Жаңалықтар

Үздік ғылыми ізденіске байқау жарияланды

Сыйлықтар мен ғылыми стипендиялар конкурстық негізде келесі бағыттар бойынша тағайындалады:
Үздік ғылыми ізденіске байқау жарияланды
Фото: ашық дереккөзден 14.09.2022 08:03 2105

Ғылым және жоғары білім министрлігінің ғылым комитеті жыл сайынғы ғылым саласындағы ізденіс конкурсы басталғанын жариялады, деп хабарлайды EL.KZ министрлікке сілтеме жасап.

Биыл гуманитарлық, жаратылыстану ғылымдары, педагогика және түркология салаларында 6 сыйлық бекітілген. Сонымен бірге 75 мемлекеттік ғылыми стипендия беріледі, оның ішінде 50-і талантты жас ғалымдарға арналған.

Ғылым мен техниканың дамуына үлес қосқан ғалымдар мен ғылыми қызметкерлерді көтермелеу мақсатында жыл сайын Ғылым және жоғары білім министрлігінің ғылым комитеті сыйлықтар мен мемлекеттік ғылыми стипендиялар тағайындайды.

Мемлекет үшін басым бағыттарда іргелі немесе қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізуге, ғылыми кадрлар даярлауға белсенді ат салысқан зерттеушілер осы марапатқа үміткер бола алады.

Сыйлықтар мен ғылыми стипендиялар конкурстық негізде келесі бағыттар бойынша тағайындалады:

– жаратылыстану ғылымдары саласындағы үздік ғылыми зерттеуі үшін Қ.И. Сәтбаев атындағы бір сыйлық;

– гуманитарлық ғылымдар саласындағы үздік ғылыми зерттеуі үшін Ш. Уәлиханов атындағы бір сыйлық;

– педагогика саласындағы үздiк ғылыми зерттеуі мен жұмысы үшiн Ы. Алтынсарин атындағы бір сыйлық;

– түркология саласындағы аса зор жетістіктері үшін Күлтегін атындағы бір сыйлық;

– жаратылыстану ғылымдары саласындағы үздік жұмысы үшін жас ғалымдарға арналған Д.А. Қонаев атындағы бір сыйлық;

– гуманитарлық ғылымдар саласындағы үздік жұмысы үшін жас ғалымдарға арналған М.О. Әуезов атындағы бір сыйлық;

– 75 мемлекеттік ғылыми стипендия, оның ішінде 50-і талантты жас ғалымдарға арналған.

Өтінім 7 қазанға дейін тұрғылықты жері бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясында қабылданады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға