Жаңалықтар

Зайырлылық – демократиялық болашаққа алып баратын төте жол

Зайырлылық – демократиялық болашаққа алып баратын төте жол
27.10.2014 04:35 21468

Зайырлылық – демократиялық болашаққа алып баратын төте жол

            Бүгінгі таңда зайырлы мемлекет үлгісінің негізінде адам мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына байланысты құқықтық мәселелерді теократиялық мемлекеттерден өзгеше түсінік бар. Бұл жердегі ең бастысы – діннің мемелкеттен ажыратылу қағидаты екені айқын. Мәселен, «зайрлылық» мынайдай саяси құқықтық мағыналарды білдіреді: ар-ождан бостандығы – ол тек діни таңдау бостандығы емес, одан кеңірек – дүниетанымдық, соның ішінде діни емес таңдау. Осы таңдау құқығын мемлекет адамға (азаматқа) қалдырады және оның шешімін қабылдауға, оны қорғауға міндеттенеді; мемлекет азаматтармен қарым-қатынастарда олардың діни көзқарастарына емес, оның азаматтық-құқықтық жағдайына сүйене отырып, азаматтық қағидатты бәрінен де жоғары қояды; мемлекет іс жүзінде барлық діндер мен азаматтардың құқықтық теңдігін жүзеге асыруға ұмтылады және осы қағидаттар дүниетанымдық бірлік негізінде азаматтармен құрылған қоғамдық бірлестіктерге да таралады; дінер (әлеуметтік институттар, көпшілік-құқықтық қатынастардың субьектілері ретінде) мемлекеттік саясатты (діни нанымдарына байланысты емес барлық азаматтарға қатысты саясат) жасау мен жүргізу барысынан аластатылады.; «Діни мәселе» саясаттын қоғамдық өмірге, азаматтардың жеке өмірі салаларына өтеді; мемлекет өзінің ішкі және сыртқы саясатындағы тұжырымдамалық негіздерде діни-теологиялық қағидаттарға сүйенбейді және олармен басшылық жасамайды; мемлекеттік және діни құқықтар бір-бірінен ажыратылады, сонымен қатар қоғамдық-құқықтық және азаматтық салалардағы мәселелерді шешуде біріншінің үстемдігі жарияланады; діни құқықтың әрекет ету аясы негізінен діни институтпен шектеледі және діни бірлестіктерге мемлекеттік билік және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қызметтері мен міндеттері жүктелмейді;

Жалпы, Мәңгілік еліміз Қазақстан өзінің алғашқы ата заңын қабылдаған күннен бастап осы уақытқа дейін мемлекеттік құрылудың зайырлы бейнесін қамтамасыз ете алды. Бүгінде Республика азаматтары жеке өзі немесе басқалармен бірге кез келген дінді ұстануға, еркін таңдауға, діни сенімде болуға және тарқатуға, соған сәйкес әрекет етуге құқықты бостандыққа ие. Көп ұлтты елде түрліше конфессиялардың, діни сенімдердің бар болуы, бұл конституциялық норманы ерекше маңызды етіп көрсетеді. Қазақстан республикасы әрбір адамның наным бостандығы құқығын құрметтейтін демократиялық, зайырлы мемлекет болып табылады, азаматтар діни сеніміне қарамастан тең құқылы, Қазақстан халқының рухани мұрасымен үйлесетін діндердің мәдени және тарихи құндылығын және конфессияаралық келісімнің маңыздылығын, діни төзімділікті және азаматтардың діни нанымдарын құрметтейді. Бұл бар болғаны 19 жылдың ішінде (1995 жылы Ата заңымыз қабылданған күннен бастап) жеткен жетістігіміз және үлкен демократиялық құндылығымыз.

            Елімізде 2011 жылдың 11-қазанында қабылдаған ҚР-ның «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заң адам құқықтары туралы халықаралық актілер мен келісімдерде баянды етілген азаматтардың діни сенім бостандығы жөніндегі құқықтарын іске асыруға кепілдік бере отырып, зайырлылық туралы заңдарымыз жетілдірілді. Аталған заңда ҚР  өзін демократиялық, зайырлы мемлекет ретінде орнықтыратынын, әркімнің ар-ождан бостандығы құқығын растайтынын, әркімнің діни нанымына қарамастан тең құқылы болуына кепілдік беретінін, хадықтың мәдениетінің дамуы мен рухани өмірінде ханафи бағытындағы исламның және православтық христиандықтың тарихи рөлін танитынын, Қазақстан халқының діни мұрасымен үйлесетін басқа да діндерді құрметтейтінін, конфессияаралық келісімнің, діни тағаттылықтың және азаматтардың діни нанымдарын құрметтеудің маңыздылығын танитынын негізге алады деп жазылған. Заңның талаптарына сәйкес, Қазақстан республикасының, сонымен қатар басқа мемлекеттердің азаматтары және азаматтығы жоқ адамдар кез келген дінді еркін ұстануға немесе ешқайсысын ұстанбауға құқылы, құдайға құлшылық жасауға, діни жоралар мен рәсімдерге, дінді оқып-үйренуге қатысуға немесе қатыспауға оларды күштеп мәжбүр етуге жол берілмейді. Өз кезегінде, діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы Заңның сақталуын бақылауды және қадағалауды Қазақстан Республикасының атқарушы өкімет органдары, прократура және басқа да құқық қорғау органдары заңдарда белгіленген өз құзыретіне сәйкес жүзеге асырады. Қазақстан Республикасында мемлекеттің зайырлығын көрсететін мемлекет пен діни бірлестіктер арасындағы қарым-қатынастарды реттеудің бірнеше формалары қалыптасқан немесе мемлекеттің діни қатынастарды бірізділікке түсірудің бірыңғай бағдарламасы қамтамасыз етілген және табысты түрде іске асырылуда.

Жаңа Қазақстан қоғамы руханилыққа ерекше жақын, ол қазірде халықтың дінге деген үлкен ықыласынан-ақ көрініп тұр. Еліміздегі мемлекет құраушы қазақ халқының ата діні ислам екені баршаға белгілі. Мемлекет азаматтары болып табы­латын еліміздегі өзге ұлт өкіл­дерінің де басым көпшілігі ислам дінін ұстанады. 2011 жылы діни қыз­мет саласындағы жаңа заң қабыл­данғанда 7-тармақтағы «мем­лекеттік мекемелерде діни рәсімдер мен жоралар атқарылмайды» деген ережені бірқатар азаматтар жаңсақ түсінгендіктен, «мемлекеттік мекеме қызметкерлеріне дін ұстануға рұқсат етілмейді екен» деген мазмұнда түрліше қате пікірлер туындаған болатын. Бұл мәселені әлі де дұрыс түсінбей жүр­гендер үшін айқындай кете­йік, мемлекеттік қызметкер, ең алды­мен, мемлекеттің азаматы, қоғам­ның өкілі. Оның да адам ретінде, азамат ретінде діни сенім бос­тандығына құқығы бар. Жалпы, дін саласында ру­ханиятқа бір табан жақын жандар­дың жүруі де жазылмаған заңдылық деуге болады. Бұл белгілі бір дәрежеде тиімді де, өйткені, дін мәселесін дінді сезіне отырып шешу анағұрлым дұрыс болмақ.

Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты биылғы Қазақстан хал­қына Жолдауында ел бола­ша­ғының іргетасын қалаған бас­ты құндылықтар қатарында зайырлы қоғам және жоғары руханиятты атап көрсеткен болатын. Бұл аталған құндылықтардың ажырағысыз байланыста екенін қалтқысыз пайымдаудан туындаған тұжырым болып табылады. Ерекше назар аударатын жайт – жоғарыда айтылғандай, зайырлылық дегеніміз дінсіздік немесе дінді терістеушілік емес, ол – мемле­кеттің діни емес, құқықтық қағидат­тармен басқарылуы, мемлекеттің дінге деген ұстаны­мының демократиялық, құқықтық сипатта болуы және діни сенім бостандығының қамтамасыз етілуі. Зайырлылық түсінігінің ауқы­мы кең. Конституциялық негіз­дегі «зайырлы» ұғымы мемле­кеттің барлық салаларда, соның ішінде дін саласында да ашық, айқын саясат ұстанатынын, азамат­тардың ар-ұждан бостан­дығын қам­тамасыз ететінін, дін мен мем­­­лекеттік саясатты араластыр­­май­тынын білдіреді. Қазіргі заман­ғы зайырлылық, ең алдымен, гу­ма­нистік құндылықтарды, соның ішінде, адамның ар-ұждан және наным-сенім бостандығын еркін жүзеге асыруын қамтиды.

Зайырлылық – әр адамның дүниетанымдық еркіндігін құптай отырып, рухани саладағы ой-сананың көптүрлілігін мойындау. Мемлекеттің зайырлы сипаты оның діннен ажыратылғанымен ғана емес, сонымен қатар, атеистік, секуляристік идеологияның немесе басқа да бір дүниетанымның басымдылығын мойындамайтынымен де сипатталады. Зайырлы мемлекетте діннің өзіндік орны бар. Дін мемлекеттен бөлінгенімен, қоғамнан, халықтың болмысынан, тұрмыс-тіршілігінен бөлінбейді. Дін – ішкі саясаттағы және қоғам азаматтарының рухани өмірі мен мәдение­тіндегі аса маңызды факторлардың бірі. Зай­ыр­лы мемлекет, сонымен қатар, азаматтық қоғам­ның құрамдас элементі ретіндегі діни бірлестіктердің қызметін де реттеп отырады. Мемлекет пен қоғам үшін діни алауыздық пен тағатсыздықтың өршуі қаншалықты қауіпті болса, заңдардың, адам құқықтары мен бостандықтарының аяққа басылуы да соншалықты қауіп туғызады. Сондықтан, зайырлылық сұхбатқа, өзара ынтымақтастық пен түсіністікке негізделеді. Ал зайырлы мемлекет заңдылық пен құқықты негізге алады. Соның нәтижесінде біздің зайыр­лылы­ғымыз – мемлекеттілік пен ұлттық қауіпсіздіктің берік тұғырына айналып отыр.

            Халқының рухы жоғары ел – қай уақытта болмасын мемлекетті дамытуға үлкен қауқары бар. «Жоғары руханият» ұғымының да дін саласына қатысты тұстары бар. Қазақ халқы ғасырлар бойы дінді руханилықтың негізі санап келді. Ұлттың рухани құндылықтары дін қағидаларымен үндесіп жатты. Ата дініміз – исламдағы адамгершілік, сыйластық, өзара құрмет, келісім, имандылық, білімге құштарлық, еңбекқорлық, отансүйгіштік, т.б. көптеген құндылықтар мен қасиеттер ұлтымыздың болмысында бұрыннан бар мінездермен астасып, рухани құндылықтардың қайталанбас кешенін құраған болатын. Яғни, дін руханияты дәстүрлі құндылықтарға негіз болып қаланды. Аталған рухани құндылықтарды тарихи дәуірлерде халқымыздың бойындағы шығар­машылық қабі­лет, өнерпаздық, ізден­­гіштік қа­сиеттер толықтырды. Өнердің сан саласы – сөз өнері, саз өнері, қол өнері, сәулет өнері туған топырағымызда өркендей дамыды. Далалық дүниетанымның сан-ғасырлық сүзгісінен өтіп, мәңгілік құндылықтарға негізделген дана дәстүрлер қалыптасты. Ұлты­мыздың ұлы тұлғалары дүние­жүзілік ғылымға өлшеусіз үлес қосты. Әсіресе, соңғы жүзжыл­дықтар қазақ ғылымы мен мәде­ниетін қарыштап дамытты. Ал тәуел­сіздіктен кейінгі кезең өрке­­ниетті дамуға даңғыл жол ашты. Бұл жетіс­тіктер ұлт дүниета­нымында орныққан рухани құн­дылықтар кешенімен сабақтасып, бүгінгі біздің жоғары руханиятымызды құрады. Қоғам құндылықтарды өзі сұрыптайды. Оның екі үдеріске бірдей сұранысы бар. Зайырлылық – біздің еліміздің жағдайында бірден-бір ыңғайлы, әмбебап әрі тарихи тұрғыдан қалыптасқан мемлекет сипаты болып табылады. Оның насихатталуы мен нығаюы қоғам тұрақтылығына сөзсіз игі әсер етеді.

Зайырлылықты күшейту – дінді әлсірету деген сөз емес. Зай­ырлылық қанша күшейтілсе де, діни қызмет өз арнасымен жалғаса береді. Діни қызметпен санаспауға болмайды, жай ғана санасу емес, оның сапасы мен нәтижесін жіті назарға алып отырған жөн. Дін саласындағы қызмет бағыттарын күшейту – дінді күшейту емес, діни қызметті назарда ұстауды күшейту деп ұғынылғаны абзал. Дін дегеніміз тек сенім жүйесі емес, ол – өмір сүру мәнері, қарым-қатынас әдебі, моральдық нормалар жиынтығы, жақсы мен жаманды, адал мен арамды ажыратушы рухани қағидалар жүйесі. Сондықтан, дін мәселесі – рух мәселесі. Дінге руханият негізі ретінде қарап, оның жасампаз құндылықтарын, рухани әлеуетін басты назарға алған жөн. Діннің рухани әлеуетін мәңгілік идеяларға, зайырлылық идеяларына пайдалануға болады. Сол арқылы барлық жоғалтқанымызды түгендеп, мызғымас құндылықтар қалыптастыра аламыз. Дәстүрлі рухани құндылықтардың негізінде де дәл осы дінді руханиландыру үдерісі жатқанын ұмытпаған жөн. Ал, дәстүрлі құндылықтар – қазіргі зайырлы қоғамдардағы әлеуметтік-саяси қатынастарды реттеуші және ішкі саяси үдерістерді тұрақтандырушы негізгі фактор­лардың бірі. Бұл факторға Қазақ­стан қоғамы ғана емес, бүкіл әлемдік қоғамдастық, соның ішінде, әсіресе, тарихи тағдыры өзіміз­бен ортақ ТМД елдері баса назар аударуда. Қазір кеңестік кезеңнен кейінгі кеңістікте ел тұтасты­ғын сақтау мақсатында дәстүрлі құндылықтарды жаңғыртудың қарқынды үдерісі жүруде. Осы орайда радикалды діни ағымдар идеологиясының ең жағымсыз ықпалы дәстүрлі рухани-діни құндылықтарды ыдырату арқылы діни сананы өзгерту үдерісі болып отырғанын атап айту қажет. Өйткені, кез келген жат ағым қоғамда қалып­тасқан құндылықтарды күйрету арқылы өзін орнықтыруға ұмтылады. Ал бұл өз кезегінде дәстүрлі құндылықтармен бірге ішкі тұрақтылықтың әлсіреуіне алып келеді. Сондықтан ұлтты қалыптастырған құндылықтарды қорғау елдің ішкі тұрақтылығы мен мемлекет іргесінің бүтіндігін қорғау болып табылады. Жалпы, «зайырылылық» қағидатына сүйене отырып, кез келген адам өзінің ата дінін қорғай алады және оны дамытуға мүмкіндігі бар. Сонықтан, Қазақстандағы зайырлылық – демократиялық болашаққа алып баратын төте жол екенін әрбіріміз жіті түсінуіміз керек!..

 

Дінмұхамед Аязбеков

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға