Жаңалықтар

ЗЕРДЕЛІ ҒАЛЫМ, ОЙЛЫ АҚЫН Қабиболла Сыдиықұлы (1934-2001) туралы не білеміз?

ЗЕРДЕЛІ ҒАЛЫМ, ОЙЛЫ АҚЫН Қабиболла Сыдиықұлы (1934-2001) туралы не білеміз?
27.08.2014 04:06 6121

Қазақ елінің көрнекті ғалымы, ақыны жəне педагог ұстазы ретінде халқының тарихи санасында елімен бірге жасай береді. Өскен ортасынан, мектеп пен университет- тен тəлім алған Қабекең «Қазақ жырларындағы халықтық дəстүр хақында» деп аталатын кандидаттық дисертациясын академик Зейнолла Қабдолов жетекшілігімен қорғады. Сөйтіп үлкен ұстаз, заңғар ғалым мектебінен өткен Қабекең оқытушы болып білімгерлердің жүрегінің сұлтаны болды. Бірақ алыстағы Алатау баурындағы əсем қала Алматы оны Атыраудан өз құшағына тартты. Өйткені, ғылымда ірі-ірі шаруалар оның қабілеті мен қарымын күтіп тұрғандай еді. Содан болар, 1969 жылдан бастап саналы ғұмырының соңғы деміне дейін қазақ ғылымының қара шаңырағы М. Əуезов атындағы Əдебиет жəне өнер институтында зерттеуші ғалым ретінде қызмет етті. Өмірінің соңғы сəтіне дейін аянбай еңбек еткен ғалым Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан жəне Тəжікстан елдерінде ғылыми экспедицияларға қатысып, қазақ өнері мен əдебиетіне өлшеусіз үлес қосты. Қабекеңнің ел аралап қазақтың ауыз əдебиетін жинаудағы ерен еңбегіне қарап профессор Қадыр Жүсіп «Қабекеңнің зерттеулері Шоқан Уəлихановтың саяхаттарының жазбасындай емес пе?» деген орынды ой тудыратын сұрақ қойғаны жайданжай емес. Тіпті, Қабекеңді академик ғалым деуге лайық. Өйткені: «Қабекеңнің бір ғана «Ақын-жыраулар» деген еңбегі үшін жəне барлық еңбектерін қосып есептегенде бір емес, екі-үш докторлық атаққа лайықты»,-деп анығын əділ айтқан профессор Қадыр Жүсіптің бағалауы соған айғақ. Қабекең қазақ жырларын жинай жүре жете зерттеді. Сондықтан Қазақстанның Батыс өңіріндегі жыраулар дəстүрінің жеті мектебі бар деп анықтап берді.

Қабекең қазақ ғалымдары арасында ерекше құрметке ие. Сондай-ақ, қазіргі кезге дейін ерекше ілтипатпен еске алынады. Қабекең ғалымдық адалдығы, еңбекқорлығымен қатар адамдық қасиеттерді қастерлеп өмір кешкен жан. Сондықтан, отбасына, туған ортасына қашанда жүрегі асқақ сүйіспеншілік сезімге толы болған. Ғашық жүрегі үшін Алла Тағала оны ақындық дарыннан да кенде еткен жоқ. Өзінен мұра қалған өрелі де өрнекті, жалынды да саналы өлеңдері оның ақындық зор қуатын айқындайды.

Ол:

Туған жер, болдың екен неден ыстық,

Сүюге топырағыңды құшып-құшып,

Сандығын сағыныштың айқара ашып,

Келемін аспаныңда құстай ұшып.

Туған жер, таңғы шақта манаураған,

Мен сенің топырағыңа сан аунағам.

Бойыңнан əрің менен нəрің дарып,

От алып жас жүрегім алаулаған...

Деген риясыз жырына оқырман бейжай қарай алмайды. Əдемі де шынайы бұндай өлең жолдарымен ақын туған топырағына, халқына ыстық ықылас пен шексіз махаббатын жырлаған. Оны тыңдаған туған халқы да ақынын бауырына басты, пəни дүниеден бақи əлемге аттанған соң да тарихи жадында сақтады.

Ислам Жеменей "Иран және иран қазақтары"

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға