Жұмыс пен оқуды қатар алып жүру
Қазіргі уақытта жұмыс істеп жүрген студенттерді жиі кездестіреміз. Осындай таңдау жасау оқу ақшасын төлеу, ата-анасына көмектесу қажеттілігінен туса, біреулер ата-анасынан қаржылық жағынан тәуелсіз болғысы келсе, біреулері тәжірибе жинағысы келеді. Бұл жағдайда себебі маңызды емес, бастысы жұмысты оқумен бірге қатар ұстап жүру. Төменде екі жақты тең ұстау туралы кеңестер айтылады.
«Студенттер» жұмысын іздемеңіз
Әдетте студенттерге жалақысы аз, кәсіби талаптары төмен жұмысты ұсынады. Жұмыс берушілердің түсінігінде студент тек даяшы, не промоутер бола алады. Сіз жоғары оқу орнында оқисыз. Бір сала бойынша терең білім алып, кәсіби біліктілікке үйренесіз. Алдағы уақыттағы сәтті мансап құрудың алғашқы қадамы. Сол себепті алтын уақытыңызды басқа салаға жұмсаған дұрыс емес. Студент ретінде жұмыс іздегенде өз мамандығыңыз бойынша қарастырған жөн. Студенттердің тағы бір басты мәселесі – жұмыс тәжірибесі. Жұмыс істемесе тәжірибе қалай жинауға болады? Жақсылап іздеп көрсе, жұмыс табуға болады. Кез келген компанияға жас мамандар керек (кәсіби дайындығы төмен болғандықтан, жалақы аз төлейді). Сұхбаттасуға келгенде қабылдаушы жұмыс орнына өтірік айтудың керегі жоқ. Бұл кезде ең басты әдіс – өзіңді сенімді, үйреніп жүрген жас маман ретінде көрсету. Бастысы жаңа нәрсені үйренуге дайын екеніңізді жеткізу керек.
Университет бекіткен іс-тәжірибеге де назар қою керек. Жақсы жағынан көрінген студенттерді компаниялар өздерінде алып қалуға тырысады. Жалақасы аздау болса да, болашағы бар компанияларды міндетті түрде істеп көру керек.
Жазды тиімді пайдаланыңыз
Жаңа жұмыс орнындағы алғашқы ай ең қиыны. Біріншіден, ұжыммен тіл табысып, үйрену қиын. Екіншіден, жүктелген жұмысты тиімді атқару. Жазда сабақ, емтихандар болмайды. Сол себепті бүкіл уақытты жұмысқа жұмсауға болады. Басты назарда тәжірибе жинау болу керек. Жалақысы екінші кезекке қалдырыңыз.
Жұмысқа орналасқан жағдайда
Естен шығармайтын ең бірінші ереже – шағымданба (жылама).
Адам бүкіл нәрсеге шағымданып жүреді. Кейде біз үшін бұл қажет болуы мүмкін. Бұл басқа адамдар тарапынан тек аяныш тудырады. Сізді біреу аяғаны керек пе? «Мына байғұс оқып жүріп жұмыс істейді екен. Қандай бишара»,-дейді көбі. Сізге сол керек пе? Менің ойымша ол емес, сізге басқасы керек. «Қарашы, қандай мықты екен, бәріне де үлгереді екен. Оқып та, жұмыс істеп те». Шын мәнісінде адамның өзіне оны мақтаған ұнайды. Міне, Сіз үшін осы қосымша мотивация болуы керек.
Басымдықтарды қоя білу
Басынан бастап сізге не маңызды екенін анықтап алу керек. Оқу ма, әлде жұмыс па? Осы екеуінің арасында таңдау туындап қалғанда қиналмастан жауап айту маңызды. Адам жұмыс істеп әрдайым үлгереді. Сол себепті оқуға берілген уақытта оқуға басымдық берген дұрысақ.
Уақытты жоспарлау
Денсаулық ең бірінше байлық (физикалық және психологиялық). Оны қалай болса да сақтау қажет. Жұмыс пен оқуға кететін уақытты анықтап, қажеттілік бойынша реттеу керек. Жұмыста студент екеніңізді ескертіп қою керек. Уақыт жетпей қалған жағдайда ескертуіңіз маңызды рөл ойнайды. Ал оқу орнында кейде айтпай қалуға болады. Мұғалімдердің басым бөлігі жұмыс істейтін студенттерді жақтыра бермейді. Бір күнде тек 24 сағат. Сол аралықта бәрін істеп үлгеру керек.
Жұмыста оқу жайында, оқуда жұмыс жайында ұмытыңыз
Жұмыс орнында ең алдымен сіз қызметкерсіз. Оқу туралы ойларды есіктің арғы жағында қалдырып кету керек. Университетте сіз бірінші кезекте студентсіз. Жұмыста оқудан, оқудан жұмыс уақытында демалыңыз. Бастысы тәжірибе мен білімді қатар жинаңыз. Сонда басқа қатарластарың университет бітіріп жұмыс іздеп бастағанда, сіз кәсібилігі жоғары жас маман боласыз. Жұмыс тәжірибесі де жақсы жұмыс іздеуге мүмкіншілік береді.
Асқар Азаматхан