Жаңалықтар

Өзбекстандағы қазақтармен кездесу

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Өзбекстандағы республикалық қазақ мәдени орталығы
16.10.2015 10:56 4753

Өзбекстанда тұратын қазақтарға рухани, мәдени қолдау көрсету мақсатында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Өзбекстандағы республикалық қазақ мәдени орталығымен бірлесе Ташкент, Самарқанд қалаларында және Навои облысында кездесулер өткізді.

«Өзбекстандағы жалпы халықтың саны – 27 миллионнан астам. Ал, бейресми мәлімет бойынша 1,5 миллионы қазақтар. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Өзбекстандағы қазақтар ондағы халықтың 4%-ын құраған. Бірінші орында – өзбектер, сосын – орыстар, үшінші орында – тәжіктер, ал, төртінші орынға – қазақтар табан тірейді. 1991 жылдан кейін Өзбекстандағы қазақтардың көпшілігі Қазақстанға көшіп келді. Ресми деректер бойынша, 1991-2007 жылдары Қазақстанға келген қазақтардың 61%-ы Өзбекстаннан қоныс аударған. Кеңес Одағы ыдыраған жылдарда Өзбекстанда 700-ге тарта қазақ мектебі бар еді. Қазіргі күні 235 мектепте 100 мыңнан астам оқушы білім алады. Өзбекстанның Халыққа білім беру министрлігінің мәліметі бойынша, 2002-2003 жылдары қазақ-өзбек тілінде дәріс беретін аралас мектептердің саны 581 болса, 2006-2007 жылдары 521 аралас мектеп болған. Ал, таза қазақ мектептерінің саны 234-ке жеткен. Мектептерде сабақ латын жазуымен оқытылады, жалпы білім беру мектептері 9 сыныпқа дейін ғана білім береді. Одан кейінгі білім колледжге ауыстыралды. Ондағы сабақтар тек өзбек, орыс тілдерінде ғана жүргізіледі», – деген еді бір сұхбатында тарих ғылымдарының докторы Қалыбек Қобыландин мырза.

Өзбекстандағы қазақтармен кездесу

Қазақтардың ең көп орналасқан жерлері Қарақалпақстан мен Ташкент. Қарақалпақстанда қазақтардың 15 пайызы, Ташкент өңірінде 15 пайызы, ал, қалған 15 пайызы Жызақ, Бұқара және Навои облыстарында тұрады. Қазақтар тұтас аудан, ауыл болып шоғырланған. Мұндағы қазақтардың басты айырмашылығы – Өзбекстан аумағында қалып, ежелден осы аймақта тұрып, терең тамыр тартқан ұлт болып табылады. Оның үстіне аймақтарда, елді-мекендерде тығыз орналасу балалардың өз ана тілінде оқып білім алуына мүмкіндігі зор. Олар өздерін өзбек жерінде қазақ диаспорасымыз деп санамайды. Керісінше, түп тамырымыз тереңдеген атамекендеміз деп есептейді.

Өзбекстанда тұратын қазақтарға рухани, мәдени қолдау көрсету мақсатында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының делегациясы жуықта Өзбекстанның Ташкент, Самарқанд қалаларында және Навои облысында кездесулер ұйымдастырып, іссапарда болып қайттық. «Ташкент» әуежайынан Өзбекстан Республикалық ұлтаралық мәдениет орталығының директоры Насреддин Мухаммадиев, Қазақстанның Елшілік қызметкерлері Руслан Рустамбеков, Наурыз Айдаровпен бірге бір топ қазақ диаспорасының өкілдері қарсы алды.

Ташкенттегі Республикалық ұлтаралық мәдениет орталығының кіші залында «Қазақ халқының ұлы ойшылы – Абай Құнанбаевтың туғанына 170 жыл» және «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауды насихаттау мақсатында халықаралық «дөңгелек үстел» сұхбаттары болып өтті. Оның модераторы академик Саттар Мәжитов болды.

Өзбекстандағы қазақтармен кездесу

«Түркістан» сарайында екі елдің өнер шеберлерінің «Достық» халықаралық өнер фестивалі атты гала концерті өтті. Қазақстаннан «Денар» және «Серілер» тобы, биші Гүлнар Нұрсұлтан мен дәстүрлі әнші Уатқан Захан өз өнерлерін көрсетті. Жиынға халық көп жиналды. Концертті тамашалауға келген дүйм халық өздерінің ризашылығын білдіріп, рахметін айтып, көңілді күйде үйлеріне қайтты.

Қазақстандық қонақтар, өнерпаз әнші, домбырашы жастар мен жергілікті мәдени орталығының қызметкерлері жеңіл автокөлікпен жүйткіп отырып, тал түсте Науаи облысының «Нұр ата» ауданына келдік. Біздерді Науаи қалалық мәдени орталығының төрағасы Клара Сәдірбаева мәдени орталықтың жауапты қызметкерлерімен бірге күтіп алды. Мұндағы Сейітқұл ата мен данышпан Әйтеке бидің кесенесіне тәу еттік. Самарқандта болып, Әмір, Темір бабалардың, Ташкентте Төле би бабамыздың басына барып, құран бағыштадық. Әйтеке би мұражайына кіріп, қолтаңбаларымызды қалдырдық. Түс ауа қаланың ортасындағы мейрамханада жергілікті ақсақалдармен сұхбаттас болып, өнерпаз жастардың шағын концертін тарту еттік. Олармен бірге Науаилық опералық әнші, бірнеше конкурстың лауреаты Сержан Жанахметов Абайдың өлеңдерін орындап, көпшіліктің құрметіне бөленді.  ДҚҚ төрағасының бірінші орынбасары Талғат Асылұлы Клара Сәдірбаеваға Қазақстан халқы ассамблеясының 20 жылдық мерекелік медаль құрметпен табыс етті .

Навои облысындағы қазақ қандастарымызбен жолығып, жағдайларымен таныстық. Алыстан іздеп барғанымызға ризашылықтарын білдірді. Ташкент пен Навои қаласы 650 шақырым қашықтықта орналасқан. Жол бойындағы ауылдар жап-жасыл, таза, көзге тартымды. Халқының еңбекқорлығын осыдан-ақ көруге болады.

Біздің шетелдегі ағайындармен кездесіп, олармен дидарласып қайтуымызға қолдау көрсетіп, демеушілік жасаған Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді ұйымдастыру және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті мен «Самұрық Қазына» ӘҰҚ-ына алғысымыз шексіз. Алыстағы ағайын аман болсын!


Ботагөз УАТҚАН

Алматы –Ташкент – Навои – Ташкент – Алматы

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға