ешкім жоқ. 

– Жылқыны көп жырлайсыз...

– Мен жылқыны жақсы көремін. Жалпы қазақ халқы жылқы мінезді халық қой. Қазақ бұрын жоңғар шапқыншылығынан да, талай  жаугершілікте де  жылқымен шапқан. Менің Қабанбай батырдың мінген атына арналған «Қубас ат» деген өлеңім бар:

Тірі болсаң Қабанбай мінген Қубас ат,

Құйрығыңнан алар едім-ау ту жасап.

Әлдеқашан кетер едік тоз-тоз боп,

Анамыздан батыр болып тумасақ,

Ақын болып тумасақ.

Беу, Қубас ат, 

Қубас ат,

Толарсағыңмен тусырылған құмды асап.

О дүниеден кісінеші күмбірлеп,

Бұ дүниеде қалайын мен мың жасап.

Бек, Қубас ат,

Қубас ат...» деп жырлаған. Қазір баспаға тағы бір жыр жинағымды дайындап жатырмын. Жинақты «Жылқы кісінейді» деп атадым. 

– Жәркен аға, қазақ елінің болашағын қалай елестетесіз?

– Бізде ұлттық иделогия, ұлттық бағдар болуы керек! Ұлттық бағдар болмай, ұлт мәселесі шешілмей ештеңе де болмайды. Мен қазақпын, қазақ ұлтының ұлымын деп айту үшін алдымен білімің, оның қолдайтын үкіметің болуы керек. Тәуелсіздік дегеннің басты мақсаты – қазақ ұлтының мемлекеті. Негізгі ұлт – қазақ. Ұлы мемлекеттің ұлы ұстазы, иесі – қазақ!

Алда бізді нұрлы да, жарқын болашақ күтіп тұрғанына сенемін...

– Әңгімеңізге рахмет! Жазарыңыз көбейсін, Жәркен аға!

Сұхбаттасқан: Салтанат Жүсіп

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға