Зеленский Ақ үйден мерзімінен бұрын кетіп қалды

Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ президенті Дональд Трамппен және вице-президент Джей Ди Вэнспен сөзге келіп қалып, Ақ үйден мерзімінен бұрын кетіп қалды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Reuters мәліметінше, Трамп пен Зеленскийдің баспасөз конференциясы да өтпейтін болды.
Fox News телеарнасы АҚШ пен Украина сирек кездесетін металдар бойынша келісім жасай алмағанын алға тартты.
Келіссөз барысында Трамп Украина президентіне Ресеймен келіссөздерде компромисс жасау қажеттігін айтып, АҚШ-пен келісім жасауды ұсынды. Ол Вашингтонның Мәскеумен бейбіт келісім шарттарын талқылай бастағанын мәлімдеді.
Дональд Трамп «тезірек соғысты тоқтатуға» мүдделі екенін айтты. Ал Зеленский 2014 жылдан бері АҚШ-тың ешбір президенті Ресейді тоқтатуға тырыспады дегенді алға тартты. Сонымен қатар Владимир Зеленский АҚШ-тан «қауіпсіздік келісімін» сұрап, Трамптың Украина қорғанысына Еуропадан гөрі АҚШ көбірек қаржы бөліп жатыр деген сөзін жоққа шығарды. Мұның соңы Трамп пен Зеленский және АҚШ вице-президерті Джей Ди Вэнс арасындағы дауға ұласты.
АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс Зеленскийді Америкаға «лайықты алғыс білдірмеді» деп сынаса, Дональд Трамп Зеленскийдің бейбітшілікке әлі дайын емесін айтты және «дайын болғанда қайта келуге» шақырды.
Бүгін біз Ақ үйде өте маңызды кездесу өткіздік. Көптеген нәрсені білдік. Президент Зеленскийдің бейбітшілікке дайын емес екенін түсіндім, өйткені ол біздің қатысуымыз келіссөздер барысында оған үлкен артықшылық береді деп санайды. Маған артықшылық емес, бейбітшілік керек. Ол АҚШ-қа және олардың қасиетті кабинетіне құрметсіздік танытты. Ол бейбітшілікке дайын болғанда ғана қайта орала алады, - деді АҚШ президенті.
Президенттердің Ақ үйдегі журналистер алдындағы әңгімесі 50 минуттай уақытқа созылды.
