«Жұлдыздар тоғысқанда» фильмі прокатқа шықты
Таяуда елордадағы «Қазақстан» орталық концерт залында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген «Жұлдыздар тоғысқанда» көркем фильмінің тұсаукесері өтті.
Туындыда Кеңес Одағының құлауы, жаңа тәуелсіз мемлекеттердің пайда болуы, оның ішінде Қазақстан Республикасының егемендіктің алғашқы жылдарындағы қадамдары туралы баяндалады. Фильм 1984-1991 жылдар аралығын қамтиды. Аталған көркем фильм ел тарихындағы елеулі оқиғаларға назар аударып, Елбасының қоғам өмірінің бар саласында атқарған рөлін, дүниежүзілік ауқымда ынтымақтастықты арттырудағы қызметін саралайды.
Фильмнің режиссері – РФ Мемлекеттік сыйлығының иегері, Ресейдің Халық әртісі – Сергей Снежкин («Белая гвардия», «Цвета календулы», «Женский роман», «Брежнев» және т.б.)
Фильм туралы: Ағылшын жазушысы Джереми Вильсон Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірбаянын жазу үшін онымен кездесуге қол жеткізеді. Алайда журналист пен Елбасының белгіленген сұхбаты бүкіл елді аралаумен, тарихқа көз жүгірткен ұзақ уақытқа созылған қызыққа толы саяхатқа ұштасады.
Сұхбат барысында Елбасы мен Вильсон кең-байтақ даладан қар басқан тауға, көпқабатты зәулім ғимараттан киіз үйге, 2015 жылдан 1950 жылға, 1986 жылға, 1989-1991 жылдар аралығындағы тарихи оқиғаларға ауысып отырады. Ел картасындағы әрбір жер – Президент өмірбаянының айғағы.
Қазақстан астанасындағы биік ғимараттардың үстінен тікұшақпен ұшып өтіп, әлемдегі ең үлкен көмір қоймасында серуендегенде Вильсон өзіне бір жаңалық ашқандай болады.
Келесі күні Президенттің Алматыға іссапары және сұхбаты аяқталады. Нұрсұлтан Назарбаевтың ант қабылдап, Қазақстан тәуелсіздігі үшін жауапкершілік алған залында Вильсон екеуі қоштасады.
«Жұлдыздар тоғысқанда» кинокартинасының сценарийін режиссер Сергей Снежкин Нұрсұлтан Әбішұлының шығармаларын негізге ала отырып жазды. Жұмыс барысында Елбасының жеке естеліктері де молынан пайдаланылды.
Фильмнің жұмыстары Қазақстан және Ресей елдерінде жүргізілді. Түсірілімнің негізгі бөлігі Алматы облысында, қалған бөлігі Астана, Қарағанды, Мәскеу және Санкт-Петербург қалаларында өтті.
Түсірілімге бас-аяғы 70-тен астам нысан пайдаланылды. Оның ішінде Ресейдегі Кремль, «Националь» қонақ үйі, Қарағандыдағы Кеншілер мәдениет сарайы (1989 жылғы шахтерлер ереуілі), сондай-ақ, КОКП ОК бас хатшысы Михаил Горбачевтің Целиноград облысына барған іссапары Астрахань ауданының бидай алқабында жүргізілді.
Ал тәуелсіздікке ұмтылған қазақ жастарының күресі – 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі Санкт-Петербург қаласындағы «RWS» киностудиясының аумағында түсірілді. Сондай-ақ, түсірілімнің бір бөлігі «Қазақфильмнің» павильонында құрылған декорацияларда (М.С. Горбачевтің және Кремльдегі К.У. Черненконың кабинеттері, Н.Ә. Назарбаевтың пәтері), сонымен қатар, киностудияның аумағында суретшілер тұрғызған Қағбада өтті.
Фильмді жасауға Қазақстан және Ресей киногерлерінен құралған тәжірибелі халықаралық топ жұмылдырылды.
Туындының бас продюсері – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Тасболат Мерекенов.
Қоюшы суретші – Дмитрий Татарников.
Қоюшы операторы – Сергей Мачильский.
Композиторы – Юрий Потеенко.
Басты рөлді қазақстандық танымал актер Берік Айтжанов сомдады. Сондай-ақ, фильмге Хью Фрейзер, Алтынай Нөгербек, Игорь Угольников, Сергей Гармаш, Дарья Мороз, Алексей Гуськов, Алдабек Шалбаев, Азамат Сатыбалды, Ғани Құлжанов, Еркебұлан Дайыров, Жанел Мақажанова, Динара Бақтыбаева, Қарлығаш Мұхамеджанова және т.б. әртістер түсті.
Туындыдағы танымал тарихи тұлғалар – КСРО президенті Михаил Горбачев, Ресей президенті Борис Ельцин, АҚШ президенттері – Джордж Буш пен Билл Клинтон, Сауд Арабиясы королі Фахд әл-Сауд және Палестина автономиясының басшысы Ясир Арафаттардың рөлін Игорь Угольников, Сергей Гармаш, Дарья Мороз, Алексей Гуськов, Хью Фрейзер, Ричард Кордери, Стивен Пейси сияқты ресейлік және шетелдік актерлер ойнаған. Жалпы саны картинаға 10 мыңға жуық адам жұмылдырылды.
Жансая ТӨЛЕГЕН