Жаңалықтар

Жұмыссыздық: дерек пен дәйек

Жұмыссыздық мәселесі қалай шешілуде?
Жұмыссыздық: дерек пен дәйек
Фото: ©El.kz/Бауыржан ЖУАСБАЕВ 12.02.2021 15:26 5269

Өткен жылдың үшінші тоқсанындағы көрсеткіш бойынша Қазақстанда жұмыссыздар саны 2019 жылға қарағанда 2,8% өскен. Осылайша жұмыссыздық мәселесі 5% құраған. Бұл цифрлық көрсеткіштерді Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Статистика комитеті таратқан. Ал, 2021 жылдағы ахуал қалай екен? Еліміздегі жұмыссыздық мәселесін шешу мақсатында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығы қандай мемлекеттік бағдарламаларды іске асырып отыр? Осы бағытта қандай жұмыстар атқарылуда? Аталмыш сауалдарға жауап іздеу мақсатында елордадағы Халықты жұмыспен қамту орталығының тыныс-тіршілігімен танысып қайттық.

«Жастар тәжірибесі» бағдарламасы

«Жастар тәжірибесі» бағдарламасы нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отыр. Орталық мамандарының айтуынша, бұл бағдарламаға жоғары оқу бітіргеніне үш жыл толған, алайда мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алмаған түлектер қатыса алады. Талап бойынша ізденушінің жасы жиырма тоғыздан аспауы тиіс.

Жұмыссыздық: дерек пен дәйек

Орымбетова Бағила, Жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу бөлімінің басшысы

– «Жастар тәжірибесі» тиімділігімен танылған мемлекеттік бағдарламалардың бірі. Түлектерді жұмысқа бейімдеу мақсатында ұйымдастырылған бағдарламаға техникалық және кәсіптік білім меңгерген немесе орта білімі бар әрі жоғары оқу орындарын аяқтаған жасы 29 толмаған түлектер қатыса алады. Тәжірибенің ұзақтығы алты айдан аспайды. Осы уақыт аралығында маман өз біліктілігін көрсетсе, тұрaқты жұмысқa оpналасy мүмкіндігі бар. Бағдарламаның тиімділігі – өз мамандығы бойынша жұмыс таппай жүрген жастар үшін өте жақсы ұсыныс болып табылады. Меңгерген мамандығы бойынша жұмыс істеп, тұрақты жалақыға жетуге мүмкіншілік беріп отырмыз. Практика барысында жастар қолына 80 000 теңге жалақы алады әрі әлеуметтік пакеттер де қарастырылған. Нұр-Сұлтан қаласы үшін 80 000 теңгені мардымсыз деп азырқанатын жастар да кездеседі. Бірақ, бұл тек алғашқы баспалдақ екенін атап айтқым келеді. Көбінесе жастар жалақысы жоғары жұмысты талап етеді. Өздерінің жұмыс өтілінің жоқ екеніне, кәсіби біліктілігінің болмауына қарамастан, жоғары жалақы алғысы келетіндер де бар. Бұл тек 6 ай барысында ғана төленетін жалақы. Жоғарыда атап өткеніміздей, егер осы уақыт аралығында жұмысқа қабілетті екендіктерін дәлелдей алса, тұрақты жұмысқа қабылданып, жұмыс беруші ұсынатын жақсы жалақыға жертуге мүмкіншіліктері зор. Қазір көптеген жастар осы бағдарлама арқылы жұмысқа тұрды.

  • Бағдарлама басталғалы 2020 жылы 1200-дей жас маман тұрақты жұмысқа орналасса, биыл 900 маман иесін жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Жыл басынан бері 100-ден аса азаматтар жұмысқа орналасқан.

Атылмыш «Жастар практикасы» бағдарламасына қатысу үшін Халықты жұмыспен қамту орталығына тіркелу қажет. Ондағы мамандардың пікірінше, келесідей құжаттар әзірлеп апару керек. Жеке куәлік (көшірмесін), еңбек кітапшасының көшірмесі (бар болса) және техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім бар екенін растайтын құжаттың көшірмесі.

Жұмыссыздық: дерек пен дәйек

Бағила Сайлаубекқызының айтуынша, ең әуелі жастарға практикадан өтетін ұйымдардың тізімі беріледі. Жұмыс іздеп келген ізденушінің таңдау құқығы бар. Көңілі қалаған мекеме таңдалғаннан кейін, сұқбаттасу парағы ұсынылады. Жұмыс іздеуші өзі таңдаған мекеме басшылығымен жолығып, келісімін алып келеді. Сосын барып қана керекті құжаттар жинауға кіріседі.

