Жаңалықтар

Зейнолла Қабдолов

Зейнолла Қабдолов (12.12. 1927 ж.т., Атырау обл. Мақат ауд. Доссор кенті) – жазушы, әдебиет зерттеушісі, ұстаз. Филол. ғыл. докт. (1970), проф. (1972), ҚР ҰҒА-ның акад. (1989)
29.08.2014 12:27 30714

Зейнолла Қабдолов (12.12. 1927 ж.т., Атырау обл. Мақат ауд. Доссор кенті) – жазушы, әдебиет зерттеушісі, ұстаз. Филол. ғыл. докт. (1970), проф. (1972), ҚР ҰҒА-ның акад. (1989), ҚР-ның халық жазушысы (1994), Қазақ (1984) және Қырғыз (1995) Респубикаларының еңбек сің. ғыл. қайраткері, ҚазМУ-ді (қазіргі ҚазҰУ) бітіргеннен (1950) кейін, сонда ассистент, аға оқытушы (1950 – 62), 1962 жылдан доцент, проф., 1975 – 2001 ж. кафедра меңгерушісі болып қызмет атқарған. 2001 жылдан аталған кафедрада оқытушы. Мұнымен қоса: “Жұлдыз” журналының бас редакторы (1954 – 57), Қазақстан Компартиясы ОК-нің сектор меңгерушісі (1957 – 1959), “Қазақ әдебиеті” газетінің бас редакторы және Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы (1959 – 1961) қызметтерін атқарған. Қ. көркем әдебиеттегі алғашқы қадамын өлең жазудан бастады (“Жайық қызы”, “Туған ел”). Кейін романға айналған “Ұшқын” повесінде (1956) Алматыдағы қазақ студенттерінің білім жолындағы, азамат ретінде қалыптасу кезеңдері суреттелді. Жазушы “Жалын” романына (1970) “Ұшқындағы” жастардың (Тайманның, Қабеннің) есейген шағын, дүбірлі еңбек жолындағы тағдыр-талайын арқау еткен. “Жалын” романы орысша (1971) және вьетнам тілінде (1980) жеке кітап болып шықты. Романға КСРО Жазушылар одағы мен ВЦСПС-тің арнаулы сыйлығы берілді (1972). Қ. “Менің Әуезовім” роман-эссесінде (1997; ҚР Мемл. сыйл., 1998) М.Әуезовтің балалық шағынан өмірінің соңғы жылдарына дейінгі өмірін қамти отырып, оның әміршіл қоғам қиындықтарын жеңіп шыққан өр бітімі шыншылдық бояулармен айқын бейнелейді.

Қ. әдебиеттегі очерк, публицистика жанрында да өнімді еңбек етті. “Адам” (1964), “Сыр“ (1975), ”Жебе“ (1975), ”Көзқарас“ (1996) кітаптарындағы очерктерінде қазақтың атақты адамдарының көркем әдебиеттегі жарқын тұлғасы сомдалған. “Жайық жағасындағы толғаныс”, ”Оралу“, “Атырау адамдарының көрер көзі, сөйлер сөзі”, “Заманға қарай сөз керек” – қазақ халқының болашағы туралы жазушының шабытты толғаныстарына арқау болған. Қ. қазақ әдебиеттану ғылымына зор үлес қосты. Ол “Жанр сыры” (кейінгі аты “Шеберлік мектебі”, 1964) монографиясында қазақ әдебиетіндегі әңгіме жанрының идеялық-көркемдік табиғатын ашып берді. “Әдебиет теориясының негіздері” (кейінгі аты “Сөз өнері”, 1970 – 2002) атты көлемді ғыл. еңбегінде әдебиеттің жанрлық тектері мен түрлері, сюжет пен композиция, мазмұн мен форма (пішін), образ бен образдылық, көркем шығарма тілі сияқты іргелі теор. мәселелерге жан-жақты талдау жасады. Оның А.Құнанбаев, Әуезов, Б.Майлин, С.Мұқанов, Ә.Нұрпейісов туралы ғыл. еңбектері жарық көрді. Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Қ.Жұмалиев, А.Тоқмағанбетов, Х.Ерғалиев, С.Мәуленов, С.Шаймерденов, Ә.Сәрсенбаев, Т.Ахтанов, т.б. шығарм-ғына арналған эсселер топтамасын жазды. Қ. “Мұхтар аға” (1967) деректі фильмінің сценариін жазды, оның “Сөнбейтін от” (1967) пьесасы респ., обл. театрлар сахналарында қойылды. А.Пушкин, Н.Гоголь, А.Островский, М.Горький, Н.Хикмет, т.б. ақын-жазушылардың жекелеген шығармаларын қазақ тіліне аударды. Қ. ҚР ҰҒА-ның Ш.Уәлиханов атынд. Бірінші дәрежелі сыйл. иегері. Қ. “Құрмет белгісі”, “Халықтар достығы”, “Парасат” ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған. Жазушы Атырау қ-ның, Қызылқоға, Мақат ауд-дарының Құрметті азаматы.

Шығ: Әдебиет теориясының негіздері, А., 1970; Таңдамалы. Екі томдық, А., 1983; Сөз өнері, А., 2002.

Әдеб.: Жүсіп Қ. Жазушы, Ғалым, Ұстаз, А., 1997; Мүтәлиева Р., Зейнолла Қабдоловтың жазушылық шеберлігі, А., 1997; Зейнолла Қабдолов – ұстаз, ғалым, жазушы, А., 2002; Биобиблиографиялық көрсеткіш. Құрастырған Ә.Нарымбетов, А., 2002.

Ә. Нарымбетов

"Қазақ энциклопедиясы"

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға