Жаңалықтар

Өзгеше бағыт: өзбек этномәдени орталығының Ғылыми-консультативтік кеңесі

Нұр-Сұлтан қаласының этномәдени орталықтары көптеген жылдар бойы халық мүддесінің игілігіне жұмыс істеп келеді. Әр орталықтың өзіне тән ерекшеліктері мен қызметін жүзеге асырудағы қалыптасқан бағыты бар.
Өзгеше бағыт: өзбек этномәдени орталығының Ғылыми-консультативтік кеңесі
30.04.2019 00:00 3371

Нұр-Сұлтан қаласының этномәдени орталықтары көптеген жылдар бойы халық мүддесінің игілігіне жұмыс істеп келеді. Әр орталықтың өзіне тән ерекшеліктері мен қызметін жүзеге асырудағы қалыптасқан бағыты бар.

Өзбек этномәдени орталығы үнемі жаңашылдықпен жұмыс істейтін бірегей орталық. Биылғы жылы өзгеше бағыт – жаңаша бағытқа ойысты. Яғни, орталық жанынан Ғылыми-консультативтік кеңес құрылды. Осыған орай төрағасы Шерзод Пулатов пен Кеңес жетекшісі Насрулла Шаназаровпен кездесіп, жаңа бағыттың жөнін сұраған болатынбыз.

Назарларыңызға сұхбатымызды ұсынамыз.

Нұр-Cұлтан қаласының өзбек этномәдени орталығы Ғылыми-консультативтік кеңесінің жетекшісі – медицина ғылымдарының докторы Насрулла Шаназаров.

Өзбек этномәдени орталығының жанындағы Ғылыми кеңестің құрылғанына қанша уақыт болды? Мақсаты мен міндетін атап өтсеңіз.

— Ғылыми-консультативтік кеңес өзбек этномәдени орталығының төрағасы Шерзод Пулатовтың бастамасымен 2019 жылдың басында құрылды. Бұдан былай Кеңес орталық жанында үнемі Кеңестік-сараптамалық қызмет атқаратын болады.

Нұр-Сұлтан қаласының өзбек этномәдени орталығының Ғылыми-консультативтік кеңесі этномәдени орталығы қызметінің мақсаттарын, міндеттерін іске асыру кезінде консультативтік-талдамалық және сараптамалық жәрдемді қамтамасыз ету үшін құрылды.

Мемлекеттік, қоғамдық, медициналық салада, білім беру, ғылыми және басқа да мекемелерде қызметін жүзеге асыратын өзбек этносының өкілдері мен басқа да мүдделі тұлғалардан тұратын тұрақты жұмыс істейтін консультативтік-талдамалық және сараптамалық атқарушы органның орталықтың қызметін жандандыратыны сөзсіз.

Сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының Ғылыми-сараптамалық кеңесімен, Нұр-Сұлтан қаласы ҚХА Ғылыми-сараптамалық тобымен және басқа да ғылыми қоғамдастықтармен өзара іс-қимылды жүзеге асыруда ынтымақтастықта жұмыс істеуге ниеттіміз.

— Қызметі туралы айтып кеттіңіз. Ендігі жердегі міндеттеріне кеңірек тоқталып кетсеңіз.

— Өзбек орталығының Ғылыми-консультативтік кеңестің негізгі міндеттері келесідегідей – біріншіден, этнос мәдениетінің алғашқы элементі ретінде өзбек тілін қорғау, қолдану және дамыту саласын кеңейту жөніндегі жұмыстарды кешенді және мақсатты ғылыми қолдауды жүргізу; екіншіден, Нұр-Сұлтан қаласында және тұтастай Қазақстанда тұратын өзбектердің мәдениетін жаңғырту, дамыту және сақтау жөніндегі консультативтік-талдамалық және сараптамалық көмек, рухани және басқа да әлеуметтік қажеттіліктерді толық қанағаттандыру, сондай-ақ Қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу; үшіншіден, Нұр-Сұлтан қаласындағы және Қазақстан Республикасындағы өзбек этносы өкілдерінің этносаяси, әлеуметтік-экономикалық және конфессиялық даму үрдістерін кешенді сараптамалық бағалау; төртіншіден, этносаралық қатынастардың өзекті мәселелері бойынша Орталық органдар, азаматтық қоғам институттары үшін ұсынымдар мен ұсыныстар әзірлеу; бесіншіден, этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласындағы өзбек орталығының ғылыми-зерттеу жұмыстарын қолдау, Қазақстан халқы Ассамблеясының Ғылыми-сараптамалық кеңесінің және Нұр-Сұлтан қаласы ҚХА Ғылыми-сараптамалық тобының жұмысына қатысу.

Кеңестің әдістемелік нұсқаулары бар ма? Жұмыс барысында нені басшылыққа ала отырып жұмыс істейсіздер?

— Әрине өзбек этномәдени орталығының Ғылыми-консультативтік кеңесі өз қызметінің тәртібін Қазақстан халқы Ассамблеясының Ғылыми-сараптамалық кеңесінің Ережесі негізінде жүзеге асырады және өзбек этномәдени орталығының төрағасымен бекітілген ереже негізінде жұмыс істейді. Ғылыми-консультативтік кеңес демократияны дамытуда, қазақстандық қоғамның тұтастығын нығайтуда, қоғамдық және азаматтық институт ретінде өзбек орталығының рөлін күшейтуге, жалпы ұлттық келісім мен жалпы халықтың бірлігін сақтауға үлес қосуға бағытталған болғандықтан, құрамына енген мүшелердің көмегімен алдағы уақытта маңызы бар әдістемелік нұсқаулар әзірлейтін боламыз.

Нұр-Сұлтан қаласының өзбек этномәдени орталығының төрағасы, ҚХА Ғылыми-сараптамалық кеңесінің мүшесі Шерзод Пулатов.

— Орталық жанынан құрылған кеңестің құрамына кімдер кіреді? Олар немен айналысады? Жалпы қызметі жайында әңгімелеп берсеңіз. 

— Ғылыми-консультативтік кеңестің құрамына Нұр-Сұлтан қаласында тұратын өзбек этносының өкілдері арасынан ғалымдар, білім беру мекемелерінің қызметкерлері кіреді. Өзбек орталығының Ғылыми-консультативтік кеңестің бірінші отырысында Кеңес басшысы болып Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқармасы медициналық орталығы директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары, аурухананың бас онкологы, медицина ғылымдарының докторы Насрулла Шаназаров сайланды.

Қазіргі таңда өзбек орталығының Ғылыми-консультативтік кеңестің құрамында екі ғылым докторы және төрт ғылым кандидаты, сондай-ақ ғылыми жұмысқа қызығушылық танытқан адамдар бар. Ғылыми-консультативтік кеңестің мүшелері түрлі салаларда жұмыс істейді, олар елордалық жоғары оқу орындарының оқытушылары мен қызметкерлері, біздің елорданың медицина мекемелерінің дәрігерлері мен қызметкерлері, колледж оқытушылары, сондай-ақ қоғам қайраткерлері.

Алдағы жылдарға қандай жоспарларыңыз бар?

— Біздің Кеңес қызметін жақында ғана бастағанына қарамастан, біз елорданың өзбектері туралы кітап жасауға кірістік. Бұл кітапқа біздің елордамыздың дамуына үлес қосқан өзбек этносының өкілдері туралы әңгімелейтін ақпараттық анықтамалық жинақ түрінде болады. Әзірге ой мен пікір жинақталып жатыр.

Биылғы жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының Ғылыми-сараптамалық кеңесіне он жыл толып отыр. Сіз кеңес мүшесі болып табыласыз. Осыған орай этномәдени орталықта іс-шара ұйымдастырыла ма?

— Биыл біз Қазақстан халқы Ассамблеясының қамқорлығымен бірқатар іс-шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша ҚХА-ның тікелей қолдауымен 2019 жылдың сәуір айында өзбек ақыны және ойшылы Әлішер Науаидің шығармашылығына арналған «Шығыс жұлдызы – Науаи» атты халықаралық әдеби кеш өткіздік. Аталған әдеби кештің мақсаты – тіл мен мәдениетті сақтау және дамыту, әдебиетке деген қызығушылықты қалыптастыру, сондай-ақ түркі тілдес ақындар мен ойшылдардың әдеби мұрасын насихаттау болып табылады.

Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаев, Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Саидикром Ниязходжаев, науаитанушы, белгілі жазушы және ақын, Өзбекстан Жазушылар одағының мүшесі, қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұхамедәли-Әли Ахмедов, Әлішер Науаи шығармаларын қазақ тіліне аударған Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі ақын және жазушы Несіпбек Айтұлы қатысты. 

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тығыз қарым-қатынасты жоғары бағалайтын Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжіліс депутаты Фахриддин Қаратаев: «Науаидың шығармалары қазақ тіліне аударылып, қазақ мектептерінде оқытылса, ұлы Абайдың өзбек тіліне аударылған еңбектері Өзбекстанда кеңінен тараған. Қазақстанда бес жүз мыңнан астам өзбек өкілі өмір сүрсе, Өзбекстанда бір миллион қазақ тұрады, төрт жүзден астам қазақ мектептері де бар. Мұның бәрі екі елдің жақындығы, достығының белгісі. Өз тарапымыздан бүгінгі кеш барысында өзбек этномәдени орталығына Науаидың қазақ тіліне аударылған елу кітабын табыс еткелі отырмыз», - деп ниет білдірді.
«Науаидың шығармашылығы өте бай, алпыс жыл өмір сүрген ғұлама жиырма том кітап жазғаны - соған дәлел. Оның бес жүз жыл бұрынғы шығармалары қазіргі заман туралы жазылғандай. Достық, ынтымақтастық жайында жазған Әлішер Науаи шығармаларына арнап ұйымдастырған бүгінгі кеш үшін Қазақстан халқы Ассамблеясына алғысымыз шексіз» деп, Өзбекстанның мемлекеттік және қоғам қайраткері, профессор М.Ахмедов ризашылығын білдірді.

Кеңестің жұмысы қалай ұйымдастырылады және оның қызметін кімдер қамтамасыз етеді?

— Өзбек орталығының Ғылыми-консультативтік кеңесі өзбек этносының өкілдері және басқа да мүдделі тұлғалар қатарынан құралған басшы мен мүшелерден тұрады. Ғылыми-консультативтік Кеңестің басшысы мен мүшелерінің міндеттерін атқару қоғамдық бастамада жүзеге асырылады. ҒКК-нің басшысы мен мүшелерін ішінара сайлайды және одан кейін Нұр-Сұлтан қаласының өзбек этномәдени орталығының төрағасы бекітеді. ҒКК мүшелерінің ұсынысы бойынша мүшелер қатарынан хатшы тағайындалады. ҒКК құрамына Нұр-Сұлтан қаласының өзбек этномәдени орталығы төрағасының келісімі бойынша ғылыми білім беру қызметімен байланысы бар барлық адамдар кіре алады. ҒКК құрамына кандидатураларды ҒКК мүшелері енгізеді және мәжілістерде ашық дауыс беру арқылы сайланады.

Кеңес мүшелерінің құқығы мен міндетіне тоқтала кетсек.

— Өзбек орталығының Ғылыми-консультативтік кеңесі мүшелері қызметтің барлық нысандарына қатысуға құқылы және Кеңес құзыреті шеңберінде талқыланатын мәселелер бойынша ұсыныстар енгізе алады, сондай-ақ өз көзқарастарын еркін білдіре алады. Осымен бірге мүшелер осы органның жұмысына белсенді қатысуға және өзбек этносына, этносаралық қатынастарға, ұлттық бірлік пен қоғамдық келісімге қатысты өзекті мәселелерді талқыға шығаруға, сараптамалық жұмыстарға қатысуға, ғылыми зерттеулер бойынша қорытындылар мен ұсынымдар дайындауға, этносаралық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделін ілгерілету жөніндегі ақпараттық жұмысқа белсенді қатысуға міндетті. Ағымдағы және перспективалық жоспарлар негізінде жүзеге асырылатын ҒКК жұмысының маңызды аспектісі Кеңес әзірлейтін ұсынымдар болып табылады.

— Сұхбаттасқандарыңызға рақмет, жаңадан құрылып жатқан Кеңестің жұмысы табысты болсын!

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға