Жұмабек АШУҰЛЫ: "Абайдың отыз сегiзiншi сөзiн терең түсiнген адам мiндеттi түрде мұсылман болады"
Жұмабек АШУҰЛЫ, Халықаралық «Абай» қорының директоры.
– Сiз Халықаралық «Абай» қорын ашып, басқарып келе жатқаныңызға бiр мүшелге тақау уақыт болды. Бұл қорды ашуға не түрткi болды? Өйткенi осы аттас қор онсыз да бар едi ғой.
– Бұл қордың құрылуына Президентiмiз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзi тiкелей себепкер болды. 1993 жылы Абайдың 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемiнде аталып өтетiн болды да, ол үшiн оның атында халықаралық дəрежедегi қор болуы тиiс едi. Осы ұлы мерейтойға орай қорды ашып, содан берi қызмет етiп келе жатырмыз. Аталған қор ұлы ақынның 150 жылдық мерейтойы қарсаңында қыруар шаруалар атқарды. Атап айтар болсақ, сол кездiң өзiнде Абайдың таңдамалы өлеңдер жинағын қазақ жəне француз тiлiнде жеке жинақ етiп бастырдық.
– Ол шығармаларды француз тiлiне кiм аударды?
– Ғалымжан Мұқанов деген қазақтың керемет азаматы бар. Ол – нағыз талант, дарын.
– Ол осы қордың қызметкерi ме?
– Алғашқыда басқа жерде iстейтiн. Кейiн бiздiң қорға қызметке келдi. Қазiр денсаулығына байланысты еш жерде жұмыс iстемейдi. Бiрақ ол – өте бiлiмдi, сауатты азамат. Абай-дан кейiн ол Мұхтар Əуезовтi жəне Махамбеттi французша сөйлеттi. Қазiр Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерiн аударып жүр. Оның дарындылығы сол – Альберт Фишлер деген француздық маман, осы саланың профессорының өзi Ғалымжан Мұқановтың аудармасынан бiрде-бiр қате таппай, сын айта алмай, пұшайман болды. Мұнан өзге де тiл мамандары жаңағы автордың аудар-масына жоғары баға бердi.
– Қордың негiзгi мақсаты тек Абай шығармаларын зерт-теп, оны насихаттаумен шектелiп қалмаса керек.
– Иə, қордың басты мақсаты – жалпы, қазақ халқын, оның əдебиетi мен мəдениетiн һəм өнерiн əлемге паш ету. Дей тұрсақ та негiзгi темiрқазығымыз – Абай. Сондықтан бiз ұрпақты Абай тағылымдары арқылы тəрбиелеуiмiз қажет.
– Ал ендi қазiргi жағдайларыңыз қалай? Қаржы көзi қайдан келедi?
– Мынау нарық заманы шөмiштен қысып: «Балапан басы-мен, тұрымтай тұсымен» кеткен кезде назардан тыс қалдық. Оның үстiне, қоғамдық қор болғандықтан өз күнiмiздi өзiмiз көруге мəжбүрмiз. Қазiр қызмет аямыз тарылып, ақын-жазу-шылармен кездесу өткiзуден ары аса алмай отырмыз. Ал ұлы Абайды елiмiзге, халқымызға керек тұлға ретiнде сыйлар болсақ, бұған Үкiмет тарапынан көңiл бөлу керек.
– Ол үшiн не iстеу қажет деп ойлайсыз?
– 1995 жылы мен: «Абай əлемi» мəдени-ағарту орталығын ашу керек» деп дабыра қылдым. Бұл туралы жазбаған жерiм жоқ. Ол орталықтың бүкiл жоба-жоспарын жасап, мақсатын айқындап, кiрiс-шығысына дейiн есептедiм.
– Сонда ол орталықтың қорға қарағанда басымдылығы неде?
– Мəселен, ол орталықта Абайдың əдеби мұражайы болу керек. Ұлы ақын туралы кез келген дерек iздеген адам жоғын осы жерден табуы тиiс. Сосын Абай зерттеу орталығын ашу қажет. Ал Абайды зерттеген ғалымдардың бəрi соның аясында жұмыс iстесе, құба-құп.
– Осы уақытқа дейiн ондай орталықтың болмағаны ма?
– Иə, болған емес. Мынау Əдебиет институтында Абай бөлiмi бар. Ол да əйтеуiр əупiрiмдеп күн кешiп отыр.
– Ал Семейде ше?
– Семей – Абайдың туған жерi, туған елi болған соң əкiмшiлiк тарапынан республикалық қорға көмектесiп тұрады. Олар тəп-тəуiр жұмыс iстеп келе жатыр. Мысалға айтатын болсақ, «Абай» журналын тұрақты түрде шығарып, басқа да шараларды жүзеге асырып келедi. Осы орайда салыстырмалы түрде бiр əңгiме айта кетейiн. Мынау көршi қонған Ресейде Пушкин институты бар. Ол жерде қаншама адам жұмыс iстеп, нəпақа айырып отыр. Олар құр қарап отырған жоқ. Пушкиннiң еңбектерiн жете зерттеп, оны айдай əлемге таратып отыр. Осы сияқты немiстердiң Гете институты да бар. Оның бiр бөлiмi осы Алматыда ашылған. Ал бiз Абайды тек той тойлайтын кезде еске аламыз да, той бiтiсiмен ұмытамыз. Егер бiз дабыл қағып, Тоқтар Əубəкiров «Аргументы и факты» газетiнде көтермегенде, биыл ұлы бабамыздың 160 жылдық мерейтойы тойланбай қалуы да ғажап емес едi. Алматы қаласының əкiмi Иманғали Нұрғалиұлы қазақ əдебиетi мен мəдениетiне жаны ашитын ұлтжанды азамат қой. Оны осы мерейтой кезiнде де бiр дəлелдедi. Мен ол кiсiге ұлы мерейтойдың өтпей қалу қаупi барын айтып, хат жазған бола-тынмын. Ол қол астындағы қызметкерлерге «дереу орындаңдар» деп нұсқау берiптi. Сол нұсқауда көрсетiлген шаралардың басым көпшiлiгi орындалды. Бiрақ мерейтой қарсаңында Абайдың ұлағатты сөздерi көше-көшелерге жазылып, iлiнiп едi. Өкiнiшке қарай, 8 күннен соң қайта алып тастады. Əкiмшiлiктегiлердiң айтуына қарағанда, оларға орын керек болыпты. Ал Абайдың керегi жоқ. Мұны қалай түсiнуге болады? Ар қымбат па, əлде қаржы қымбат па?
– Бұл мəдени шаралар Алматы қаласында ғана жүзеге асты ғой. Республикамыздың басқа өңiрлерiнде ше?
– Астана жəне Алматы қалаларында республикалық ғылы-ми-теориялық конференция болып өттi. Сосын Семейде, Қарағандыда, Абайда, Екiбастұзда жəне Таразда бұл мерейтой лайықты аталды. Бiрақ, жалпы қазақ əлi де марғау. Оларға Абай керек емес сияқты. Егер басқа елдiң Абай секiлдi ұлы тұлғасы болатын болса, оны дəрiптеп, аяғын жерге тигiзбей, көкке көтерiп əкетер едi. Мысалы, белгiлi ғалым, ұстаз Ақжан Маша-нов: «Адамзаттың бiрiншi ұстазы Аристотель, екiншi ұстазы əл-Фараби» деген сөз тараған. Бiрақ менiң зерттеуiм бойынша, адамзаттың бiрiншi ұстаздары Алланың елшiлерi – пайғамбарлар, ал екiншi ұстаздары – Аристотель, əл-Фараби, Сократ, Абай сықылды Алла Тағаланың өзi ерекше ғылым берген ғұламалар» дейдi. Мiне, сондай деңгейдегi ғұламаны өз дəрежесiнде ұлықтай алмай отырмыз. Оның ақыл-өсиетiн ұрпаққа жеткiзу жолында ешқандай iс атқарып жатқан жоқпыз.
– Ол үшiн не iстеу керек?
– Мен жоғарыда «Пушкин, Гете институттары бар» деп текке айтқан жоқпын. Сол сықылды «Абай əлемi» мəдени-ағарту орта-лығын ашып, абайтанушы ғалымдар мен зиялы қауым өкiлдерiн жинап, кең көлемде мемлекеттiк ұлттық идеология жасау қажет.
Сол арқылы болашағымызды ортақ тəрбиеге тартуымыз керек. Ол үшiн Абайдан артық кiмдi табамыз?! Оның қай шығармасын, қай сөзiн алмаңыз, ол Сiзге бүгiн айтылғандай, бүгiн жазылғандай əсер етедi. Олар ешқашан мəнiн де, мағынасын да жоймақ емес. Кезiнде мен Қазақстанда елшi болған ливандық Ассеф Насер деген азаматпен жақсы араластым. Бiр күнi оған Абайдың 1909 жылы араб тiлiнде шыққан тұңғыш кiтабын сыйладым. Сөйтсем ол жаңағы кiтапты судыратып қазақша оқып бердi. Сосын ол маған: «Абайдың отыз сегiзiншi қара сөзiн терең түсiнген адам мiндеттi түрде мұсылман болады. Ол үшiн даурығып, насихат жүргiзудiң қажетi жоқ» дедi. Сондай тағы бiр əңгiме үстiнде мен оған: «əл-Фарабидiң белгiсiз болып келген трактатын тауып алдық» деп едiм. Ол маған таң қалып: «əл-Фарабидiң ешқандай белгiсiз трактаты жоқ. Бiзде оның толық шығармалар жинағы бар» дедi. Содан бiз Ғалымжан Мұқанов екеумiз оған: «Егер мүмкiншiлiк болса, сол шығармаларды бiзге сыйлаңызшы» деп қолқа салдық. Содан 1997 жылы сырты былғарымен тысталған төрт қалың кiтапты, бiздiң қордың еңбегiнiң арқасында Елбасыға сыйлады. Соны газеттердiң жарыса жазғаны болмаса, бiр адам: «Халықаралық «Абай» қоры керемет тiрлiк жасады-ау, баға жетпес құнды дүниенi елге алдыртты-ау» деп тiс жарған емес.
– Сол еңбектi қазақ тiлiне аударып, ел-халық игiлiгiне жаратса болмас па едi?
– Мен ол мəселе туралы сол кездiң өзiнде-ақ басылым беттерiнде айтқанмын. Бiрақ оған құлақ асқан бiр адам табыл-мады. Онда ол бағалы еңбек не үшiн алынды? Мұрағатта шаң басып жату үшiн бе?! Сондықтан бұл шығармалар қалың қауым игiлiгiне жаратылуы тиiс.
– Əңгiмеңiзге рақмет.
Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, «Ағынан жарылсақ», 2005 жыл.