– Қандай мамандықтарға сұраныс жоғары?

– Нұр-Сұлтан қаласында ірі зауыт, фабрикалар жоқтың қасы,- дейді Бағила Орымбетова. – Жұмыс берушілер тарапынан қызмет көрсету саласы, құрылыс саласына бойынша түрлі мамандықтарға сұраныс жоғары. Мәселен, типография, заңгерлік қызмет түрлері, құрылыс саласына қажетті мамандықтар бойынша жұмыс орындары көп ұсынылады.

Жұмыссыздық: дерек пен дәйек

– Пандемия кезінде жұмыссыздар саны қанша есеге ұлғайды?

– Әрине пандемияның салқыны барлық салаға әсерін тигізді. Жұмыссыздар саны күрт артты. 2020 жылы біздің орталыққа 26 000 адамнан өтініш келіп түсті. Әрине, бұл жерде оның бәрі тек жұмыссыздық бойынша емес, өзге де мәселелер бар. Осы өтініш түрлерінің ішінде өткен жылғы есеп бойынша 19 000 мыңнан аса адамды жұмысқа орналасуға жәрдемдестік. Оның ішінде «Жастар практикасы» бойынша, «Қоғамдық жұмыстар» бағдарламасы аясында сондай-ақ «Әлеуметтік жұмыс орындары» бағыты бойынша және кәсіптік оқыту курстары арқылы орналасқандар кіреді. Солардың арасында 8000 астам адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Қайта даярлау курстарынан өткен ізденушілер арасында қайтарымсыз гранттарға қол жеткізіп, жеке кәсібін ашқан азаматтар баршылық. Президенттің бастамасымен қабылданған «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында Нұр-Сұлтан қаласында 16 077 адам жұмысқа орналасты. 8 175 адам Халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмыс тапса, жобаны жүзеге асыруға атсалысқан мердігерлерлер арқылы 7 902 адам жұмыспен қамтылып отыр.

Орталықтағы мамандардың айтуынша, «Жол картасы» бойынша жұмысқа орналасқан мамандар санатына дәнекерлеуші, сантехник, құрылысшы, ауыр жүк көліктері мен кран жүргізушілері, тазалық жұмыстары бойынша қызмет көрсететін мамандар, аспазшы, жол жөндеуші, есепші, инженер, электрик, бетоншы, техникалық сатып алулар бойынша мамандар т.б.

Жұмыссыздық: дерек пен дәйек

Азамат Байтасов, Нұр-сұлтан қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығы директорының міндетін атқарушы

– Жұмыссыздарды кәсіби даярлықтан өткізіп, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту оқытуға бағытталған мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасы бар. 2020 жылы Нұр-Сұлтан қаласында аталған бағдарлама аясында 220 адам кәсіптік білім алу үшін арнайы оқуларға жіберілді. Арнайы курстарда ізденушілер аспаз, кондитер, тігінші, шаштараз, кассир-бақылаушы, наубайшы, тәрбиеші-көмекші, анимация және бейнеграфика мамандықтары бойынша кәсіби білім алды. Қазіргі таңда сұранысқа ие мамандықтар қатарынга аспаз, шашатараз және тігіншілік жатады. Нақты сандарды атар болсам, 52 адам аспаздықты меңгерсе, 41 жұмыс іздеуші шаштараз атанды, ал 30 адам тігін шеберлігін үйренді. Курс тегін. Кәсіптік білім меңгерген кезеңде оларға 21780 теңге көлемінде шәкіртақы төленеді. Оқығаны туралы куәлік беріледі және жұмыспен қамтылады. Оқу мерзімі 1 айдан үш айға дейін жалғасады.

Азамат Елемесұлының айтуынша, 2020 жылы 220 адам кәсіптік білім алса, олардың 72 % яғни, 160 азамат жұмысқа тұрған. 2019 жылы 1234 азамат қайта даярлау курсынан өтіп, олардың 70% жұмыспен қамтылған.

Жұмыссыздық: дерек пен дәйек

Орталықтағы мамандардың айтуынша, Халықты жұмыспен қамту орталығына қайта даярлау курстарынан өтуге мүмкіндік берген оқу ордасының бірі – «Қоғамдық тамақтану және сервис колледжі». Бұл жерде қазір 30 адам жаңа кәсіп үйренуде. Олардың арасында болашақ 10 наубайшы болса, 20 адам тігіншілікті меңгеруде. Колледждің Кәсіби білім беру бойынша директор орынбасары Нұржанат Мұратқызының пікірінше, осы жерде білім алып, жаңа кәсіп меңгерген әрбір азамат жұмыспен қамтылады. Бірнеше жеке кәсіпкерлермен келісім-шарт жасалған. Мәселен, «Бал-жидек» ЖШС-де наубайшылар, «ВЕСТЕ» ательесінде нәсібін тауып отырған тігіншілер бар.   

  • Кәсіптік оқудан өткен азаматтардың 90 пайызы жұмысқа орналастырылған.

Азамат Елемесұлының пікірінше, былғы жылға сұранысқа ие мамандықтардың тізімі бекітілген. Қазір 28 мамандық бойынша өтінім қабылданып жатыр.

«Бастау Бизнес» жобасы

Жоғарыда біз сөз еткен кәсіпкерлік негізінде оқыту курсынан өткен жұмыссыз азаматтар нақты бизнес-жоспар жасап, белгілі бір кәсіп түрін ашқысы келсе, мемлекеттік грант алуына мүмкіншілік бар. Тың бизнес-идеясы бар, соны жүзеге асырғысы келетін азаматтарға аталмыш бағдарлама аясында 583 400 теңге көлемінде қайтарымсыз грант беріледі. Алайда, бұл сома тек мақсатты түрде жұмсалуы тиіс. Мысалға, ғимаратты жалдағаны үшін немесе қажетті құрал-жабдық сатып алғаны үшін т.б. 2020 жылы 561 азамат мемлекеттік грантқа қол жеткізіп, өз кәсіптерін ашқан.

Жұмыссыздық: дерек пен дәйек

Жаңа бизнес-идеяларын іске асырғысы келетін үміткерлер грант алуы үшін тұрғылықты жері бойынша Халықты жұмыспен қамту орталығына барып, төмендегі құжаттарды ұсынаалады:

1) жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік грант алуға өтініш;

2) жеке басын куәландыратын құжат;

3) әзірленген бастапқы бизнес-жоспар;

4) Бағдарлама шеңберінде оқудан өткенін растайтын құжаттың көшірмесі.

Ақмарал Қосжанова – жаңа кәсіп меңгерген мамандардың бірі. 17 жылға жуық мемлекеттік қызметте салық саласында жұмыс істеген. Жеке кәсіп ашу туралы көптен ойланып жүрген кейіпкеріміз, Халықты жұмыспен қамту орталығына барып, курс оқуға ынталы екенін жеткізіп, өтініш қалдырған. Қазір ол тігіншіліктің қыр-сырын меңгеруде. «Шебердің қолы ортақ» демекші, бұған дейін Ақмарал көрпе-жастық, перде тігуді ұнатқан екен. Ендігі мақсаты – дизайнерлік үлгідегі киім тігіп, жеке кәсіп ашып, өз брендін қалыптастыру.   

Жұмыссыздық: дерек пен дәйек

Жұмыспен қамту орталығы мамандарының берген ақпаратына сенсек, 2020 жылы елордада 149 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асқан. Аталмыш жобаларды жүзеге асыруға қолқабыс еткен мердігер мекемелерге 1 469 адам тұрақты жұмысқа орналасыпты. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыруда биыл жоғары нәтиже көрсеткен. Бұл бағдарлама – уақытша жұмыс түріне жатады. Аталмыш бағдарламаға аясында жұмыс тапқан үміткерлер айына 85 000-250 000 теңге аралдығында жалақы алатын көрінеді. Айлықтың мөлшері жұмыскердің қызметі мен атқарған жұмысына байланысты тағайындалады.

Жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу бөлімінің басшысы Орымбетова Бағила ханымның айтуынша, еңбек нарығында дәрігерлік мамандық пен педагогика саласы яғни мұғалімдерге сұраныс жоғары. Сондай-ақ, жұмыс берушілер тарапынан сауда-саттық, қызмет көрсету, құрылыс салаларына және жүргізуші мамандарына сұраныс көп түседі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға